Атырау облысы әкімдігінің қолдауымен, Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігінің Республика көлеміндегі археологиялық қазба жұмыстарын жүргізуге арналған 2020 жылғы жұмыс жоспарына сәйкес Атырау облысы Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының Атырау облысы тарихи-өлкетану музейі Қызылқоға ауданы, Миялы (Жангелді) қорғандар тобының 3 қорғанына археологиялық қазба жұмыстарын жүргізді.
Миялы қорғандар тобы Қызылқоға ауданы, Миялы селосынан солтүстік шығысқа қарай 6 шақырым, Жангелді елді мекенінен 2 шақырым қашықтықта орналасқан 18 үлкен, орта және ұсақ үйінділерден тұратын қорғандар кешені шығыс-батыс осі бойынша орналасқан, ұзындығы 1,200 км.
Обалар б. э.д II ғ. - б.э XI ғ. аралығын қамтиды. Обалар негізінен жергілікті биіктеу жал жер қыртысына орналасқан. Жер жынысы құмайтты топырақтан тұрады. Қорғандар оңтүстіктегі 1 км қашықтықтағы жер беті қыртысының жалаңаштау учаскелерімен салыстырмалы түрде қарасақ, жұмсақ "биік" беткейге орналасқан. Ескерткіштерді алғаш рет 2017 жылы Атырау облысы тарихи-өлкетану музейі экспедициясы тауып тіркеген.
Далалаық маусымда зерттелген №1, №2, №17 қорғандарының үстіңгі бөлігінен шамамен X-XI ғасырларда Солтүстік Каспий маңын мекен еткен көшпелі тайпаларға тиесілі, астыңғы бөлігінен б.з.д.II ғ. ерте темір дәуіріне тиесілі қорғандар шықты.
Үш қорғанға жүргізілген қазба жұмыстары нәтижесінде 560 жәдігер табылған болатын. Атап айтқанда:
- сары түсті метал жапсырмалары (алтын) - 96 дана, (пирамида, дөңгелек, дөңесті, фалга, жіп),
- Күміс - 182 дана (ат әбзелдерінің жапсырмалары, адам белбеуі, жапсырмалар),
- Қола 254 дана (сырға, білезік, әшекей, қола айна, жебе ұштары, патера),
- Керамика 4 (құмыралар),
- Әйнек 1 (5 бөлікткен ыдыс бөлігі),
- Темір 2 (қайшы, пышақ),
- Қорғасын 1 (амулет),
- Мата 6 (киім қалдықтары),
- Тас 7 (ұршық тас, өңделген тастар),
- Сүйек 1 (6 бөлшек, өңделген сүйектер),
- Ракуша 3,
- Паста 2 - моншақ.
Аталған құндылықтардың бір бөлігі Қызылқоға ауданының орталығындағы аудандық музей қорына тапсырылатын болады.
Тарихи құндылықтардың құндылығын жойып алмау үшін биылғы жылы тоналмай шыққан ер адам жасауларымен атап айтқанда, темірден жасалған сауыты мен ұзындығы 1 метр семсер және патера табылуына байланысты арнайы тасымалдау арқылы музейге әкелінді. Қазіргі уақытта қабір толық ашылған жоқ. Алматы қаласынан қалпына келтіруші Қырым Алтынбековтың қатынасуымен аталған жұмыс жасалатын болады. Бұндай құндылық бұрын соңды археологиялық қазбалардан толығымен шықпаған болатын. Сонымен қатар, өлкемізде жүргізілген қазба жұмыстары кезінде X-XI ғасырларда өмір сүрген тайпалардың құндылықтары алғаш рет табылуына байланысты, сақталған бас сүйектерін қалпына келтіру жұмыстары да жүргізілетін болады.
Археологиялық қазба жұмыстарының жетекшісі музей басшысы Рашида Харипова, ғылыми жетекші тарих ғылымдарының кандидаты Марат Қасенов. Қазба жұмыстарына Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің доктаранты, археолог Амангелді Зайнов, топограф Дидар Төлеуов, отряд жетекшілері археология ғылыми-зерттеу секторының меңгерушісі, педагогика ғылымдарының магистірі Айдос Қалшабаев, тарих ғылымының магистрі Ерлан Тілекқабылов, музей маманы Баубек Жұмабай және Ернар Жақсылықов қатысты. Қазба жұмыстарына Миялы және Жангелді елді мекендерінің жастары да қатынасты.