Атырау облысы тарихи-өлкетану музейінде 13 желтоқсан күні Тәуелсіздік күніне орай айтулы күннің ел тарихындағы маңыздылығын студенттерге жеткізе отырып, бабаларымыздың тәуелсіздік жолындағы ерлігін айқындай келе, сол арқылы өз Отанын сүюге, патриоттық сезімді қалыптастыру мақсатында «Тәуелсіздік – мәңгілік ел мұраты» атты тарихи-тағылымдылық сабағы өткізілді.
Ұлттық тарихтың, дәстүрдің, салт - сананың мызғымас тірегі болған – Тәуелсіздік күні, бүгінде көлемді түрде тойланып, патриотты ұрпақ тәрбиелеуге мол үлесін қосар ұлы мереке.
Тағылымдылық сабағы Атырау облысы тарихи-өлкетану музейінің конференция залында Атырау Жоғары медициналық колледжінің студенттеріне жүргізілді. Тәрбиелі, тағылымы мол ашық сабақ ҚР Мемлекеттік гимнімен ашылды. Патриоттық сабағын жүргізу барысында студенттерге «Тәуелсіздік», «Егемендік» ұғымдарын кеңінен аша отырып, ел тәуелсіздігіне сипаттама жасалды.
Қатысушы студенттерге берілген тақырыпқа жалпы кіріспе келтіріліп, экранда «Тәуелсіздік жолында...» атты видеоролик ұсынылды. Студенттер өткізілген сабақ барысында егеменді еліміз, тәуелсіз Қазақстан туралы берілген сұрақтарға жауап бере отырып, өз білімдерін ортаға салды. Сондай-ақ, бұл күннің тууына бірден бір себепші оқиға Желтоқсан көтерілісі тақырыбы да қозғалып, желтоқсан құрбандарының батылдық, батырлық, қайсарлық қасиеттері келер ұрпаққа насихатталды.
«Жас ұрпақтың көзімен...» айдарында қатысушы студенттердің ой пікірін қалыптастырып, дамыту мақсатында Тәуелсіз елдің келер жастарына топтық тапсырмалар ретінде «Ұлы тұлғаларымызды ұлт жанында сақтау», «Сапалы білім – жарқын болашақ», «Дәстүр – ұлттық тәрбие бастауы», «Денсаулық зор байлық» атты еліміздегі өзекті мәселелері берілді. Жұмыс нәтижесінде студенттер берілген тақырыптар бойынша постер қорғап, ойларын ортада салып, өзіндік ұсыныстары мен пікірлерін білдірді.
Тәуелсіздік күніне орай ұйымдастырылған тағылымдылық сабағында қатысушы студенттер қорытынды кезеңінде өзіндік ойларын жинақтай келе «Тәуелсіздік – бұл...» бастауымен қысқаша тұжырымдама жасады. Айтылған тұжырымды пікірлерін стикер парағына жаза отырып, «Тәуелсіздік ағашының» айналасына орналастырды.
Өткізілген шараға жалпы 25 студент жетекшісімен бірге қатысты.