Атырау облысы тарихи-өлкетану музейінде 2017 жылғы 1 және 2 ақпан күндері сағ 11.00 және 15.00-де «Туған жер – тұғырым» тақырыбы аясында «Қазақ даласының тарихы» атты еліміздің және өңіріміздің (облысымыздың) тарихын насихаттау, музей қорындағы әр жылдары мәдени мұра бағытында жинақталған археологиялық, этнографиялық, тарихи құнды жәдігерлеріміздің тарихын білу мақсатында «Музейлік квест» интеллектуалды байқауы өткізілді.
1 ақпан күні квест байқауға мәдениет қызметкерлері қатысты: тарихи - мәдени мұраны қорғау, қалпына келтіру және пайдалану жөніндегі мемлекеттік инспекциясы, Н.Жантөрин атындағы облыстық филармония, Ғ.Сланов атындағы облыстық ғылыми - әмбебап кітапханасы.
2 ақпан күні квест байқауға қаладағы жалпы білім беретін мектептердің 9-10 сынып оқушылары қатысты: химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебі, №13 ұлттық гимназия, №17 мектеп гимназия. Байқау қазақ және орыс тілдерінде өткізілді.
Музей басшысы Р.Харипова барлық қатысушыларға квест байқаудың мақсаты мен шарттарын айта отырып, ойын ережелерін түсіндіріп өтті және қатынасушыларға сәт-сапар тіледі.
Байқау барысында қатысушылар үш топқа бөлініп, оларға музей мамандары жетекшілік етті. Барлық командалар музейдің экспозициялық залдары бойынша берілген тапсырмаларды орындап, сұраққа тез жауап беріп, жасырылған жәдігерлерді жылдам табуға тырысты.
Мәдениет мекемелері арасында ұйымдастырылған квест байқаудың жеңімпазы Атырау облысы Н.Жантөрин атындағы облыстық филармония командасы. Ал оқушылар арасында өткізілген квест байқаудың жеңімпазы химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектеп командасы. Байқаудың жеңімпаздары ақтық кезеңге жолдама алды.
Байқаудың қорытындысында музей басшысы Харипова Рашида Ерімқызы сөз сөйлеп, қатысушыларға музей ұжымы атынан арнайы алғыс хаттар табыс етті.
Байқауға мәдениет мекемелерінің қызметкерлері, жоғарыда аталған қала мектептерінің мұғалімдері мен оқушылары, музей қызметкерлері, БАҚ өкілдері қатысты.