2019 жылдың 16 қаңтар күні Елбасымыз Н.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласындағы «Ұлы даланың ұлы есімдері» бағыты бойынша атақты көріпкел әулие Байбақты ата Қармысұлын ұлықтау және ата қамшысының қасиетін насихаттау мақсатында «Байбақты атаның қасиетті қамшысы» танымдық шарасы өтті.
Шара барысында Байбақты ата Қармысұлына арналған слайд көрсетіліп, музей қорындағы атаның қасиетті қамшысы, қызы Жұбайдың сандығы және музей қызметкерлерінің газет, кітаптарға шыққан зерттеу мақалаларынан көрме ұйымдастырылып, 10 дана жәдігер қойылды.
Шараның арнайы қонағы ҚР Мәдениет қайраткері, музей саласының ардагері Мақпуза Ғайнелқызы Байбақты атаның қамшысының музейге қабылдануы туралы әңгімелесе, ҚР-ның Мәдениет қайраткері, мәдениет саласының ардагері, этнограф Абат Кенжеғалиев қамшының қазақ халқының тұрмысындағы қадір-қасиетіне тоқталды.
Сондай-ақ танымдық шараға «Иманғали» мешітінің Бас имамы Батыржан Мансуров, Байбақты атаның ұрпақтары, облыстық Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасына қарасты мәдениет мекемелерінің қызметкерлері, әлеуметтік желіден қызығушылық танытқан көрермендер, музей мамандары және бұқаралық-ақпарат өкілдері, барлығы 40 көрермен қатынасты.