Атырау облысы тарихи-өлкетану музейінің жылдық жоспарына сәйкес, 2017 жылғы 21 маусым - 10 шілде аралығында, Археология ғылыми - зерттеу бөлімінің мамандары Қызылқоға ауданының территориясындағы Миялы қорғандар тобына археологиялық қазба жұмыстарын жүргізді.
Миялы қорғандар тобы Ойыл өзенінің солтүстігіндегі жазықтықта Миялы ауылынан солтүстікке 3 км, Жангелдин ауылынан оңтүстік-шығысқа 4 км жерде орналасқан Сармат тайпаларының обасы болып саналады.
Миялы қорғандар тобына 2013 жылы музей қызметкерлері барлау -бақылау экспедициясын ұйымдастырып, нәтижесінде анықталған 15 қорғанның 3 қорғанына археологиялық қазба жұмыстары жүргізілді.
Қазылған қорғаннан ерте темір кезеңінің сарматтар тайпасына жататын 4 адамның сүйектері және 35 дана садақ жебелерінің ұштары, құмыра және ауыздық табылды.
Сонымен қатар осы обаның төменгі қабатынан, шамамен 1,5 м тереңдіктен қола дәуіріне жататын адам сүйегі табылды. Қола кезеңінің шұңқыр мәдениеті дәстүрімен эмбриондық позада, шынтағы мен тізесі бүктелген қалпында жерленген адамның сүйегі екені анықталды.
Тағы бір тоналған қорғаннан жерленген адамдардың сүйектері әр жерден табылып, топырақтар арасынан сары түсті металлдан жасалған барлығы 25 дана киім жапсырмалары және ритуалды қола қазан табылды.
Сонымен қатар 15 дана белбеудің күміс жапсырмалары және садақтың жебелерінің ұштары табылды.
Археологиялық экспедицияның нәтижесі бойынша табылған барлық археологиялық бұйымдар музей қорына тапсырылды.