Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген ауыл шаруашылығы қызметкері, «Социалистік Еңбек Ері», «Ленин» ордендерінің иегері Нұрмұханов Мүсілімнің 90 жылдығына орай ұйымдастырылған «Өрісті өлкенің өр тұлғасы» атты кездесу кеші

Атырау облысы тарихи - өлкетану музейінде 2017 жылы 20 қыркүйек сағат 11:00-де Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген ауыл шаруашылығы қызметкері, «Социалистік Еңбек Ері», «Ленин» ордендерінің иегері Нұрмұханов Мүсілімнің  90 жылдығына орай ұйымдастырылатын «Өрісті өлкенің өр тұлғасы» атты ұрпақтарымен кездесу кеші өткізілді.

Шара Елі үшін аянбай еңбек еткен М.Нұрмұхановтың тұлғалық қасиеті мен өмірін, еңбек жолын кеңіненнасихаттау,  ұлтжанды азаматтығын, ауыл шаруашылығы саласындағы іскерлік қабілетін жас ұрпаққа үлгі-өнеге ету мақсатында өткізілді.

Ауыл шаруашылығын өркендету жолындағы адамдардың еңбегі жоғары және тұрақты бағаланды. Ұлы Отан Соғысы кезіндегі табыстары үшін Социалистік Еңбек Ері атанған сегіздің қатарына бейбіт еңбекте Мүсілім Нұрмұқанов  қосылды.

Мүсілім Нұрмұханов 1927 жылы Исатай ауданы Забурын ауылында дүниеге келген. 1986 жылы дүниеден өтті. Шопан, Социалистік Еңбек Ері (1975), Қазақстанның ауыл шаруашылығы саласына еңбегі сіңген қызметкер.1944 жылдан «ІІІ Интернационал» ұжымшарының малшысы, 1957-1987 жылдары «Забурын» кеңшарының аға шопаны болды. Мүсілім Нұрмұхановтың мал өсірудегі озат іс-тәжірибесі облысқа таратылды. Есімі республиканың «Алтын кітабына» екі мәрте жазылды. 1975 жылы СОКП ХХV съезінің делегаты болды.

Кездесу кешіне М.Нұрмұхановтың ұрпақтары, өлкетанушы, ҚР Журналистер Одағының мүшесі Бектенов Мұрат Бектенұлы, Жанбай селолық округінің бас маманы Есекешов Адайбек Сәдірұлы  және  Атырау агротехникалық  колледжінің студенттері, БАҚ өкілдері  қатынасты.

Кездесу кешінде сөз алған өлкетанушы, ҚР Журналистер Одағының мүшесі М.Бектенов: «М.Нұрмұханов соғыстан кейінгі қиын-қыстау кезеңде нағыз еңбектің адамы болды. Осындай тұлғаны кейінгі ұрпаққа насихаттап жатқан музей ұжымына ризашылығымды білдіремін» -,деді.

Кездесу кешінің соңында Д.Нұрпейісова атындағы Халықтық музыка академиясы Атырау музыка колледжінің ІІ курс студенті Е.Шерім «Адай», «Жұмыр қылыш», «Керөғлы» күйлерін төкпелете орындады.

«Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейі» КМҚК

 

Атырау қаласы, Б. Момышұлы көшесі, 3

Тел. 8 (7122) 32-36-64, 8 (7122) 32-29-12

Email: atyrau-museum@mail.ru