«Қарымды қаламгер» атты тарихи-тағылымдық сабақ

Атырау облысы тарихи-өлкетану музейі №12 Ф.Досымова атындағы орта мектебінде 23 ақпан 2017 жылы сағ.11:00 де танымал журналист, ақын-драматург, филология ғылымдарының кандидаты, профессор Марат Ысқақ Абдошұлының туғанына 85 жыл толуына орай «Қарымды қаламгер» атты тарихи-тағылымдық сабақ ұйымдастырды.

Сабақ жас ұрпақ санасына танымал, журналист, ақын-драматург жерлесіміз Марат Ысқақтың өмірі мен шығармашылығын таныстыру арқылы олардың білімдерін толықтыру, ой еркіндігін ояту, шығармашылық белсенділігін  шыңдау, ойларын дамыту мақсатында өткізілді.

Марат Ысқақ 1932 жылы 1 қаңтарда Атырау облысының (Гурьев) Құрманғазы (Теңіз) ауданындағы Қошалақ ауылында дүниеге келген. Ауылдағы жеті жылдық мектептен кейін, Алматыдағы №18 Жамбыл атындағы орта мектебін бітірген. 1950 – 1955 жылдары қазіргі  әл – Фараби атындағы қазақтың Ұлттық университетінің журналистика факультетін бітіреді. Осыдан кейін  журналистік қызметін бастап, 1962 жылға дейін Атырауда облыстық «Социалистік құрылыс» газетінде әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі болып қызмет істейді. 1962 – 1964 жылдары Алматыда Жоғары партия мектебінің тыңдаушысы  және баспасөз, радио, теледидар мамандығы бойынша оқиды. Марат Ысқақ  журналистік қызметін көркем шығармашылықпен қатар алып жүрген қаламгер. 1961 жылы «Шамшырақ» атты тұңғыш пьесасы Атырау облысының  театрында көрсетілді.

Ысқақ Марат  2004 жылы өмірден озды.

Сабақ барысында филология ғылымдарының кандидаты, профессор М.Ысқақтың  өмірдеректері туралы және ақын мұрағатында сақталып қалған жырларынан туып – өскен елге, туған жерге деген әсерлі де әдемі өрнек тапқан  «Сәби мұңы», «Отырар сазы», «Жоқтау», «Ата», «Сырласу», «Көрісу»,  т.б. өлеңдерінің ерекшеліктері түсіндіріліп, С.Мұқановтың «Шоқан Уәлиханов» пьесасында Шоқанның рөлінде ойнаған актерлік шеберлігі туралы айтылып, музей қорына жинақталған ақын фотосуреттерінен дайындалған слайд көрсетілді.

Сабақты №12.Ф.Досымова атындағы орта мектебінің 9 сынып оқушыларына тарих пәнінің мұғалімі Анар Есболованың қатынасуымен жалпы және қазіргі кезең тарихын ғылыми-зерттеу бөлімінің маманы Б.Аймуханова өткізді. Ақынға арналған тарихи-тағылымдық сабақтың оқушылар арасында өткізілуі оларға мол тәрбие беріп, ақын шығармалары олардың әдебиетке деген қызығушылығын арттыра түседі, -  деп тарих пәнінің мұғалімі Анар Есболова өз пікірін айтып,музей ұжымына алғысын білдірді.

«Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейі» КМҚК

 

Атырау қаласы, Б. Момышұлы көшесі, 3

Тел. 8 (7122) 32-36-64, 8 (7122) 32-29-12

Email: atyrau-museum@mail.ru