Атырау облысы тарихи – өлкетану музейінде 2017 жылғы 18 наурызда Қазақстан мұнай өндірісінің майталманы, «Құрмет белгісі» орденінің иегері Бағытжан Есенғалиевтің90 жылдығына орай «Өшпейтұғын артына із қалдырған» атты көрме және еске алу шарасыболып өтті. Шара Б.Есенғалиевтің Қазақстан мұнай-газ өнеркәсібі саласындағы еңбек жолы мен өмірін жас ұрпаққа үлгі етіп, кеңіненнасихаттаумақсатында өткізілді.
Бағытжан Есенғалиев 1927 жылы Атырау (Гурьев) облысы, Махамбет ауданы Бақсай ауылында жұмысшы шаруа жанұясында дүниеге келген. 1944 жылы Жаманқала орта мектебін бітіріп, Мәскеудегі И.М.Губкин атындағы мұнай-химия және газ өнеркәсібі институтының мұнай бұрғылау факультетіне оқуға қабылданып, оны 1950 жылы үздік бітіріп шығады.
Бағытжан Есенғалиев еңбек жолын 1950 жылы «Қазақстанмұнай» бірлестігінің Мұнайлы өндірісінде күрделі жұмыстардың инженері болып бастап, осы бірлестіктің ішінде бұрғылау цехының аға инженері, пайдалану-бұрғылау кеңесінің техникалық-шаруашылық бөлімінің бастығы «Маңғышлақ мұнайгаз барлау» тресінің бас инженері жұмыстарын атқарды.
Өткен ғасырдың елуінші жылдарының ортасында Бағытжан Есенғалиев Мұнайлы және Құлсары мұнай кеніштерін ашуға тікелей атсалысты. 1958 жылдың аяғында Гурьев облыстық халық шаруашылығы Кеңесінің ауыр өнеркәсіп бөлімінде инспектор, 1961жылы Қазақстан Халық шаруашылығы Кеңесінің жанармай өндірісінің басқармасына жаңа қызметке жіберіліп, 1965 - 1972 жылдары Қазақ КСР геология министрінің орынбасары, 1972-1988 жылдары Оңтүстік Қазақстан мұнай барлау экспедициясы бастығының бірінші орынбасары, Еңбекті ғылыми ұйымдастыру орталығының директоры, Онтүстік Қазақстан өндіріс геология бірлестігінің бас технологі болып жасады.1988 жылдан бастап Қазақстанның Құрметті зейнеткері атағымен еңбек демалысына шықты. 2006 жылы қаңтарда қайтыс болды.
Аталған шарағапартия, кеңес қызметкері, Атырау облысының және қаласының Құрметті азаматтары Есен Тасқынбаев, мұнай өнеркәсібі саласында ұзақ жылдар еңбек еткен мұнайшы ардагерлер Мақаш Рахметов, Тұрсынбай Бақтияров, Борис Безунин, Владимир Жандин, Мұрат Ильясов, Текей Қарамурзиев, Жақсылық Тасқынбаев, Зауреш Құспанғалиева, Жонас Саппаева, Константин Кулагин, ҚР мұнай газ саласының еңбек сіңірген қызметкері, Жылыой ауданының Құрметті азаматы Келтір Шәненов, Б.Есенғалиевтің жұбайы Шұға Бекбаулиева және туған-туыстары, ұрпақтары, Атырау Мұнай және газ институты, С.Мұқашев атындағы политехникалық колледжінің студенттері, БАҚ өкілдері қатынасты.
Көрмеге Б.Есенғалиевтың өмірбаяндық деректері, әр жылдарда еңбек сәттерінен көріністері, студенттік шақтары, замандастары, үзеңгілес достарымен, отбасы сәттерінде түскен фотосуреттері, орден-медальдары, кітаптары т.б. барлығы 52 дана жәдігер қойылды.
Шарада Атырау облысының Құрметті азаматы Есен Тасқынбаев, мұнай саласының ардагерлері Текей Қарамурзиев пен Жонас Саппаева Бағытжан Есенғалиұлының еңбек еткен кезінде Қазақстанда бірқатар мұнай мен газдың жаңа кен орындарының ашылуына, облыстың экономикасы мен әлеуметтік дамуына, халықтың әл-ауқатын арттыру бағытында атқарған жұмыстары туралы өз естеліктерімен бөлісті. Туыстары атынан Бағытжан Есенғалиевтің немере қарындасы Қанзиба Утеулиеваағасы Бағытжанның барлық саналы ғұмырын қазақ мұнайын игеруге жұмсаған адал еңбек еткен білікті басшы ғана емес, сонымен бірге, қандай қызмет атқарса да ортақ іске жан салатын, бүкіл саналы ғұмырын қоғам мүддесіне арнаған үлкен жүректі іскерлігі мен адамгершілігі биік, әрі жауапкершілігі мол, жапырағы жайылған жанұяның тірегі бола білгендігі туралы айтып өтті. Шара соңында ұлы Әсет Бағытжанұлы мен қызы Гүлшара әкесі жөнінде еске алып, бүгінгі шараның маңыздылығын, кейінгі ұрпаққа берер тағылымы мол екенін атап өтіп, музей ұжымына алғысын білдірді.