2018 жылдың 29 қараша күні Мемлекет және қоғам қайраткері, Алаш қозғалысының көсемі, профессор Халел Досмұхамедовтың 135 жылдығына орай «ХАЛЕЛ ДОСМҰХАМЕДОВ - ҰЛЫ МҰРАТ ЖОЛЫНДА» халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы өтті.
Конференция Алаш қайраткері Х.Досмұхамедовтың өмірі мен қоғамдық-саяси қызметін, рухани мұрасын кең көлемде дәріптеу, ел тәуелсіздігі жолындағы еңбегіне арналған ғылыми зерттеулер нәтижелерін баяндау және жаңа архивтік құжаттарды саралап, ғылыми айналымға енгізу мақсатында өткізілді.
Конференцияда Халел Досмұхамедов: мемлекет және қоғам қайраткері, Тұлға және кезең, Ұлттық идеяны жүзеге асырудағы пайымдаулар, Музей және алаштану мәселелері, Х.Досмұхамедовтың дәрігерлік феномені тақырыптары қозғалды. Жалпы конференцияға алыс жақын шет елден ғалымдар мен республикаға танымал алаш зерттеушілері шақырылған.
Конференция Халел Досмұхамедұлының рухына арнап құран бағыштап, ескерткішіне гүл шоқтарын қоюдан басталды. Салтанат сарайында «Алаштың асыл арысы» тақырыбындағы көрменің таныстырылымына жалғасты. Бұл көрмеге Х.Досмұхамедовтің музей қорында жинақталған және бұрын-соңды жарық көрмеген Мәскеу қаласының Орталық архивінен жинақталған ғылыми құжаттары, өмірдеректері, Қызылқоға ауданында Халел ставкасына жүргізілген этно-археологиялық экспедицияның тарихи деректері қойылды. Конференцияның пленарлық мәжілісінде Түркиядан профессор Мехмет Дервич, Москвадан тарих ғылымдарының докторы Д.Аманжолова, Өзбекстаннан профессор К.Раджабов, Қырғызстаннан тарих ғылымдарының кандидаты Ж.Байдилдеев және Қазақстанның белгілі халелтанушылары Ғ.Әнес, Т.Жұртбай, Ғ.Базарғалиев баяндамалар жасады.
Конференцияның екінші бөлімі түстен кейін алыс жақын шет елден келген ғалымдар мен республикаға танымал алаш зерттеушілерінің қатынасуымен Атырау облысындағы арнаулы орта оқу орындарында «Халелтану» курсымен жалғасты.
Конференция қорытындысы салтанатты шарамен ұласты. Онда Халелдің бейнесін, алаш арыстарының арманың көз алдымызға әкелген «Алаш арыстары» театрландырылған қойылымы, Алашордаға 100 жыл медалімен марапаттау және «Арыс» баспасынан жарық көрген «Халел Досмұхамедұлы еңбектері» 3 томдық кітабының тұсаукесеріне өтті.
Конференцияға алыс-жақын шет елдерден алаш зерттеушілері Түркиядан профессор Мехмет Дервич, Москвадан тарих ғылымдарының докторы Д.Аманжолова, Өзбекстаннан профессор К.Раджабов, Қырғызстаннан тарих ғылымдарының кандидаты Ж.Байдилдеев және Қазақстанның белгілі алаштанушы ғалымдары Ғ.Әнес, Т.Хазіретәлі, Т.Шаңбай, А.Мектептегі, Ш.Тілеубаев, С.Иманбаева, Д.Сүлейменова мен медицина ғылымдарының үздіктері Б.Хабижанов және Т.Ізмұхамбетовтер және Халел бабамыздың ұрпағы А. Абдрахманова т.б. және өңіріміздің тарихшы, өлкетанушы, жазушылары, мәдениет, білім саласының қызметкерлері және БАҚ өкілдері қатынасты.