Халық батыры И.Тайманұлының туғанына 225 жыл және 1836 -1838 жылдардағы ұлт – азаттық көтерілістің 180 жылдығына орай «Тарих және Тұлға» тақырыбында ұйымдастырылған аймақтық ғылыми – практикалық конференцияның мәліметі

Атырау облысы Мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы, Атырау облысы тарихи-өлкетану мұражайы және Исатай аудандық әкімдігінің  ұйымдастыруымен 2016 жылғы 30 қыркүйекте халық батыры Исатай Тайманұлының туғанына 225 жыл, 1836-1838 жылдардағы ұлт–азаттық көтерілістің 180 жылдығына  орай  «Тарих және тұлға»  тақырыбында Исатай ауданы, Аққыстау селосындағы «Жалын» мәдениет үйінде  аймақтық ғылыми – практикалық  конференция өтті.

Конференция 1836 - 1838 жылдардағы ұлт - азаттық көтеріліс тарихы мен халық батыры Исатайдың ерлік жолдарын ұрпақтан-ұрпаққа жеткізуде және тәуелсіз Қазақстанның жеткіншектеріне үлгі етудеғылыми зерттеулер,  фольклорлық деректер мен жәдігерлерді насихаттау, оқу орындарындағы көтеріліс тарихының оқытылуын жетілдіруді баяндау мақсатында ұйымдастырылды.                 

Ежелден алмағайып заманалар мен талай дүрбелең оқиғаларды бастан кешіп, Еділ мен Жайық өзендері аралығындағы Нарын өңірінде орналасқан Исатай батырдың есімімен аталатын ауданда ұйымдастырылған конференция жұмысына Атырау облысы әкімінің орынбасары С.Нақпаев, «Нұр Отан» партиясы Атырау облыстық филиалының төрағасының бірінші орынбасары Н.Ожаев, Атырау облыстық мәслихат хатшысы С.Лұқпанов, Атырау облысы бойынша аудандық әкімдіктердің өкілдері, Исатай аудандық округтер әкімдері,  облыстық, аудандық мәслихат пен аудандық бөлімдер өкілдері,  Қазақстанның Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Әнес Сарай, Ақтөбе облысындағы Исатай қоғамдық қорының  төрағасы Еркін Құрманбек, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Маңғыстау облыстарының  аудандық әкімдік пен мәслихат, аудандық «Нұр Отан» партиясының өкілдері, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің профессорлары мен жергілікті өлкетанушылар, Мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасына  қарасты мәдениет және өнер мекемелерінің басшылары мен өкілдері, Атырау облысы бойынша  облыстық, аудандық, ауылдық мұражайлар басшылары мен мамандары,  Атырау қалалық, Исатай аудандық білім беру бөлімдеріне қарасты мектептердің  тарих, қазақ тілі мен әдебиеті  пәндерінің  мұғалімдері  және БАҚ өкілдері, барлығы 310  адам  қатынасты.   

Конференцияны Атырау облысы Мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Ә.Жоламанов кіріспе сөзбен ашып, Қазақстанның Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Әнес Сарай көтеріліс тарихы бойынша зерттеулері негізінде «Ертістегі ерек дерек»,  Ақтөбе облысындағы Исатай қоғамдық қорының  төрағасы Еркін Құрманбек  «Ер Исатай – ел есінде», Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің профессорлары Лесқали Бердығожин «Халық батырлары Исатай – Махамбет: ауызша тарихнама мәселесі», Аманкелды Шамғонұлы «Қаһармандар есімі – халықтың мәңгі жадында»,  ҚР Ақпарат саласының үздігі, Қазақстанның құрметті журналисіТөлеген Жаңабайұлы «Ұлт - азаттық көтеріліс және ақын - жыраулар»  тақырыптары бойынша баяндама жасады. Сондай-ақ тақырыптық баяндамалар барысында Исатай Тайманұлына қатысты фотосуреттер мен мұрағаттық  деректер слайд арқылы көрсетілді.

Конференцияға қатынасушылар тыңдалған  баяндамалар бойынша  талқыға салып, төмендегідей  ұсыныс - қарарларды  қабылдады.

Қарарды Атырау облысы тарихи-өлкетану мұражайының басшысы Р.Харипова оқыды.

1. Отандық тарих ғылымының алдында тұрған өзекті мәселелердің бірі болып саналатын халқымыздың рухани, ұлттық санасының қалыптасуына зор үлес қосқан еліміздің тәуелсіздігі жолындағы күрестегі тарихи тұлғалар туралы кеңінен зерттеулер жүргізу және Ресейлік мұрағаттардан  құжаттар мен дереккөздерді  облыстық мұрағаттар мен мұражайларға жинақтау;

2. 1836-1838 жылдардағы ұлт - азаттық көтеріліс басшылары Исатай Тайманұлы, Махамбет Өтемісұлы және көтеріліске қатынасушылар туралы  көтеріліс болған тарихи орындарды анықтап, белгі салу мақсатында жергілікті  өлкетанушылар, облыстық тарихи және мәдени мұраны қорғау инспекциясы, мұражай және мұрағат мамандарынан    арнайы топ құру арқылы тарихи экспедициялар ұйымдастыру;

3. Егемен Қазақстанның жас ұрпағын рухани және саяси  тұрғыдан тәрбиелеу үшін халқымыздың қаһарман ұлдары Қабыланбай Қалдыбаев, Құрақ Маябасов және тағы басқа да елеусіз қалған тарихи тұлғалар есімдерін  ұрпақ жадында мәңгі есте қалдыру мақсатында  Атырау  қаласында және Аққыстау селосында көшелерге, тағы басқа да мекендерге есімдерін беруді облыстық, қалалық  ономастикалық комиссияларға ұсыну;

4. Халық бостандығы жолындағы күре­скерлердің  ерліктерін ұлығылау, келешек жас ұрпақты отаншылдық рухта тәрбиелеу бағытында атқарылатын  іс –шаралар аясын  кеңейту арқылы  Исатай батырдың туған жері, көтеріліс болған орындар және кесенесіне дейінгі аралықтарды туристік  нысанға айналдыру үшін бұл тарихи орындардың  аймағын  абаттандыруды жолға қою;

5. Исатай кесенесі алдында азаттық үшін күрескен батырлардың есімдері жазылған  архитектуралық-мұсылмандық тас белгілер қойып,  көтеріліс тарихын баяндайтын барельеф тұрғызу және  көтеріліс болған жерлерге белгі орнату,  Шейітсай бойында Исатай патриоттық-мемориальдық кешенін ашу және Исатай кесенесін Республикалық мемлекеттік ескерткіштер тізіміне енгізуді жолға қою;

6. Исатай батыр кесенесі жанындағы  белгісіз төмпешіктер көтерілісшілердің бейіттері болғандықтан сол аумақты қоршап, қорғауға алу, өзен маңындағы ХҮІІІ – ХІХ ғасырлардағы бейіттер мен құлпытастарды сақтау және  зерттеу жұмыстарын жүргізуді қолға алу;

7. Исатай жайлы тарихи-танымдық, ғылыми кітаптар шығару, жаңадан деректі фильмдер түсіру  және еліміздің тәуелсіздігі жолындағы күресте тарихта есімдері  қалған өлкеміздің қаһарман ұлдарының  ерліктерін әлемге насихаттау мақсатында  арнайы сайттар ашу, Исатай есімін әскери құрамаларға беруге, оның атында әскери орден тағайындалуына ұсыныстар беру;

8. Батырдың тарихи рөлін көрсетуде ғылыми-зерттеу жұмыстарын және оны насихаттауды жүйелі түрде жүргізіп, жас ұрпақты  патриотизмге тәрбиелеуде Исатай батырға арналған республикалық көлемде конференциялар,  шаралар, конкурстар, тақырыптық фестивальдар мен жарыстар ұйымдастыру;

9. Туған жері Қызылқоға ауданыныдағы Жангелдин ауылына Исатай атын беру;

Сондай-ақ қарарға Ә.Сарай Қызылқоға ауданыныдағы Исатайдың жүрген, отырған жерлері Борсаң мен Сарыкөлге белгі қою жөнінде ұсыныс білдірді.

Конференциядан кейін Атырау облысы тарихи – өлкетану мұражайына қарасты Исатай аудандық мұражайының жаңа ғимаратқа көшірілуіне орай экспозицияның ашылуы рәсімі өтті. Мұражай  экспозициясының ашылуында лента қию рәсімін  Атырау облысы әкімінің орынбасары С.Нақпаев және Қазақстанның Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Әнес Сарай жасады.

Мұражайдың жаңа экспозициясы «Исатай ауданының  тарихы», «Өлке тарихы»,   «Аудан ардақтылары» «Этнография, археология  және өлке табиғаты» атты 4  экспозициялық залдан  тұрады.

Экспозицияда  Исатай ауданының өткен кезеңдері мен бүгінгі болмысын бейнелейтін фотосуреттер мен мұрағаттық деректер,  1836-1838 жылдардағы ұлт – азаттық көтеріліс картасы, көтеріліс башылары И.Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлына қатысты мұрағаттық құжаттар мен деректер, зергерлік бұйымдар, аң – құстар тұлыптары  т.б. жәдігерлер орын алған.  Экспозицияға 386 дана құжаттар мен фотосуреттер, 106 дана заттық бұйымдар  барлығы  492  дана  жәдігер қойылған.

 

 

 

«Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейі» КМҚК

 

Атырау қаласы, Б. Момышұлы көшесі, 3

Тел. 8 (7122) 32-36-64, 8 (7122) 32-29-12

Email: atyrau-museum@mail.ru