Атырау облысы тарихи-өлкетану музейінде 2017 жылғы 28 қарашада Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне орай «XXI ғасыр көшбасшысы» атты мектеп оқушылары арасында ІІ интеллектуалдық сайыс өткізілді.
Сайыстың мақсаты: Оқушылардың Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың туып өскен жері, өмір жолы, қызмет еткен кезеңдері туралы білімдерін тереңдету. Оқушылардың білімдерін кеңейту, білім деңгейін, шығармашылық ізденісін байқау. Жас ұрпақтың бойындағы ұлттық рухты, патриоттық сезімдерді ұялату. Латын әліпбиін меңгеруге жаңа серпін беру.
Аталған сайысқа Білім инновация лицейі, Атырау облысы дарынды балаларға арналған Ұлттық гимназия, Атырау қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушылары қатысып, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың өмірдерегінен, ең алғашқы еңбек жолынан, қызметінен және Елбасының сындарлы саясатынан сұрақтар қойылып, білімдері сыналды.
Сайыс IV кезеңнен тұрды. І кезеңде қатынасушылар Елбасының өмірі мен еңбек жолы жөніндегі мәліметтерді ғылыми тұрғыда жинақтап, қорытындылады. Атап айтқанда, Атырау қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушысы Көңілқош Бек «Мәңгілік Ел идеясы», Атырау облыстық дарынды балаларға арналған ұлттық гимназиясының оқушысы Жолдас Динара «Ел тірегі-Елбасы» және т.б мазмұнды ғылыми жұмыстар көрермен назарына ұсынылды. ІІ кезеңде қатынасушыларға тарихи, этнографиялық, өлке тарихына қатысты сұрақтар қойылды. ІІ кезеңнің нәтижесінде сайысқа қатынасушыларды іріктеп, жартылай финалға 5 қатынасушы жолдама алды. ІІІ кезеңде ұяшыққа жасырылған Елбасының халыққа жолдаған жолдауларынан бейне сұрақтарға жауап берілді. Бұл кезеңнің қорытындысы бойынша ақтық мәреге 3 қатынасушы жолдама алды. ОларУтегенов Алихан (химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушысы), Мұғау Жібек, Жолдас Динара (Атырау облыстық дарынды балаларға арналған ұлттық гимназия оқушылары) латын қарпінде эссе жазудан сынға түсті. олар латын қарпінде Елбасы жөнінде эссе жазуға кірісті.
Нәтижесінде «Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда» номинациясымен Мұғау Жібек, «Білімді мыңды жығар» номинациясымен Утегенов Алихан марапатталса, Жолдас Динара «ХХІ ғасыр көшбасшысы» атанды. Сонымен қатар облыстық әдістемелік орталығының әдіскері Н.Жайкина бүгінгі интеллектуалды сайыстың маңыздылығын айтып, кейінгі ұрпаққа берер тағылымы мол екенін атап өтіпқатынасушыларға Алғыс хаттарымен арнайы, сыйлықтарын табыс етті.