Атырау облысы тарихи-өлкетану музейінде 2019 жылдың 18 қазан күні сағ: 11.30-да Құрметті геолог, геология минерология ғылымдарының кандидаты Қасым Тұхфатұлын еске алу кеші болып өтті. Сонымен қатар, шараға қатынасушы қонақтардың назарына ғалымның өмірдерегінен «Даланың асыл перзенті» атты экспозициялық көрмесі жасақталып ұсынылды.
Геолог-ғалым Тұхфатов Қасым Тұхфатұлының Атырау өлкесіне жасаған түрлі барлау, геологиялық экспедиция жұмыстарындағы еңбек жолын саралай отырып, бүгінгі жас ұрпаққа оның еңбектерін насихаттау мақсатында ұйымдастырылған еске алу кешіне Қасым Тұхфатұлының көзін көрген ел ағалары, өзі қызмет атқарған Индер ауданының азаматтары, Облыстық ардагерлер кеңесінің ардагерлері, колледж студенттері, жұбайы Қанзиба Өтеулиева, туыстары, ұрпақтары және музей қызметкерлері қатынасты.
Қасым Тұхфатұлы 1933 жылы Атырау облысы, Махамбет ауданы, Бақсай ауылында дүниеге келген. 1950 жылы Жаманқала (Махамбет) орта мектебін тәмамдап, Қазақ ұлттық тау-кен институтының геологиялық барлау факультетіне оқуға түседі. 1955 жылы институтты бітіріп, жолдамамен Индер геологиялық- барлау экспедициясының іздестіру отрядына геолог қызметіне жұмысқа алынып, өзінің алғашқы еңбек жолын бастайды. 1958 жылы Қазақстан Геология министрлігі мен Ғылым Академиясы комиссиясының құрамында болып, борат кен орындарын және борлы калий тұзының түзілуі, Индер көлі маңындағы тұз, құрылыс материалдарының геологиялық-барлау жұмыстарын жүргізуге басшылық жасайды. Борат, бор-калий тұздары мен тұнба ас тұзын іздеу және барлау бойынша 35 геологиялық есептемелердің авторы.
Қасым Тұхфатұлы еңбек жолында 1964-1982 жылдары экспедицияның бас геологы, 1983 жылдан 1988 жылы зейнеткерлікке шыққанға дейін Индер геологиялық-барлау экспедициясының басшысы қызметін абыройлы атқарады. Осы уақыт ішінде бар байлықты бауырына басқан Индер күмбезін ашып қана қоймай, кеннің соншалықты маңызын, халық шаруашылығына тигізер пайдасын зерттеп, 1987 жылы Алматыда ғылыми кеңес алдында өзінің ұзақ жылғы зерттеулерінің нәтижесі бойынша геология-минералогия ғылымдарының кандидаттық диссертациясын сәтті қорғап шықты.
Батыс Қазақстандағы минералдық шикізаттар қорын барлап, ашудағы қажырлы еңбегі үшін КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен «Құрмет белгісі» орденімен, «Ерен еңбегі үшін», «Еңбек ардагері» медальдарымен марапатталады. Ол «Қазба байлықты барлаудың үздігі», «Кен барлаудағы ерен еңбегі үшін» төсбелгілеріне, бірнеше рет Құрмет грамоталарына ие болды.
1980 жылы «КСРО-ның құрметті кен барлаушысы» атағын Кеңес Одағы бойынша алған 7-ші тұлға. 1981 жылы Х бесжылдық қорытындысымен есімі «Қазақстанның Алтын Құрмет кітабына» енді. Сондай-ақ, ол үш дүркін «Кен орнын алғашқы ашушы» төсбелгісімен марапатталды.
Қ.Тұхфатовтың «Калийные соли Казахстана» және «Условия образования и способы переработки галогенных боратов» атты күрделі екі монографиялық еңбегі жеке кітап болып басылып шықты.
Қ.Тұхфатовқа 1995 жылы «Индербор кентінің Құрметті азаматы» атағы берілсе, 2013 жылы «Индер ауданының Құрметті азаматы» атағы берілді. Ел үшін қажырлы еңбек еткен азаматтың есімін мәңгі есте қалдыру мақсатында, Индер кенттік округі әкімінің 2002 жылғы 4 ақпандағы шешімімен, кенттегі «Геолог» көшесіне Қасым Тұхфатов есімі берілді.
Атырау облысының әкімінің 2002 жылғы 12 мамыр шешімі негізінде ҚР-ның Үкіметі жанындағы ономастикалық комиссиясының ұйғарымымен Индер ауданындағы «Индерсалт» ЖШС-не қарасты № 99 кен орны тұз шахтасына Қасым Тұхфатовтың есімі берілді.
Алғашқы сөз кезегін алған Ұлттық ғылым академиясының академигі, геология-минералогия ғылымының докторы, профессор Муфтах Диарұлы Диаров Қасым ағайдың жан жолдасы ретінде өзінің жылы естеліктерімен бөліссе, қоғам қайраткері, Атырау облысының Құрметті азаматы Мадина Ғәбдісәлімқызы мен Атырау облысы ардагерлер кеңесінің жауапты хатшысы Тілекқабыл Исламғалиұлы асыл аға жөнінде көрермендерге біраз сыр шертті. Қасым Тұхфатұлының жары Қанзиба апай өз кезегінде ағайды ұмытпай, еңбектерін насихаттауда қызмет атқарып отырған Атырау облысы тарихи – өлкетану музейіне шексіз ризашылығын білдірді.
Алдыңғы толқын ағалардың ізгі дәстүрін, еңбек жолдарын ұрпақ жадында жаңғыруға бағытталған шарамызды Атырау облысы тарихи-өлкетану музейінің бас қор сақтаушысы Естенова Ләззат Естенқызы қорытындылап, келген қонақтарға зор ризашылығын білдіріп, Қанзиба апайға гүл шоқтарын тарту етті.
Шараға жоғарыда есімдері аталған қонақтардан өзге, Д.Нұрпейісова атындағы Академиялық халық аспаптар оркестрінің артистері, Атырау индустриалды колледжінің студенттері, бұқаралық-ақпарат құралдарының өкілдері, барлығы 50 (елу) адам қатынасты.