Атырау облысы тарихи-өлкетану музейінде 2017 жылы 11-12 қыркүйек күндері сағ:10.00-18.00 аралығында «Алтын сапа – 2015» Президент сыйлығының лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері, «Алтын Орда» авторлық дизайн үйінің директоры Ырза Тұрсынзаданың «Рухани жаңғыру – заман талабы» атты Қазақстандағы ең ауқымды ақысыз шеберлік сабақтары болып өтті.
Ырза Тұрсынзада – қазақтың дәстүрін жаңа қырынан танытып, халқымыздың қолөнерін заманауи технология тілімен үндестіріп жүрген қолөнершілеріміздің бірегейі, құрақшы, этнодизайнер.
Шеберлік сабағының ашылу сәтіне Атырау облысы әкімі жанындағы Әйелдер істері отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның бас инспекторы Замзагүл Хиданқызы Жалмурзина, Атырау облысы Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының бөлім басшысы Жанар Тұрарқызы Құрманғалиева, музей қызметкерлері, бұқаралық-ақпарат өкілдері қатынасты.
Шара барысында сөз алған Ырза Тұрсынзада: «Бұл кәсіп емес ең алдымен өнер. Жәй ғана өнер емес, ата кәсіп. Ұлтымыздың асыл дүниесін заманға ілестіріп, күнделікті өмірдегі қолдағы дүниеге айналдырсақ деген ойдан туған дүние. Бұл бренд. Бірақ біздің ата-бабамыз бұны батыстағыдай «брендтемеді». Қазақ халқы киелі халық, ол өнерін үнсіз ғана осы ғасырға жеткізді» деген болатын.
2 күн бойы құрақ құрау өнеріндегі – ши құрақ көрпенің тігілу қыр-сырымен таныстырған шеберлік сабақтарынан Атырау өңірінің қыз-келіншектерімен қатар, Ақтөбе, Маңғыстау облыстарынан, Өзбекстан республикасынан келген, барлығы 150 адам тәжірибе алмасты.