Атырау облысы тарихи – өлкетану музейінде Қала күніне орай 2016 жылғы 4 қазанда 19.00 - 23.00 сағат аралығында «Музей түні» мерекелік шарасы өткізілді.
Шара барысында музей қонақтарына зергер, қолөнер шебері Қайрат Шапабаевтың зергерлік бұйымдарынан көрме және шеберлік сағаттары, Құрманғазы мәдениет сарайы өнерпаздарының концерті, «VERO Modelz» сән агенттігінің модельерлері ҚР Суретшілер одағының мүшесі Г.Махамбетованың сән үлгілерінен дефиле, Н.Жантөрин атындағы филармония жанынан құрылған «Мұрагер» фольклорлық ансамблінің концерті, квесттік ойындар ұйымдастырылды.
Музей алаңында Махамбет атындағы қазақ драма театрының актерлары мен музей қызметкерлері тарихи тұлғалар Исатай мен Махамбет, Бейбарыс сұлтан, Жәңгір хан, Ақсақ Темір, Сарбаздар образын сомдап, көрермендермен естелік фотосуретке түсті. Музей қонақтарына ата-баба дәстүріне сай самаурынмен шай қайнатылып, ыстық бауырсақ ұсынылды.
Мерекелік шараға Атырау қаласының әкімі С.Шапкенов, қала әкімінің орынбасары Г.Шакирова, Атырау облысы Мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Ә.Жоламанов, мәдениет және өнер мекемелерінің басшылары мен қызметкерлері, қала қонақтары, БАҚ өкілдері қатысып, музейдің экспозициялық залдарын тамашалап, тарихи тұлғалармен фотосуреттерге түсті.