2018 жылы 31 қаңтарда Атырау облысы тарихи-өлкетану музейінде Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы жаңа тарихи кезеңдегі рухани жаңғыру жолында ғасырлар бойы әр қазақтың төрінен орын алған қастерлі домбыраның мәртебесін жаңғырту, жастардың ұлттық құндылықтарға қызығушылығы мен құрметін арттыра түсу мақсатында музей қорында жинақталған домбыралар коллекциясынан дайындалған «Домбыра-дастан» кітабының таныстырылым шарасы және көрмесі өтті.
Шараға Қазақстанның және Қырғызстанның еңбек сіңірген қайраткері, композитор И.Жақанов, Қазақстан Журналистер және Жазушылар Одақтарының мүшесі, өлкетанушы Ө.Әлімгерейұлы, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қ.Ризуанов, мәдениет саласының ардагерлері А.Кенжегалиев, А.Андарбаева, Қазақстанның Құрметті Журналисті Т.Жаңабайұлы, 500 адамдық оркестр құрамында домбыра тартқан ҚР Білім беру ісінің үздігі, аға мұғалім, республикалық байқаулардың лауреаты, сазгер Нұрпейіс Молдақұлов, Өнерпаз Аманғали Ахметов, Сағидаш Мырзағалиева және т.б ардагерлер, кітапқа енген домбыра иелерінің отбасынан ҚР еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Н.Үлкенбайұлының жұбайы Шолпан апай, ҚР еңбек сіңірген артисі М.Төрешовтың жұбайы Жақсыгүл апай, ҚР еңбек сіңірген артисі Р.Ғабдиевтің ұлдары, музейге 1975 жылы күміс пен сүйекпен өрнектелген домбыраны тапсырған Т.Лекеровтың қызы және т.б. ұрпақтары, мәдениет мекемелерінің басшылары, өнер иелері, «Дина Нұрпейісова атындағы халықтық музыка Академиясы» Атырау музыка колледжінің студенттері қатынасты.
Шара барысында «Дина Нұрпейісова атындағы халықтық музыка Академиясы» Атырау музыка колледжінің студенттері Қазақстанның халық артисі, күйші-сазгер Қаршыға Ахмедияровтың, Қазақстанның халық жазушысы, ақын Хамит Ерғалиевтің, Қазақстанның халық артисі, дәулескер күйші - Рысбай Ғабдиевтің, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі - Мекес Төрешевтің, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, күйші-сазгер Шәміл Әбілтаевтің, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, сазгер, күйші, әнші, сахна шебері - Нариман Үлкенбайұлының, күйші, сазгер Ғатау Ибішевтің домбыраларында төгілте күй ойнады.
Кітаптың тұсау кесу рәсімі Қазақстанның және Қырғызстанның еңбек сіңірген қайраткері, композитор И.Жақанов пен ҚР Білім беру саласының үздігі, ардагер ұстаз Р.Латифуллинаға ұсынылды.