Атырау облысы тарихи – өлкетану музейіне қарасты палеонтология бөлімшесінде 2016 жылғы 13 қазанда мүгедектер күніне орай мүмкіндігі шектеулі жандарға көтеріңкі көңіл сыйлау, ізгілік пен мейірімділікті насихаттау, мұқтаж жандарға қайырымдылық жасау арқылы рухани құндылықтардың маңыздылығын ашып көрсету, қайырымдылық шараларын ұйымдастыру мақсатында «Бор дәуірінің фаунасы» атты «Ашық есік күні» ұйымдастырылды.
Ашық есік күніне облыстық мылқаулар қоғамының басшысы З.Ахметова және қаламыздағы есту, сөйлеу қабілеттері шектелген мүгедектер қатысты.
Мүгедектерге музейдің экспозициялық залдарына экскурсия жүргізілді. Экскурсия барысында мүгедектерге өлкеміздің табиғи құндылықтары туралы, жер бетінде тіршіліктің пайда болуы, осыдан 80 миллион жыл бұрын, яғни мезозой дәуірінің бор кезеңінде құрлықта және суда тіршілік еткен жануарлар (белемниттер, аммониттер, теңіз кірпілері, теңіз лаласы, сегізсәулелі маржандар, акулалар, скаттар, динозаврлар, т.б,) жөнінде кеңірек мағлұматтар берілді.