Атырау облысы тарихи-өлкетану музейінде өткізілген «Жер қойнауының ғажайып сырларын ашқан геолог» атты кездесу

Атырау облысы тарихи-өлкетану музейінде 27 қыркүйек 2017 жылы  сағ.11.00–де «Жер қойнауының ғажайып сырларын ашқан геолог» атты  кездесу кеші  ұйымдастырылды.

Қазақстан мұнай- газ өнеркәсібін өркендетуге орасан үлес қосқан, белгілі геолог, Қазақстан Республикасы жер қойнауының Құрметті барлаушысы, Қазақстан Республикасының кен орындарын алғаш ашушы, Жаратылыстану ғылымдары Академиясының академигі, КСРО-ның Құрметті мұнайшысы Мақаш Рахметовтың ғибратты, өнегелі өмір жолын, ерлікке пара –пар еңбегін жас буын өкілдеріне насихаттаудашараның зор маңызы болды.

Мақаш Рахметов 1932 жылы 15 қыркүйекте Атырау (Гурьев) облысы, Қызылқоға ауданы, Ақшелек ауылында дүниеге келген. 1956 жылы С.М.Киров атындағы Мемлекеттік университетін бітіргеннен кейін еңбек жолын Жантай барлау алаңында коллектор жұмысынан бастады. 1957 жылдан бастап «Қазақстан мұнай барлау» тресінің Құлсары бұрғылау конторына қарасты Төңірекшың (Төресай), Жаңасу, Сарықұм және Боранқұл барлау алаңдарында геолог, аға геолог, 1966 жылы бас геолог болып тағайындалды. Осы кеңсенің негізінде құрылған Балықшы барлау бұрғылау басқармасында 1973 жылдан бастап ұңғымаларды сынау цехының бастығы болды.                                                          1977 жылы жаңадан құрылған Каспий маңы бұрғылау басқармасының бас геологы, ал одан кейін Балықшы бұрғылау басқармасының бас геологы болып тағайындалды. Балықшы барлау бұрғылау басқармасының екіге бөлінуіне байланысты Атырау бұрғылау жұмыстары басқармасының бас геологы болып жұмыс жасады. 1957 жылы Батыс Қазақстанда біріншілер қатарына Оңтүстік Ембі тұз астындағы палеозойлық үлкен құрылымның Төңірекшың (Төресай), Жаңасай және Сарықұм алаңдарының геологиялық құрылысын зерттеуді бастады. Осы зерттеудің нәтежесі үлкен геологиялық мәні бар Пустынный алаңында бұрғылау жұмыстарын бастауға жол ашты, әрі Теңіз кенішінің ашылуына себепкер болды.                               

Мақаш Рахметов Каспий маңы бұрғылау басқармасы Балықшы барлау бұрғылау басқармасына қосылғанға дейінгі 10 жыл ішінде үлкенді- кішілі мұнай газ кен орындарын ашуға үлкен үлес қосты. Ровное, Ботақан, Ақінген, Аққұдық, Масабай, Қараған, Оңтүстік Шығыс Қамысты, Оңтүстік Шығыс Новобогат, Батыс Новобогат, Шығыс Мақат, Шығыс Көкарна, Айранкөл, Мәтен, Шығыс Прорва, Орталық прорва, Батыс Прорва, Қара арна және Гран кен орындарын ашып, мұнай газ кен орындарын геологиялық барлаудан өткізіп, оларды игеруге тікелей қатысты, ұңғымаларды сынақтан өткізіп, барлау жұмыстарын қорытындылап, қорларын анықтауға Мақаш Рахметов көп еңбек сіңірді. Әсіресе, Мақаш Рахметовтың Прорва кенін игерудегі еңбегі ұщан –теңіз. Мақаш Рахметов әрдайым қоғамдық жұмыстарға белсене араласады. Ембі аудандық партия комитетінің бірнеше дүркін пленум мүшесі болып сайланды. КСРО-ның мұнай өндірісінің үздігі және «Құрметті мұнайшы» атағының иесі. Қазақстан Республикасы Жаратылыстану ғылымдары академиясының толық мүшесі. КСРО мен ҚР-ның көптеген медальдарымен және КСРО Мұнай және газ министрлігінің, «Ембімұнайгаз» АҚ-ның, Атырау облыстық Мәслихатының Құрмет грамоталарымен және ҚР Премьер Министрінің, Атырау облысы әкімінің, «Қазмұнайгаз» Ұлттық компаниясының басқарма төрағасының Алғыс хаттарымен, «Қажырлы еңбегі үшін», «Ерен еңбегі үшін», «1941-1945ж.ж Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 65 жыл», медальдарымен және мерейтойлық ескерткіш белгілермен «КСРО мұнайына 100 жыл», «Қазақстан мұнайына 100 жыл», «Теңіз кенішіне 30жыл», «Доссор кен орнына 100жыл» медальдарымен марапатталды. Мұнай өндірісін дамытуға сіңірген зор еңбегі үшін, жаңа кен орындарын ашқаны үшін және геология саласындағы елеулі еңбегі үшін  «КСРО-ның Құрметті мұнайшысы», «Қазақстан Республикасының кен орындарын алғаш ашушы», «Қазақстан Республикасы жер қойнауының Құрметті барлаушысы» атты құрметті атақтар берілді.                                                                   

Шара барысында жетіқат жер астының сырласы, тамыршысы М. Рахметовтың өмір жолынан, балалық шағы, студенттік кездері, еңбектері, алған марапаттары жөнінде слайд көрсетілді.                                               

Өзінің парасат – білігімен, жан –жақты қабілетімен, шынайы адамгершілігімен ел құрметіне бөленген талантты геолог М.Рахметұлы балалық шағындағы, студенттік кездеріндегі естеліктермен бөлісіп, кейінгі толқынға үлгі – өнеге боларлықтай еңбектері жөнінде айтып өтті.             

Шара соңында Мақаш Рахметұлы өмір жолы өнеге боларлық, тағылымды ісімен топ жарған геолог-мұнайшылардың, ардагерлердің еңбегін насихаттауға үлес қосып отырған музей ұжымына ризашылығын білдірді.

Жас буын өкілдеріне тәлім-тәрбиесі мол әсерлі, қызықты әңгімесін жеткізген Мақаш Рахметұлына музей атынан алғыс білдіріліп, естелік кітаптар сыйға тартылды.                                                                  

Шараға Атырау индустриалды колледжінің ұстаздары мен студенттері, музей қызметкерлері қатысты.

«Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейі» КМҚК

 

Атырау қаласы, Б. Момышұлы көшесі, 3

Тел. 8 (7122) 32-36-64, 8 (7122) 32-29-12

Email: atyrau-museum@mail.ru