2019 жылы 17 маусымда Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Жарлығына сәйкес, 23 маусым-Мемлекеттік қызметшілер күніне орай «Мемлекеттік қызметкердің музейдегі 1 күні» акциясы шеңберінде 4 мемлекеттік қызметкердің музей залдарына экскурсиясы жүргізілді.
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар-рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында мұнайлы өлкеміздің тарихын, мәдени құндылықтарын сақтай отырып, мемлекеттік қызметшілердің музей залдарына экскурсия жүргізіп жан-жақты дамыту, музейдің бір күндік жұмысымен танысу мақсатында ұйымдастырылды.
ҚР ауыл шаруашылығы министрлігінің Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетінің Атырау облыстық аумақтық инспекциясының жетекші маманы Асхат Үмбетжан «Тылсым дәуір», Қаржы басқармасының бас маманы Алдияр Мирамбаев «Этнография», Қалалық кәсіпкерлік және туризм бөлімінің бас маманы София Қазбаева «Археология», Жастар саясаты мәселелері басқармасының бас маманы Айгерім Құрманберлиева «Табиғат» залдарында экскурсия жүргізді.
Экспозицияны алғаш болып Асхат Үмбетжан «Тылсым дәуір» залынан бастап таныстырып, қазақтың түп-тамырының тарихы әрі де жатқанын, тектілігін дүние дидарына жария еткен алтын қазынамыздың бірі Аралтөбе қорғанынан табылған «Алтын киімді Адамның» тарихи құндылығын, археология экспедициясы барысында зираттан, қорымнан табылған (шыны моншақ, жебе, қанжар сынықтары, асыл бұйымдарымен) жәдігерлердің тарихын айтса, «Этнография» залында Алдияр Мирамбаев сан ғасырлық мәдениеттің жарқын көрінісінің бірі-киіз үй құрылысын, атадан-балаға мирас болған қазақтың ұлттық шебер-зергерлерінің түрлі сәндік қолөнер бұйымдарының қазақи нақышта жасалатынын (ағаш, тері, күміс) айтып толық мағлұмат берді. Ал, София Қазбаева «Археология» залының көне орта ғасырларда Алтын Орданың астанасы болған Сарайшық қаласының гүлденуі мен өркендеу дәуіріне тоқталып, тарихи орындар Ақтөбе-Лаэти қалашығы, Таскешу мен Қорғанша қаласының тарихын, қазба кезінде қорғаннан табылған (қыш, сырлы ыдыстар, шығыр, тиын, моншақ, құмыра сынықтары т.б.) жәдігерлер туралы мағлұмат берсе, Айгерім Құрманберлиева «Табиғат» залында Каспий теңізі тарихының тамыры тереңде жатқанын, өзен-көл жағалауын мекендейтін аң-құстар, облыс өңіріне нәр беріп отырған тұщы су көзі-Жайық өзені, ондағы балықтардың түрімен, өлкенің топырақ жамылғысымен таныстырды.
Мемлекет қызметшілері экскурсияның қыр-сырын үйреніп қана қоймай, әріптестері мен көрермендер арасында музейдің мәртебесін өсіріп, оның рухани және тарихи тың мағлұмат алатын мәдени орда екенін тағы бір мәрте дәлелдей түсті.
Атырау облысы мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс қимыл департаментінің басқарма басшысы Шолпан Қайненова 23 маусым-Мемлекеттік қызметшілер күніне орай «Мемлекеттік қызметкердің музейдегі 1 күні» акциясы шеңберінде өткізіліп жатқан шара жалғасын табатынын айтып, музей ұжымына және ұйымдастырушы алқасына алғысын білдірді.
Барлығы-130 адам экспозицияны тамашалады.