«Қылыш қорғанының қазбасы» тақырыбындағы онлайн сабақ

Атырау облысы тарихи-өлкетану музейі 24 ақпан 2017 жылы сағ.11.30-да Каспий өңірінің қазіргі заманғы колледжінің студенттеріне   археологиялық жәдігерлерді насихаттау мақсатында «Қылыш қорғанының қазбасы» тақырыбында онлайн сабақ өткізді.

Қылыш қорғандар тобы  Атырау облысы,  Индер ауданының Жарсуат ауылынан  22 км қашықтықта орналасқан. Қылыш қорғандар тобы құрамына төрт қорған кіреді. Бұл қорғанға Атырау облысы тарихи – өлкетану музейі 2012 жылы археологиялық қазба жұмысын жүргізді. Қазба жұмыстарының нәтижесінде  күміс белбеу тоғалары, алтын жалатылған қола жапсырмалары, асыл тасты сақина, бойтұмар, моншақтар, қола айна т.б табылды.

Онлайн сабақ барысында  археология ғылыми - зерттеу бөлімінің маманы Мир Әбдіғалиев Қылыш қорғаны туралы студенттерге дәріс оқып, музей қызметкерлері жүргізген қазба жұмыстары кезінде табылған археологиялық жәдігерлердің тарихы және маңыздылығы туралы таныстырды.

 Сабақта студенттердің өлкедегі тарихи орындар туралы білімдерін кеңейту, өлкеге деген қызығушылықтарын арттыру мақсатында сармат тайпасының  өмір сүрген кезеңі, Қазақстан өңірінің қай жерінде мекендеген және олардың  негізгі кәсіпшіліктері мен  Қылыш қорғандар тобының тарихына байланысты бірнеше сұрақтар қойылып, студенттер Кәкім Еркебұлан, Саламат Тельман, Ернар Камиев   тұшымды жауаптар берді.

«Студенттер үшін өлкенің тарихын терең танып білуге деген құштарлығын арттыруда бүгінгі сабақтың  өзіндік ерекшелігі бар», - деп колледж ұстазы Әділдек Қодаров өз пікірін білдірді.

«Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейі» КМҚК

 

Атырау қаласы, Б. Момышұлы көшесі, 3

Тел. 8 (7122) 32-36-64, 8 (7122) 32-29-12

Email: atyrau-museum@mail.ru