Елбасының «Болашаққа бағдар-рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында «Қазақстанның Киелі жерлер географиясы» жобасына байланысты «Жас қоғам» ЖБДҚ ЖҚ тапсырысына сәйкес Атырау облысы тарихи-өлкетану музейінің ұйымдастыруымен Атырау облысының ішкі туризмі бойынша Махамбет-Индер, Мақат-Жылыой және Атырау қаласы аумағында орналасқан 35 тарихи орындар мен ескерткіштерге экскурсия жүргізілген болатын.
27 қыркүйек күні Махамбет-Индер бағыты бойынша Ортағасырлық Сарайшық қалашығының орнындағы қазба жұмыстарына, зар заман ақыны Мұрат Мөңкеұлы кесенесіне, аңызға толы Тұздыкөл, Қыз әулие, Мұздыбұлақ, дауылпаз ақын Махамбет Өтемісұлы және Сырым батырға берген батасымен халық есінде қалған Малайсары би Тілеукеұлы кесенесіне- барлығы 7 тарихи орынға экскурсия жүргізілді. Экскурсия тыңдаушылары Сарайшық қалашығы орнына жүргізіліп жатқан қазба жұмыстарының барысымен танысып, тылсым сырға толы тарихымен танысса, Қыз әулие, Мұздыбұлақ және Тұзды көлге қатысты ел аузында сақталып, бүгінгі күнге жеткен аңыз әңгімелермен сусындаған тыңдармандар тарихи орында алғаш болғандықтан өлкеміздің киелі жерлеріне экскурсия ұйымдастырушыларға ризашылығын білдірді.
28 қыркүйек күні Мақат және Жылыой бағыты бойынша Оңай ата, Байбақты ата, Құлсары ата, Құлсары қаласындағы сарматтық Алтын адам ескерткішіне, Құлшан ата, Аралтөбе қорғанына және Қасиетті Ақмешітке- барлығы 7 тарихи орынға саяхат жасалды. Бекітілген кестеге сәйкес негізі Дүйсеке ата мешітіне бару жоспарланған болатын, алайда ауа-райының қолайсыздығына байланысты бағыт өзгеріп, оның орнына заманында халқына жомарттығымен аты шыққан, бүгінде қалаға аты берілген Құлсары ата мазарына барумен жалғасты.
Биылғы жылы табылғанына 20 жыл толып отырған Қазақстан тарихындағы екінші «Алтын адам» жерленген Аралтөбе қорымының ерекшелігі диаметрі 40 метрге жуық, күн шапағы тәрізді дөңгелек, жоғарғы төбе бөлігі 4 бөлікке, ал төменгі бөлігі 12 бөлікке бөлінген. Бұл сарматтар түсінігіндегі жылдың 12 айы мен жылдың 4 мезгілін білдірсе керек. Алтын адам табылған зираттан болат семсер табылуы сенсациялық жаңалық болды. Металл қорыту ғалымдар болжағаннан да ерте, яғни біздің эрамыздың 1-ші ғасырынан бастап қолданған екен. Бұл қорым сонысымен де құнды.
Ал, экскурсияның үшінші күнінде, яғни 29 қыркүйекте «Жұлдыз» мөлтек ауданы маңындағы ортағасырлық «Ақтөбе-Лаэти» қалашығының орны мен қала ішінде орналасқан ескерткіштерге, барлығы 21 тарихи ескерткіштерге экскурсия жүргізілді. Экскурсанттар қала аумағындағы ескерткіштермен таныса жүріп, Атырау өңірінде дүниеге келген алыптар шоғырына таңданыстарын жасырмады. ҚР Әнұранының авторы Ж.Нәжімеденов ескерткіші алдында әнұранды орындаса, поэзия падишасы Ф.Оңғарсынова ескерткіші алдында ақын өлеңдерін жатқа айтты.
Барлығы 35 тарихи орынға экскурсияны ұйымдастыруда музейдің Экскурсиялық-бұқаралық жұмыс бөлімінің меңгерушісі Л.Салихова мен аталған бөлімнің Жұртшылықпен жұмысты ұйымдастыру жөніндегі нұсқаушы Қ.Қашқылдықов экскурсиялық қызмет көрсетті.