Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің профессоры, тарихшы-өлкетанушы Аманкелді Шамғоновтың 75 жасқа толуына орай ұйымдастырылған «Өлке тарихын зерделеген» атты көрменің ашылу рәсімі мен кездесу кеші

Атырау облысы тарихи - өлкетану музейінде  2017 жылғы 25 сәуір сағ:15.00–де Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің профессоры, тарихшы - өлкетанушыАманкелді Шамғонұлы  Шамғоновтың  75 жасқа толуына орай «Өлке тарихын зерделеген»атты  көрменің ашылу рәсімі және кездесу кеші ұйымдастырылды.

Шара ғалым - ұстаздың тұлғалық қасиеті мен жас ұрпақты білім нәрімен сусындатқан өмірі мен еңбек жолын кеңінен насихаттау мақсатында  өтті.

Аманкелді Шамғонов 1942 жылы 15 мамырда Атырау облысы, Құрманғазы ауданы, Дыңғызыл ауылдық округіне қарасты Ғ.Алипов (бұрынғы Қызылоба) елді мекенінде дүниеге келген. Қазақтың С.М.Киров (қазіргі Аль-Фараби) атындағы мемлекеттік университетінің тарих факультетін 1968 жылы бітірген. 1968 жылдан Гурьев мемлекеттік педагогикалық институтында (Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті) аға оқытушы, доцент қызметтерін атқарады. 1993 жылы Мәскеу қаласындағы Жоғарғы Аттестациялық комиссияның шешімімен Тарих кафедрасы бойынша доцент ғылыми атағы берілді.

1970 - 2000 жылдары университет студенттерінің «Ата мекен» атты ғылыми - өлкетану бірлестігін басқарды. Осы бірлестікте ғылыми ізденіс жүргізген студенттердің ішінен 14 ғылым докторы, 32 ғылым кандидаты ғылыми дәрежелеріне жазған диссертацияларын ойдағыдай қорғады.

Аманкелді Шамғонұлы И.Тайманұлы мен М.Өтемісұлы бастаған халық - азаттық көтеріліс тарихын жан - жақты зерттеген тарихшы - өлкетанушы ғалым. Ол бірнеше монографияның, әдістемелік оқу құралының және «Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлы бастаған 1836 - 1838 жылдардағы халық – азаттық көтеріліс»   оқулық картасының авторы.

Аманкелді Шамғонұлы Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің үздігі, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы Х.Досмұхамедов атындағы сыйлығының иегері, Республикалық тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау қоғамының құрметті мүшесі, университеттің «Қазақстан және дүниежүзі тарихы» кафедрасының құрметті профессоры, «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісімен және ҚР Білім және ғылым министрлігінің, Атырау облыстық және Исатай, Құрманғазы аудандары әкімдіктері мен мәслихаттарының «Құрмет грамоталарымен», Пермь, Гурьев қалалық комсомол комитеттерінің, Бүкілодақтық және Гурьев облыстық «Білім» қоғамының грамоталарымен және 2017 жылы сәуірде Қазақстан Республикасы білім және ғылым министрлігінің «Қазақстан Республикасының ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін» белгісімен  марапатталған.

Шара мерейгердің өмірі мен  ғылым жолындағы еңбектерін көрсететін «Өлке тарихын зерделеген» атты көрмені таныстырудан басталып,  ғалымның зерттеулеріне арналған баяндамаларға жалғасты. Шара барысында мерейгер Аманкелді Шамғонов «1836-1838 жылдардағы Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлы бастаған халық – азаттық көтеріліс картасының дайындалуы туралы» тақырыбында, сонымен қатар ғалымның атқарған еңбектері туралы «Атамекен – өлкетанушы студенттердің ғылыми мектебі» тақырыбында Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің педагогика кафедрасының доценті, педагогика ғылымдарының кандидаты Ғабит Базарғалиев және «Исатай батыр ұрпақтарының зерттелуі» тақырыбында Атырау облысы тарихи – өлкетану музейіне қарасты Исатай аудандық бөлімшесінің меңгерушісі Гулмира  Алагөзова  баяндамалар жасады.

Шараның соңы  құттықтауларға ұласып,  Атырау облыстық ұлттық гимназия директоры, педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент,   Нұрлыбек Даумов, Атырау Мұнай және газ университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Әбілсейіт Мұқтар,  Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторыЛесқали Бердіғожин, Исатай аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Мүтиғолла Насиханов,   Атырау облыстық білім беру басқармасының әдістемелік кабинетінің директоры Ғабит Қабекенов, №30 мектеп - гимназиясының тарих пәні мұғалімі Утепқалиева Манет   өздерінің жылы лебіздері мен ақ тілектерін білдіріп, естелік сыйлықтары мен гүл шоқтарын ұсынды.

Көрмеге Аманкелді Шамғоновтың  өмірбаяндық деректері, студенттік шағы, үзеңгілес достары мен әріптестері және туысқандарымен бірге түскен фотосуреттері, ғылыми – зерттеулері, баспадан шыққан еңбектері мен әр жылдарда жарияланған мақалалары, марапаттау құжаттары, барлығы 83  дана  жәдігер қойылды.  

Шараға Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті жәнеАтырау мұнай газ университетінің ұстаздары, үзеңгілес жолдастары, туысқандары,  шәкірттері, Исатай аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің өкілдері, облыстық, аудандық музей   қызметкерлері, БАҚ өкілдері, барлығы 60 адам қатынасты.

«Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейі» КМҚК

 

Атырау қаласы, Б. Момышұлы көшесі, 3

Тел. 8 (7122) 32-36-64, 8 (7122) 32-29-12

Email: atyrau-museum@mail.ru