«Қансонарда бүркітші шығады аңға»

Атырау облысы тарихи-өлкетану музейінде 20 ақпан 2017 жылы  сағ.11.00 - де «Қансонарда бүркітші шығады аңға» атты шара ұйымдастырылды.

Қазақ халқының саятшылық дәстүрін ұмыт қалдырмай, жарасымды жалғастырып жүрген бүркітшілерді болашақ жас буын өкілдеріне таныстыру, еңбектерін насихаттауда шараның зор маңызы болды.

Алғашқы сөз кезегінде  Атырау облысы тарихи – өлкетану музейінің басшысы Р.Харипова шараға қатысуды құп көрген бүркітшілерге ризашылығын білдіре отырып, музей қорын толықтыру мақсатында жыл аяғына дейін бүркітшілердің құрал-жабдықтарынан жәдігер тапсырса деген ұсынысын айтты.

Шара барысында ұлы дала мәдениетінің ішіндегі төл өнеріміз құсбегілік өнердің тарихы, ата–бабамыздың ежелгі аңшылық, саятшылық дәстүрі жөнінде айтылып, құсбегілік жөнінде фильм көрсетілді.                         

Қазақстан Республикасы ұлттық ойындар федерациясының вице президенті Ерлен Оспанов өлкемізде өткен «Қансонар – 2017» құсбегілер турнирінің мақсаты, ата – бабамыздың ежелгі дәстүрін, ұлттық өнерін дамытып, насихаттап жүрген бүркітшілердің еңбектері жөнінде айтып,  өнерді насихаттауға үлес қосып отырған музей ұжымына алғысын білдірді.

Атырау өңірінің атынан сынға түскен бүркітші Абдулкарим Қошқаров құсбегілік өнердің сыры, өзіндік қиындықтары мен ерекшеліктері, Алматы облысынан келген құсбегі Қуаныш Исабеков құсбегіліктің тарихы, жалпы құсбегінің құрал-жабдықтарын таныстырды, маңызына тоқталды. Ақмола облысынан келген Тастанбек Ұмытқан қаршыға мен бүркіттің айырмашылығы, бүркіттің  қасиеттері жөнінде, Арман Қошқаров бүркітті ұстау, баптау жолдарын, қолға түсіру тәсілдерін, Тараз қаласынан келген құсбегі Бауыржан Ешметов қаршыға құсы, оны тәрбиелеу әдістері жөнінде айтып өтті. Сондай –ақ, Қазақстанның әр өңірінен  келген құсбегілерге студенттер көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойып, құсбегілік өнері жөнінде қызықты деректер мен тәлім-тәрбиесі мол әңгімелерін тыңдады.

Шараға Атырау облысы ұлттық спорт федерациясының президенті Асланбек Жанбалаев, Қазақстан Республикасы ұлттық ойындар федерациясының вице президенті Ерлен Оспанов, Қазақстан Республикасы бойынша бүркітшілердің бас бапкері Базарбек Күнтуғанов және  Қазақстанның әр өңірінен келген бүркітшілер,  сондай-ақ,  Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің ұстаздары мен студенттері, музей қызметкерлері, бұқаралық ақпарат өкілдері, шетелдік қонақтар қатысты.

«Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейі» КМҚК

 

Атырау қаласы, Б. Момышұлы көшесі, 3

Тел. 8 (7122) 32-36-64, 8 (7122) 32-29-12

Email: atyrau-museum@mail.ru