6 шілде күні Атырау облысы тарихи - өлкетану музейінде ҚР Тұңғыш Президенті, Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында «Ұлттық домбыра» күніне орай домбыра аспабын жасаушы қолөнер шеберлері арасында «Үкілі домбыра» республикалық байқауы өтті.
Байқаудың мақсаты: Қазақ халқының ұлттық құндылықтарының бірі - домбыраның артықшылықтарын көрсете отыра, оның әуендік, әуездік жоғары мүмкіндіктерін анықтау. Ұрпақтан - ұрпаққа жалғасқан сан ғасырлық тарихы бар саз аспаптарын жасау шеберлігін жандандыру және насихаттау, жастардың ұлттық құндылықтарға деген қызығушылығы мен құрметін арттыру.
Байқауға республиканың Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары мен Атырау, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда, Маңғыстау, Түркістан, Шығыс Қазақстан облыстарында домбыра жасау шеберлері сайыстарында жүлделі орындарға ие болған 30 үміткер қатынасты.
Байқауда домбыраның үні таза, қоңыр, тембрі жұмсақ, құлаққа жағымды болуы, ішектің тербелісі жиі болуы, дыбысының неғұрлым алысқа жетуі, бет қақпағының жаңғырығы мол болғаны, басы мен аяғы бірдей «сөйлеуі», бауыры жұмсақ, мойны ыңғайлы келуі, домбыраның сырт пішіні эстетикалық тұрғыдан әсем және үйлесімді болуы 7 түрлі талап бойынша бағаланды.
Байқауға Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, күйші-сазгер, комиссия төрағасы Ш.Әбілтаев, мүшелері Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, Т.Қ.Жүргенов атындағы қазақ ұлттық өнер академиясының доценті М.Әбуғазы, «Бейбітшілік әлемі» халықаралық қазақ творчестволық бірлестігі Халықаралық қолөнер шеберлер одағының мүшесі, «Үкілі домбыра» байқауының Құрманғазы атындағы сыйлығының иегері А.Садуақасов, Д.Нұрпейісова атындағы Академиялық қазақ халық аспаптар оркестрінің көркемдік жетекшісі, әнші, термеші, ҚР «Мәдениет саласының үздігі», Құрмет орденінің иегері Қ.Кәкімов және Атырау облысы тарихи-өлкетану музейінің бөлім меңгерушісі Н.Қамиева бастаған қазылар алқасы қазылық етті.
Байқау барысында музейдің «Этнография» және «Өлке табиғаты» залдарында қолөнер шеберлерінің домбыра жасаудан шеберлік сағаттары және тері, ағаш бұйымдарынан көрме жәрмеңкесі ұйымдастырылды.
7 шілде күні жеңімпаздарды марапаттау Құрманғазы мәдениет сарайында өтті.
Байқау қорытындысы бойынша Бас жүлдені Батыс Қазақстан облысы, Алматы қаласының тұрғыны жеке кәсіпкер, домбыра жасау шебері Әсима Иманғалиева (жүлде қоры 500 мың теңге) қанжығасына байласа, І орынды Алматы қаласының тұрғыны Азат Үзенбаев, ІІ орынды Алматы қаласының тұрғыны Талант Тежекенов пен Алматы облысының тұрғыны Әсет Исекеев, ІІІ орынды Қызылорда облысының тұрғыны Мейірбек Ділманов, Алматы қаласының тұрғыны Ғайни Жұмабаев және Шығыс Қазақстан облысының тұрғыны Ерасыл Уалиев иеленді. Ал қалған қатынасушылар Алғыс хаттармен марапатталды. Жалпы қамтылған көрермен саны 600 адам.