Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласына және Ұлттық домбыра күніне орай 7 шілде 2019 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Қасымжомарт Тоқаевтың қатынасуымен Нұр-Сұлтан қаласында өткізілген шараға Атырау облысы тарихи-өлкетану музейі қорынан домбыралар коллекциясының көрмесі ұйымдастырылды.
Қасымжомарт Кемелұлы домбыраның қасиетіне тоқтала келе, «Бүгінде қасиетті домбыра батырларға рух берген, ақындарға шабыт сыйлаған басты құндылығымызға айналуы тиіс»,- деді.
Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі мен Мәдениет басқармасының ұйымдастыруымен «Қазақ Елі» монументі алаңында өткізілген шараға музей қорынан аса құнды 32 домбыра қойылды. Көрмеге қойылған домбыралар коллекциясының құрамында көпшіліктің назарын өзіне аудартқан ерекше стильде жасалған Тыныбай Лекеровтың сүйектелген домбырасы болды. Тыныбай Лекеровтың қызы Сапураның айтуы бойынша домбыра Тыныбайға әкесі Лекерден, Лекерге оның әкесі Маймақтан қалған . Шамамен ХІХ ғасырдың басында (1800 жылдары) жасалған домбыраның құлағы мен мойнының сыртқы бетіне күміс және сүйек пластинкаларды уақ шегелермен шегелеп, Батыс Қазақстандық үлгідегі өрнек салған. Шанағы үшбұрышты өрнегі бар күміспен қиюластырылып, әшекейленген.
Домбыралар арасында 1836-1838 жылдар арасындағы Ұлт- азаттық көтерілісінің жалынды жаршысыс, ақын, батыр Махамбет Өтемісұлының домбырасы. Махамбет Өтемісұлының домбырасының көшірмесі 2003 жылы Атырау облысы әкімдігінің арнайы тапсырысымен жасалып, музей қорына табыс етілді. Домбыраны жасаған Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясының халықтық саз аспаптарын жасау шебері Мұса Әділов. Дыбысы біркелкі қоңыр. Домбыраның шанағы – үйеңкі ағашынан, сабы мен бет тақтайы көп жыл сақталған Тянь-Шань шыршасынан жасалған.
Өзгеше формадағы домбыралар қатарынан Дина Нұрпейісованың алмұрт тәріздес домбырасы да орын алған. Домбыраның мойын беті мен беттақтайына ұлттық нақышта ою-өрнектер, ат үстіндегі бүркітшінің бейнесі, тау мен жылқының суреті салынған. Дина Нұрпейісованың домбырасын Құрманғазы атындағы ұлт-аспаптар оркестрінің концертмейстері Тұяқ Шәмілов музей қорына 2000 жылы тапсырған.
Ерекше домбыралар қатарын Хамит Ерғалиевтің Түркіменстанның шеберіне арнайы жасатып, «Құрманғазы» поэмасын алғаш толғаған домбырасы толықтырады. Домбыраны музей қорына Хамит Ерғалиевтің ұлы Мұрат Ерғалиев 2001 жылы тапсырған болатын.
Дина Нұрпейісова атындағы республикалық «Бұлбұл домбра» байқауында Динаның кейпінде шығып өнер көрсеткен Әсима Ізмұхамбетованың домбырасы да халық назарына ұсынылды. Ол отызыншы жылдардың ортасында Алматыда өткен ауыл көркемөнерпаздарының республикалық фестиваліне қатысып, сол сайыста көп адам біле бермейтін Нарын өңірінің 62 туындысын орындап, рекорд жасаған. Құрманғазының нотаға түспеген «Қарт жігер», «Көк ала ат» және Мақаш күйшінің «Байжұма», Мүсірәлінің «Ақжелең» күйлерін халыққа жеткізуші. Әсима Ізмұхамбетованың домбырасын ұлы, сол кездегі Атырау облысының әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов 2015 жылы салтанатты түрде музей қорына тапсырған.
Қолөнер шебері, домбыра жасаушы Ізім Бекмағамбетовтың өзі жасаған домбырасы да көрменің көркін келтірген көрнекі экспонаттардың бірі болды. Оның бетіне «Ю.А.Гагариннің 50 жылдығына», шанағына «Байқоңыр. ҚССР. СССР», «Осы бір шағын туындымды облыстық тарихи-өлкетану мұражайына табыс етемін. Гурьев облысы, Индер ауданының соғыс және еңбек ардагері, қолөнер шебері Бекмағамбетов Ізім» деген жазулар ойылып жазылған. Бет тақтайындағы үлкен ойықтың орнына 3 кішкентай тесік салынған. Қос ішегі тұтас тиектің арасынан өткізіліп жасалған.
Қазақтың қасиетті киіз үйінде орналасқан көрмені 2000-нан астам адам тамашалап, осынау құнды жәдігерлерді Нұр-сұлтан қаласына әкеліп, арнайы көрме ұйымдастырғандары үшін ризашылықтарын білдірді.