Атырау облысы тарихи-өлкетану мұражайында 2016 жылғы 15 қыркүйекте сағ 15.00-де ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай «Туған жер-тұғырым» атты Музейлік квест интеллектуальды байқауы өткізілді. Мұражайдың экспозициялық залдарындағы жәдігерлер арқылы өңіріміздің тарихын жас ұрпаққа насихаттау үшін ұйымдастырылған байқауға қаламыздағы Қ.Дүтбаева атындағы Атырау гуманитарлық колледжі, Агротехникалық колледжі, Каспий өңірінің қазіргі заманғы колледжі, Атырау мұнай және газ институты студенттері арасынан 3 адамнан құралған 4 топ қатынасты.
Мұражай басшысы Р.Харипова байқаудың мақсаты мен шарттарын түсіндіре отырып, қатынасушыларға сәт-сапар тіледі. Этнография залында қатынасушыларға ойынның бағыты түсіндіріліп, алғашқы тапсырма берілді. Сол тапсырманың жауабын табу арқылы келесі тапсырманы алып отырды. Нәтижесінде әр жауап смайликтер арқылы бағаланып, Каспий өңірінің қазіргі заманғы колледжі студенттерінің тобы - 24 ұпай, Атырау мұнай және газ институты студенттерінің тобы - 28 ұпай, Қ.Дүтбаева атындағы Атырау гуманитарлық колледжі студенттерінің тобы - 31 ұпай, Агротехникалық колледжі студенттерінің тобы - 41 ұпай жинады.
Байқаудың жеңімпазы Агротехникалық колледжінің студенттері жобаның келесі турына жолдама алды.
Байқауға жоғарыда аталған оқу орындарының жетекшілері, мұражай қызметкерлері, бұқаралық-ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.