«Қазақтың жырға құмар бір қызымын...» атты ақын Жәниба Қарасаевамен кездесу

Атырау облысы тарихи-өлкетану музейінде 3 наурыз 2017 жылғы сағ:11-00-де  Қазақстан  Жазушылар  және Журналистер Одағының мүшесі, Махамбет ауданының Құрметті азаматы, ақын  Жәниба Қарасаеваның 70 жасқа толуына орай «Қазақтың жырға құмар бір қызымын..» атты кездесу өткізілді.

Шараайтыс өнерінің сарқылмас мұрасын жалғағанайтыскер ақын, өлең мен прозаға қатар қалам тербеген қазыналы қаламгер Жәниба Қарасаеваның өмірі мен шығармашылығын насихаттауға арналды.

 Жәниба Қарасаева1947 жылы Атырау облысының Махамбет ауданы, Таңдай ауылында дүниеге келген. Өзі туған ауылындағы Таңдай орта мектебінен соң, кәсіптік-техникалық училищеден сатушылық мамандық алып, сатушы, хатшы, есепші жұмыстарында болды. Гурьев педагогикалық институтын тарих мамандығы бойынша бітіріп, мектепте мұғалім, жатақхана меңгерушісі, 1986-1997 жылдары Бақсай кеңшарында кадр бөлімінің инженері, 2001-2005 жылдары Махамбет аудандық мәдениет бөлімінің бас маманы болып қызмет атқарды.

1977-1997 жылдары суырыпсалма ақындығымен көзге түсіп, аудан, облыс, республика көлеміндегі айтыстарға халық ақындары Қоныспай Әбілов, Әсия Беркенова, Әселхан Қалыбековалармен бірге қатысты.

Суырыпсалмалықпен қатар жазба ақындықпен де айналысады. «Сүтақы», «Жүректің пернелері», «Ана сағынышы», «Махаббат киесі», «Өмір тіні», «Махаббат мазары», «Сыңар аққу» т.б кітаптарының авторы.

Сондай-ақ «Елбасы», «Қыз ғұмыр-қызғалдағым», «Атырауым», «Жастық өтіп барады», «Кешір анашым» әндерінің әні мен сазын өзі жазған.

2016 жылға дейін Махамбет аудандық Зәмзәм Есжанова атындағы саз мектебінің филиалы ретінде ақындар сыныбын ашып, ақындыққа бейімі бар балаларды тәрбиелеп,  бірнеше айтыс ақындарын шығаруға үлес қосты.   

Кеңес Одағы көлеміндегі көркемөнерпаздар байқауының лауреаты, Республикалық суырыпсалма ақындар айтысының лауреаты атағымен, бүкілодақтық кәсіподақтар медалімен марапатталған. Махамбет ауданының Құрметті азаматы, Атырау мұнай және газ институтының Құрметті профессоры.

Кездесу барысында  сөз алған Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің профессоры, академик Қадір Жүсіп: «70 жылдардың аяғы, 80 жылдардың басында Жәниба Қарасаеваны халық негізінен айтыскер ақын ретінде таныды. Атырау өңірінде ақын Құмар Жүсіптен кейін 40 жыл үзілістен кейін шыққан соң, облыстық бір айтыста өз қолымызбен «Атыраудың №1 айтыскер ақыны» деген диплом табыс еткенбіз..» -деп, өзінің жарық көрген кітаптарын сыйға тартты.

Кездесу барысында көрермендерге бейнетаспадан 1985 жылғы республикалық көлемде өткен Жәниба Қарасаеваның Кеңес Тынымбаевпен айтысы және ақынның өмір жолынан шежіре-сурет көрсетілді. Ақынның өлеңдері оқылып, ақындық сыныбынан дәріс алған шәкірттері сөз сөйлеп, өздерінің шығарған өлеңдерін оқыды. Шарада ақынның «Елбасы», «Атырауым» әндері орындалды. Шараға өлкеміздегі ақын-жазушылар - Қазақстанның Құрметті журналисі Төлеген Жаңабайұлы, Қазақстан Жазушылар және Журналистер Одағының мүшесі Өтепберген Әлімгерейұлы, журналист Гүлзада Ниетқалиева, тіл басқармасы өкілі,  ақынның шәкірттері, студенттер, оқушылар, музей қызметкерлері, бұқаралық-ақпарат өкілдері қатысты.

«Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейі» КМҚК

 

Атырау қаласы, Б. Момышұлы көшесі, 3

Тел. 8 (7122) 32-36-64, 8 (7122) 32-29-12

Email: atyrau-museum@mail.ru