«Музейдің ғажайып әлемі» тақырыбында өткізілген бастауыш сынып оқушыларына арналған танымдық экскурсия

Атырау облысы тарихи-өлкетану музейінде 2017 жылдың 10-14 сәуір күндері аралығында «Музейдің ғажайып әлемі» тақырыбында бастауыш сынып оқушыларына арналған ойын элементтерімен танымдық экскурсияөткізілді.Экскурсия оқушылардың ой-өрістерін кеңейтіп, өлкенің табиғатымен, тарихымен, мәдениетімен таныстыру арқылы, музейге қызығушылықтарын арттырып,ойын арқылы танымын, белсенділігін,шығармашылық қабілеттерін дамыту мақсатында ұйымдастырылды.

Оқушыларға «Этнография» экспозициялық залындатанымдық экскурсияөткізіліп, «Сиқырлы сандық»ойыны ұйымдастырылды. Балалар сандықта жасырылған теріден және ағаштан жасалған дәстүрлі ыдыс-аяқ жиынтықтарымен (торсық, саба, кесеқап, саптыаяқ, бауырсақ салғыш табақша, астау) және жезден жасалған бұйымдар туралы түсінік алды. Оқушыларға жәдігердің не үшін қолданылатыны туралы сұрақ қоя отырып, жауабын алғаннан кейін ғана толық мағлұмат алды. Балалар үшін арнайы бағдарлама жасақталып, көркем сөз оқу, мақал – мәтел, жұмбақ шешу өткізілді.

«Өлке табиғаты» экспозициялық залында музей қорынан алынған аң-құстардың тұлыптарымен «Табиғат білгірі» тақырыбында викторина өткізілді. Оқушылар үлкен қызығушылықпен ойындарға белсене қатынасты. Жұмбақтарды шешті, сұрақтарға жауап берді, мақалды құрастырды, құстардың дауыстарын тыңдау арқылы олардың атауларын тапты. Сондай-ақ балалар Атырау облысында мекендейтін қазіргі заманғы құстар туралы мағлұматтар алып, олардың тіршілігіне қатысты қызықты фактілермен танысты.

Экскурсияға №1 В.Ленин атындағы, №21 Жамбыл атындағы, №27 И.Тайманов атындағы орта мектептің оқушылары, барлығы 110 адам қатынасты.

№21 Жамбыл атындағы орта мектептің 5 сынып жетекшісі Фарида Мустафақызы Аубәкірова оқушылардың музейде уақыттарын  қызықты да, пайдалы өткізгендерін айтып, музей ұжымына ризашылығын білдірді.

«Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейі» КМҚК

 

Атырау қаласы, Б. Момышұлы көшесі, 3

Тел. 8 (7122) 32-36-64, 8 (7122) 32-29-12

Email: atyrau-museum@mail.ru