Атырау облысы тарихи - өлкетану музейінде 2019 жылдың 3 қазан күні ҚР Тұңғыш Президенті, Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында рухани құндылығымызды насихаттай отырып, «Ұлы дала тарихы» тақырыбында Исатай ауданының күндері өткізіледі.
Салтанатты шараға ауданының бір топ Құрметті азаматтары, еңбек ардагерлері, өнер және мәдениет мекемелерінің қызметкерлері, Қ.Дүтбаева атындағы гуманитарлық колледждің студенттері мен ұстаздары, №5546 әскери бөлімінің сарбаздары, «Нұр Отан» партиясы төрағасының орынбасары Б.Қарабаев және дәстүрлі әнші, ҚР Мәдениет қайраткері Гүлмайдан Сүндетова қатынасты.
Исатай ауданының тарихымен таныстырып, тарихи құндылықтарын жастарға, облыс тұрғындары мен қонақтарына насихаттау мақсатында ұйымдастырылған шара Ш.Шәріпов атындағы балалар саз мектебі оркестрінің сазды бағдарламасымен басталып, қолөнер шеберлері бұйымдарының және аудан көрмесінің таныстырылымымен жалғасты.
Көрермендер Этнография залында ауданға қарасты 4 елді мекеннен келген қолөнер шеберлерінің бұйымдарын тамашалап, тоқыма өнерінің шебері Әлия Өмірзақованың шеберлік сағатына қатынасса, жаңа залдан аудан тарихынан сыр шертетін «Ұлы дала тарихы» тақырыбында көрмені тамашалады. Көрмеге сұрапыл соғыс жылдары аудан шаруашылығын өркендетуге қосқан үлесі үшін еңбеккерлерге берілген Қызыл ту, елімізге белгілі Нарыннан шыққан тума-таланттардың жеке заттарыннан бастап этнография, мәдениет және мұнай саласы бойынша барлығы 274 жәдігер қойылды.
Шара барысында сөз алған мәслихат аппаратының басшысы Мүтиғолла Насиханов, Исатай ауданының «Құрметті азаматы», Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі Мұрат Бектенов қатынасушыларға аудан тарихы туралы қысқаша шолу жасап, шараға қатынасушыларға алғыстарын білдірсе, «Нұр Отан» партиясы төрағасының орынбасары Б.Қарабаев шараның маңыздылығына тоқтала келе, көпшілікке рухани азық болар «Түпкі тарихты жетік білу – мәңгіліктің бастауы» екенін айтып өтті.
Атырау облысы тарихи - өлкетану музейінде орналастырылған көрмені барша көрермендер 3-13 қазан аралығында музей залынан тамашалайтын болады.