Атырау облысы тарихи-өлкетану музейінде 19 қараша қолөнер шебері, суретші Қалиев Нұрсұлтан Молдағұлұлының шеберлік сағаты өтті.
Шеберлік сағаты Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында қолөнерді үйрету арқылы ата-бабадан қалған салт-дәстүрімізді құрметтеуге және халқымыздың қолөнерін дәріптеуге тәрбиелеу мақсатында ұйымдастырылды.
Сабақ қолөнер шебері Нұрсұлтан Молдағұлұлына арналған видео- фильмнен басталды. Онда шебердің қолөнер жолындағы еңбек жолдары және жеке шеберханасындағы жасалған қолөнер туындылары көрсетілді.
Н.Қалиев «Бәрі де сол 12 жасымда ағаш жарып, үйге отын тасып жүрген кезімде басталды. Шабылған ағаштардың пішініне қарап отырып көзбен түрлі мүсін салатынмын. Бірде пышақпен қыран құстың мүсінін жасадым. Бұл туындымды еңбек сабағыңда жақсы бағалады», - деп еске алды.
Шеберлік сағатында студенттерге ағаштан жасалатын кәдесыйлардың жасалу жолдары, тері және металды қалай пайдалану керектігін көрсетті.
Сонымен қатар Н.Қалиевтің музей қорына тапсырған қолөнер туындылары көне музыкалық аспаптары – домбыра, асатаяқ, тұяқтас, дабыл, дауылпаз және ағаш тегене ыдысынан көрме жасақталып, олардың жасалу жолдарына тоқталып өтті.
Шеберлік сағатына Қ.Дүтбаева атындағы Атырау гуманитарлық колледжінің тарих пәні мұғалімі А.Садықова және студенттері қатынасып, «Технология» мамандығының оқытушысы Б.Берғалиева музей ұжымына ризашылығын білдірді.
Сабақта «Бейнелеу өнері және сызу» бөлімінің 4 курс және «Көркем еңбек» мұғалімі мамандығының 1 курс студенттері дәріс алып, барлығы 45 көрермен тәжірибе алмасты.