Атырау облысы әкімдігінің қолдауымен Атырау облысы Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы, Атырау облысы тарихи-өлкетану музейі ҚР Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы «Туған жер» жобасы аясында тарихи-археологиялық зерттеу бағытында Х.Досмұхамедов атындағы АМУ-нің тарих ғылымдарының кандидаты М.Қасеновтың және Атырау облысы тарихи-өлкетану музейінің басшысы Р.Харипованың жетекшілігімен музей мамандары және арнайы жұмысшы топ құрылып, ағымдағы жылдың мамыр айының 18-нен 17 шілдеге дейін орта ғасырлық Ақтөбе-Лаэти қалашығына археологиялық қазба жұмысын жүргізді.
Қазбада 3 отряд жұмыс жасады. Отряд жетекшілері: Атырау облысы тарихи-өлкетану музейінің «Археология ғылыми-зерттеу» секторының жетекшісі А.Каримов пен сектор маманы Е.Тілекқабылов және «Өлке тарихын ғылыми-зерттеу» секторының маманы А.Рамазанова жетекшілік етті.
Ақтөбе-Лаэти қалашығы Атырау қаласынан 6 шақырым, қалаға қарасты Томарлы селосынан 2 шақырым қашықтықта Жұлдыз-3 ықшам ауданы маңында орналасқан.
Ақтөбе-Лаэти қалашығына алғаш қазба жұмысы 1965 жылы М.С.Мерщиевтің бастауымен жүргізілген. Жүйелі түрде қазу жұмыстарын КСРО ҒА Археология Институтының Еділ-Орал археологиялық экспедициясының жетекшісі Л.Л.Галкин 1975-1983 жылдары жалғастырған.
1989-1992 жылдары Батыс Қазақстан археологиялық экспедициясының басшысы З.Самашев және құрамындағы Гурьев отрядының жетекшісі В.К.Афанасьев қазба жұмыстарын жүргізіп, қала тарихының зерттелуіне бірсыпыра үлес қосты.
Кейін 2012 жылдары қазба жұмысын Х.Досмұхамедов атындағы АМУ студентерді практикалық жұмыстарын өткізген.
Бүгінгі таңда археологтардың зерттеулері нәтижесінде ежелгі мәдениет ескерткіштерінің табылуы, бұл жерде қаланың болғандығын халықтардың мекендегеніне бұл тартпас дәлел болып отыр.
Өйткені белгілі археолог К.Байпақовтың «Жайықтың төменгі жағында тағы бір ірі қалашық табылып зерттелді. Ақтөбе қалашығындағы қазба жұмыстар тұрғын үйлердің кан жүйесімен жылытылатынын анықтады» деген анықтамасына күні бүгінгі жүргізіліп жатқан қазба жұмысы нәтижесінде табылған жәдігерлер дәлел бола алады.
Қазіргі таңда жүргізілген археологиялық қазбаның аумағы 200м² жерді құрайды. Зерттеу жұмыстарын бастау алдында қазба орнында тазалау (жақын елді-мекен тастаған) яғни күл-қоқыстардан тазарту жұмыстары өткізілді. Қазба жұмыстары барысында топырақтың беткі қабаттарын аршу кезінде кездескен сүйектерден ірі-қара мен ұсақ малдардың (қой-ешкінің) көп болғандығын және балық сүйектерінің көптеп табылуынан балық аулаумен айналысқанын көруімізге болады.
Топырақ тазаланғаннан кейін құрылыстың кірпіші, қаланған қабырғаларының орны, тандырлар мен кандардың, ошақтардың іздері көріне бастады.
Археологиялық зерттеулер жүргізіліп жатқан бөлігінен байқағанымыз бөлмелердің пайда болуы, көптеген күл қалдықтарымен тандыр пештердің әр түрлі деңгейде табылуы, сақталған қабырғаларының өзгертілгеніне қарағанда бұрынғы іргетас үстіне жаңа тұрғын жайлар тұрғызылған болуы мүмкін. Ғимараттың сыртын түрлі түске боялған қаптама плиталармен безендірілген. Сондай-ақ қыш кірпіште құрылыста қолданылған материал болып табылады. Оларды үй қабырғасын, іргетасын тұрғызуға, еденге төсеуге, өзге де мақсаттарға қолданса керек.
Одан кейін топырақ бетін аршу кезінде қызыл және ақшыл-сары түсті қыш ыдыстардың және әр түрлі өрнектермен безендірілген сол кезеңге тән салынған өрнектер негізінен иректелген толқын тәрізді сызықтар, шырша тәрізді сызықшаларды көруге болады. Бұл өрнектер ыдыстардың ернеуі мен мойынынан бастау алып, бүйіріне және түбіне жақындау жерге горизонталды салынған.
Негізінен хумдар мен құмыралар, құмғандар, тостаған, кесе, ыдыстардың ернеулері мен бүйірлері, құлақтары мен кесенің түпкі бөліктері, сонымен қатар түрлі-түсті сырлы ыдыстардың да сынықтары көптеп шықты.
Одан басқа қазба жұмыстары барысында зергерлік бұйымдар ішінде ақық тастардан жасалған моншақтар мен сақиналар табылды. Тұрмыстық бұйымдар: ядро, ұршық басы, ілгектер, шырағдандар, шығыр, қайрақ тас, диірмен тас, әйнектер, метал құюға арналған қалып (тигель), металл қорытпаларының қалдығының кездесуінен шеберханалар мен өндірістік орындардың дамығандығын айтуға болады.
Қорыта айтқанда, бұл жерде барлық дерлік қажетті заттармен қамтамасыз етіп отырған тұтас бір экономикалық кешен болғандығын көрсетеді.
Қазба жұмысы нәтижесінде табылған 149 жәдігер музей қорына қабылданып, көп кешікпей музей экспозициясынан орын алмақ.