«Бір ел – бір кітап» акциясы аясында өткен интеллектуалдық сайысы

Атырау облысы тарихи-өлкетану музейінде «Бір ел- бір кітап» акциясы аясында 2017 жылдың «Жыл кітабы» атанған С. Торайғыровтың өмірі мен шығармашылығына арналған мектеп оқушылары арасында 2017 жылғы 30 қараша күні интеллектуалдық сайысы өтті. Сайыстың мақсаты – қазақ әдебиетін насихаттау, тарихи-мәдени және рухани мұрамызды сақтау, жастарды отаншылдыққа, өнегілікке тәрбиелеу, сондай-ақ жастарды кітап оқуға тәрбиелеу, оқырмандарға жазушы өмірінен мәліметтер беру, көркем шығарманы оқыту арқылы әңгіменің құндылығын таныту, ой-өрістерін, тіл байлықтарын дамыту, адамгершілікке, мейірімділікке тәрбиелеу.

Аталмыш сайысқа әр мектептен таңдалып алынған 3 топ қатысты. Олар: №12 Ф. Досымова атындағы орта мектеп оқушыларынан құралған «Алғырлар» тобы, №15 Абай атындағы орта мектебінен «Алаш ұрпағы» тобы және №21 Жамбыл атындағы орта мектептің намысын қорғаған «Жамбыл жастары» тобы.

Сайыс ІІІ кезеңнен тұрды. «Бәйге» деп аталатын І кезеңде әр топқа сұрақтар қойылып, әрбір дұрыс жауап 10 баллмен бағаланды. Ақынның өміріне толықтай шолу жасауға мүмкіндік берген сұрақ-жауап кезеңі автордың қиын тағдыры мен сол кездің өмір тіршілігін еске салды.

«Ойлан тап» деп аталған келесі кезеңдесайыскерлерге жеке конверт беріліп, конверттегі тапсырмалар орындалды. С.Торайғыровтың қай кітабынан екенін табу мақсатындағы конвертте жазылған ақынның өлең жолдарымен, шығармаларынан берілген үзінділер қатысушылардың шапшаңдығы мен жылдамдығын анықтауға көмектесті.

«Ғажайып үштік» деп аталатын соңғы кезеңде үміткерлер берілген ұяшықтардағы 3 түрлі тақырыптағы сұрақтарға жауап берді. «Ақын өлеңдерінен...», «Бір ел-бір кітап», «Тәуелсіз Қазақстан жастары» деген атаулармен аталған ұяшықтарда тарих, әдебиет, қоғам тақырыбында сұрақтар жүйесі қамтылған. Бұл кезең топ мүшелерінің жан-жақтылығын танытуға мүмкіндік берді.

Сайыс нәтижесі бойынша, ІІІ орынды - «Алаш ұрпағы» тобы қанжығасына байлап, ІІ орынды - «Жамбыл жастары» тобы жеңіп алса, кіл мықтылардың арасындағы додадан оза шапқан І орынды №12 Ф. Досымова атындағы орта мектептің намысын қорғаған «Алғырлар» тобы иемденді. Қатысушылар мен жетекшілеріне алғыс хаттар мен дипломдар ұсынылып, «ХVІІІ-ХХ ғғ. Атырау тарихы мен мәдениеті» кітабы сыйға тартылды.

«Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейі» КМҚК

 

Атырау қаласы, Б. Момышұлы көшесі, 3

Тел. 8 (7122) 32-36-64, 8 (7122) 32-29-12

Email: atyrau-museum@mail.ru