«Золотое наследие Казахстана» көрмесі

питер 3Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігі мен Атырау облысы әкімдігі, Атырау облысы Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының Атырау облысы тарихи-өлкетану музейі Қазақстан Республикасының Санкт-Петербургтегі консулдығының қолдауымен Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақалалары аясында 2019 жылдың 15 қараша  күні сағ. 11.00-де Ресей Федерациясының Санкт-Петербург қаласындағы Ресей Этнографиялық музейінде «Золотое наследие Казахстана» көрмесінің ашылу салтанатын ұйымдастырды.  

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасы Н.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақалаларында «Кейінгі жылдары табылған тарихи жәдігерлер біздің бабаларымыздың өз заманындағы ең озық, ең үздік технологиялық жаңалықтарға тікелей қатысы бар екенін айғақтайды. Бұл жәдігерлер Ұлы даланың жаһандық тарихтағы орнына тың көзқараспен қарауға мүмкіндік береді» деген болатын. Осыған орай көрме музей қорындағы Сарматтар кезеңіндегі тарихи құндылықтарды Ресейдің солтүстік астанасының тұрғындары мен қонақтарына заманауи үлгіде насихаттауды мақсат етті.

Көрменің ашылу салтанатында Ресей этнографиялық музейі директорының ғылыми істер жөніндегі орынбасары Елена Герасименко, Санкт-Петербург қаласындағы Қазақстан Республикасының Бас консулы Бауыржан Досманбетов, суретші-реставратор, «Қырым аралы» ғылыми қалпына келтіру орталығының негізін қалаушы Қырым Алтынбеков,   Санкт-Петербург заң шығару жиналысының заңнама Комитеті төрағасының орынбасары Дмитрий Тугов, Санкт-Петербург үкіметі атынан Санкт-Петербург конгресс-көрме бюросының Бас директоры Андрей Мацариндер сөз алып, екі ел арасындағы ынтымақтастық пен мәдени қарым-қатынасты дамытатын, тарихи құндылықтарды дәріптейтін көрме жұмысына сәттілік тіледі.

Шарада сөз алған ҚР Парламенті сенатының депутаты Нұртөре Жүсіп «Бүгін біздің еліміздің өте үлкен мұрасы, мәдени мұрамыз, Атырау облысы тарихи-өлкетану музейінде сақталған - Қазақстанның алтын мұрасымен танысуға мүмкіндік аласыздар. Қазақстан кең байтақ  - үлкен ел. Ең бірінші Алтын адам Алматы облысынан табылған болса, алдарыңыздағы Қазақстанның Аралтөбеден табылған екінші Алтын адамы.  Қазақстанда бүгінге дейін 6 алтын адам табылды.  Бұның бәрі қазақ халқының тарихы тым тереңде жатқанын білдіреді» деді.

Өз кезегінде сөз алған музей директоры Рашида Харипова бүгінгі көрменің маңыздылығына тоқталып, VIII  Халықаралық мәдени форум аясында көрме ұйымдастыруға қолдау көрсеткен Қазақстан Республикасының Санкт-Петербургтегі Бас консулы Б.Досманбетовке және Ресей Этнографиялық музейінің директоры В.Грусманға ризашылығын білдіріп, алғыс хат табыс етті.

2019 жылғы 7 қарашада Омск қаласында Қазақстан мен Ресейдің ынтымақтастық жөніндегі XVI өңіраралық форумы аясында Мәдениет министрлері Ақтоты Райымқұлова мен Владимир Мединский Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі мен Ресей Федерациясының Мәдениет министрлігі арасында 2020-2022 жылдарға арналған жаңа ынтымақтастық бағдарламасына қол қойған болатын.

Осы бағдарламаны негізге ала отырып, Ресей Этнографиялық музейі мен Атырау облысы тарихи-өлкетану музейі көрме аясында әріптестік меморандумға қол қойды. Меморандумды  орындау мақсатында  тараптар екі жақты  ынтымақтастық үшін келесі бағыттарды белгіледі:

  1. Тараптар ел өміріндегі тарихи, мәдени оқиғаларға байланысты алдағы атқарылар жұмыстары туралы ақпараттармен алмасады;
  2. Ғылыми-практикалық конференциялар,  симпозиумдар , шеберлік сағаттары мен дөңгелек үстелдерді өткізу, оқыту курстары,   студенттерді іс-тәжірибеден өткізуді ұйымдастыру;
  3. Тарихи жоғары маңызы бар бірегей экспонаттарды іздеу, көшірмені бірлесіп жасау, этнографиялық экспедицияларды ұйымдастыру.
  4. 2020 жылы Ұлы Отан соғысының 75 жылдығына орай Ресей Этнографиялық музейі Атырау облысы тарихи-өлкетану музейінде батыр қаланың тарихын баяндайтын көрме ұйымдастыру,
  5.  2021 жылы Ресей Этнографиялық музейінде Атырау облысы тарихи-өлкетану музейіндегі зергерлік бұйымдар коллекциясынан көрме, көрме аясында шеберлік сағаттар мен зергерлік бұйымдар жәрмеңкесін  ұйымдастыру.

Көрменің лентасын қию рәсімі Ресей этнографиялық музейі директорының ғылыми істер жөніндегі орынбасары Елена Герасименкоға, Санкт-Петербург қаласындағы Қазақстан Республикасының  Бас консулы Бауыржан Досманбетовке, суретші-реставратор, «Қырым аралы» ғылыми қалпына келтіру орталығының жетекшісі Қырым Алтынбековке және Ресей этнографиялық музейі шетел бөлімінің меңгерушісі Жанна Чистяковаға жолданды. 

Көрменің ашылу салтанатында болған қонақтар қатарында Пәкістан Ислам мемлекетінің Құрметті консулы Абдул Рауф Ринд, Корей елінің  Бас  консулы Квон Док Сок,  Санкт-Петербург қаласының Құрметті тұрғыны, СПбГУ-дің  шығыс тілдері факультетінің оқытушысы Юсупов Эржан болды. Сондай-ақ осы көрмеге  Қазақстаннан арнайы делегация келіп, оның құрамында Аралтөбе қорымына жүргізілген қазба жұмыстарына қатынасушы археолог, Орыс географиялық қоғамының мүшесі Вячеслав Плахов, Миялы қорғандарына жүргізілген қазба жұмысының жетекшісі, Тарих ғылымдарының кандидаты Марат Қасенов, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің Қазақстан және дүние жүзі тарихы кафедрасының қауымдастырылған профессоры Әния Ермағамбетова болды. Шараның барысын  Қазақстан Ұлттық арнасының  журналистерінің қатысуымен түсірілім жасалды.

Көрмеге түп тамырымыздың тектілігін айқындайтын музейдің құнды жәдігері - Аралтөбеден табылған Сармат көсемінің мүсіні, сармат кезеңінің мұралары - алтын жапсырмалар,  қыш ыдыстар, жебе ұштары, моншақтар, қола айналар, құмыралар және басқа бірегей артефактілер, барлығы 600-ге тарта жәдігер қойылды.

Шетелдіктердің назарына алғаш рет ұсынылып тұрған музей жәдігерлерінің тарихын Атырау облысы тарихи-өлкетану музейінің экскурсоводы Ғалия Назарбекова кеңінен таныстырды.  

Көрмемен таныс болған  Санкт – Петербург үкіметінің туризмді дамыту комитетінің елшісі Андрей Мацарин өз пікірінде:  «Алтын адам екі жақтың туристік саласын дамытуда басты құрал деп білемін. Петербург туристік қала ғой. Менің  ойымша, осы көрмеден кейін Сіздер жаққа туристер ағылады. Өйткені Алтын адам түрлі ұлттың қызығушылығын оятып отыр» десе, Қазақстанның Санкт – Петербургтегі Бас Консулы Бауыржан Досманбетов: «Менің ойымша осы көрме Қазақстан мен Ресей арасындағы екі жақты мәдени қарым – қатынасына үлкен үлесін қосады» деп баға берді.

Шара барысында Н.Жантөрин атындағы Атырау облыстық филармониясы жанынан құрылған «Мұрагер» фольклорлық ансамблі қазақтың ұлттық күйлерін нақышына келтіре орындап, көрермендерді тәнті етті. Көрермендер пікір кітабына қолтаңбаларын қалдыра отырып, көрменің құрылуынан бастап,  туристер үшін  маңызды ақпараттар үш тілде дайындалғаны әрі басқа да маңызды мәліметтер сенсорлы экран арқылы берілгені үшін ұйымдастырушыларға ризашылығын жеткізді.  Көрмені арнайы шақырылған қонақтардан басқа әлемнің түкпір-түкпірінен келіп форум жұмысына қатысушылар, барлығы 500-ден аса адам тамашалады.

питер 3 питер 1

питер 11 питер 7

питер 13 питер 1

питер 6 питер 8

питер 12 питер 5

питер 14 питер 2

питер 4 питер 10

 

 

 

 

«Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейі» КМҚК

 

Атырау қаласы, Б. Момышұлы көшесі, 3

Тел. 8 (7122) 32-36-64, 8 (7122) 32-29-12

Email: atyrau-museum@mail.ru