Ұстаздар күніне орай «Еңбегімен еленген ардақты ұстаздар» атты ардагер ұстаздармен өткізілген кездесу кеші

Атырау облысы тарихи – өлкетану музейінде 2017 жылы 3 қазанда сағ: 11. 00 – де «Еңбегімен еленген ардақты ұстаздар» атты ұстаздар күніне орай  ардагер ұстаздар кездесу кеші ұйымдастырылды.

Кездесу кеші өзгенің уақытын аялай, өз уақытын аямай шәкірт тәрбиелеу ісінде талмай еңбек еткен ұстаздарымыздың қажырлы еңбектерін, жемісті жетістіктерін жас буын өкілдеріне насихаттау  мақсатында өткізілді.

Кездесу кешінде қонақтарымыз музей қорында құжаттық материалдары жинақталған ұстаздарымыз Ізтұрғанов Жылқышы, Қаражігітов Жапақ Есқабылұлы, Беғалиев Мүтиғолла Жүсіпұлы, Нұрмаханов Жанаш, Дербісов Ниязбай, Сәрсенбаев Бекей  жөнінде  және өздерінің ұстаздық еңбек жолдары туралы естелік әңгімелерін айтты.

Шараға ардагер ұстаздарымыз Өмірбекова  Жәйлі , Сәрсенова Нұрзила, Оңғарсынов  Қадим және Х. Досмухамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің студенттері және Қ.Дүтбаева атындағы Атырау гуманитарлық колледждің студенттері, БАҚ өкілдері қатынасты.

Шара соңында ардагер ұстаз Н.Сәрсенова: «Ұстаз әр адамның жанына білім дәнінен сеуіп, әр шәкіртін  аялап, өмір атты шексіз ғаламға топшысын қатайып ұшырады. Дәлірек айтсақ, адамды өмір сүре білуге тәрбиелейді. Сол үшін бойындағы асыл қасиеттерін шәкірттеріне сіңіріп, тер төгеді. Осындай игілікті шараны ұйымдастырып отырған Атырау облысы тарихи-өлкетану музейінің ұжымына алғысымыз шексіз»-деп пікірін білдірді.

Кездесу кешіне қатынасқан қонақтарға музей ұжымы атынан гүл шоқтары табыс етіліп, естелік суретке түсті.

«Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейі» КМҚК

 

Атырау қаласы, Б. Момышұлы көшесі, 3

Тел. 8 (7122) 32-36-64, 8 (7122) 32-29-12

Email: atyrau-museum@mail.ru