Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың: «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» бағдарламалық мақаласы аясында, «Туған жер-тұғырым» атты өлкеміздің тарихи-мұрасын насихаттау мақсатында «Музейлік квест-4» интелектуалды ойынының жаңа маусымы Атырау облысы тарихи-өлкетану музейі
мен Қазақстан-Атырау телеарнасымен бірлескен «ATYRAU-KVEST» тележобасы ретінде ұсынылды. Тарихи-мәдени құндылықтарды дәріптеуде бүгінде көпшілік арасында танымал болған квест ойындары көрермен арасында қызығушылық тудырып, қазіргі таңда үлкен сұранысқа ие болып отыр.
2019 жылдың қыркүйек айынан бастау алған «ATYRAU-KVEST» тележобасының алғашқы айналымына барлығы 17 команда қатысып, соның ішінен 7 команда «Caspian news» телеарнасы, «Пікірсайысшылар», «Атырау пікірсайысшылар орталығы», Атырау облыстық «Төтенше жағдайлар департаменті», «Жас кәсіпкерлер», Атырау облыстық «Өңірлік коммуникация қызметі», Атырау облыстық «Қоғамдық-саяси газеті» қызметкерлерінен құралған командалар екінші кезеңге жолдама алды.
«ATYRAU-KVEST» тележобасының екінші іріктеу кезеңінің алғашқы ойындары қаңтар-ақпан айы аралығында өткізіліп, оған 7 команда қатысты. Қатысушы командалар «Хан Ордалы-Сарайшық» музей-қорығында, Шармардан Сариев атындағы көркемсурет және қолданбалы сәндік өнер музейінде, Ғ.Сланов атындағы Атырау облыстық ғылыми әмбебап кітапханасында, Махамбет Өтемісұлы атындағы академиялық қазақ драма театрында, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің музейінде, «Ембімұнайгаз» АҚ музейінде, Сафи Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінде ұйымдастырылған бас қатырар ой жұмбақтардан, түрлі сұрақтардан құралған квест тапсырмаларын орындады.
Қиындығы мен қызығы қатар жүретін квест ойындарының іріктеу кезеңдерінен іркілмей өткен Атырау облыстық «Өңірлік коммуникация қызметі» өкілдері, «Жас кәсіпкерлер», «Атырау пікірсайысшылар орталығы», «Пікірсайысшылар» командалары, яғни барлығы 4 команда жартылай финалға жолдама алды.
Елімізде орын алған төтенше жағдайларға байланысты квест ойындары наурыз-мамыр айларында уақытша тоқтатылып, жартылай финал маусым айында өткізілді. Жартылай финалда командалар жеребе суыру арқылы өздерімен бірге ойын көрсететін қарсылас командаларын таңдау арқылы өзара екі-екі команда бойынша топтастырылып, қалаішілік тарихи нысандарды, ескерткіштерді, тарихи тұлғаларға байланысты тақтайшалар мен көше атаулары бойынша тапсырмаларды велосипед тебу арқылы орындап, бақтарын сынаған командалар ішінен 2 команда ақтық кезеңге жолдама алды.
14 шілде күні көрерменнің көзайымына айналған «ATYRAU-KVEST» бағдарламасы қорытындыланды. 17 топ бақ сынаған бұл телесайыста өлке тарихы, ерекше ескерткіштер, аймақтағы көрнекті орындар туралы дерек қамтылды.
Карантиндік шектеулерге байланысты квесттің ақтық кезеңі де ерекше өтті. Зум бағдарламасы арқылы тікелей байланысқа шыққан «Өңірлік коммуникация өкілдері» қызметінің мамандары мен «Жас кәсіпкерлер» салт-дәстүрге, мақал-мәтел, ұлттық ойын, ырым-тыйымға қатысты сұрақтарға жауап берді. Нәтижесінде қос команда бірдей ұпай санымен ерекшеленіп, қоржынға алтын жүлделерін салып, Абай туған топыраққа жолдама алды.
2020 жылдың 21 маусымында «Атырау» телеарнасының ғимаратында медиа-аудитория залында марапаттау рәсімі өтті. Сыннан сүрінбей өтіп, айтулы жобаның жеңімпазы атанғандар Атырау облыстық «Өңірлік коммуникация өкілдері» қызметі мен «Жас кәсіпкерлер» командалары Алғыс хаттармен марапатталып, Ұлы ақын Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына орай, Абайдың отаны Шығыстың әсем қаласы Семей өңіріне жолдама берілді.