2019 жылдың 7 ақпанында сағат 15.00-де Атырау облысы тарихи-өлкетану музейінде Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында жас ұрпақты қазақ халқының ұрпақтан – ұрпаққа жалғасып келе жатқан қолөнер бұйымдарының тылсым құпияларымен таныстыру, халық өнерін қастерлеу, үлгі тұту, үйренуге баулу және насихаттау мақсатында «Алтын оймақ» қолөнер үйірмесінің 2018 жылғы жұмысын қорытындылау шарасы өтті.
Шараға жергілікті қолөнершілер, атап айтқанда ҚР-ның Суретшілер Одағының және ҚР көркем өнер Академиясының корреспондент мүшесі, ҚР Мәдениет қайраткері, батикке сурет салу шебері К.Жапалова, Құрманғазы аудандық агротехникалық колледжінің ұстазы, ағаш бұйымдарын ұлттық нақышта жасау шебері Т.Жұмалиев, Махамбет ауданы, Береке ауылының тұрғыны, ұлттық домбыра жасау шебері Т.Бисенбаев, түрлі-түсті жүннен өрнектеп ши тоқу шебері Ж.Карабалина, бисер, моншақтан қолөнер бұйымдарын жасау шебері С.Елеусінова және Қ.Дүтбаева атындағы Атырау гуманитарлық колледжінің ұстаздары мен студенттері, Н.Тілендиев атындағы Кіші өнер академиясының оқушылары, жалпы саны 60 көрермен қатынасты.
Шара барысында қолөнер шеберлері ағаш бұйымдарынан жасалған астау, тостаған, ожау, домбыра және бисер бұйымдарын – ваза, бойтұмар, қызғалдақ гүлі, әшекей бұйымдары, батикке салынған, крестеп тігілген және шиден жасалған туындылардан көрме ұйымдастырылып, көрмеге барлығы 50 дана қолөнер бұйымдары қойылды.
Шараға қатынасушы оқушылар мен студенттер қолөнер шеберлеріне сұрақтар қойып, тұшымды жауаптар алды.
Музейі жанынан құрылған «Алтын оймақ» үйірмесінде шеберлік сағаттарын ұйымдастырған қолөнер шеберлері мен тәжірибе алған Қ.Дүтбаева атындағы Атырау гуманитарлық колледжінің ұжымы «Алғыс хаттармен» марапатталды.