Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласына орай Атырау облысы тарихи-өлкетану музейі қорындағы тарихи-мәдени құндылықтарды насихаттау мақсатында27 қыркүйек 2017 жылы, сағат 11.00-де Маңғыстау облыстық тарихи-өлкетану музейінде «Тарихы терең-Атырау» көрмесінің ашылу салтанаты өткізілді.
Көрмеге Атырау облысының тарихы, табиғаты, негізгі байлығы болып табылатын мұнай және балық өнімдерінің түрлері, Ақкегершін, Ақтолағай үстірттерінен табылған белемниттер, аммониттер, акула тістері, Аралтөбе қорғанынан табылған алтын киімді сармат көсемінің фотосуреттері мен алтын әшекейлері, Ортағасырлық Сарайшық қалашығынан табылған қола айналар, тиындар, моншақтар, шырағдандар, құбырлар, шығырлар мен құмыралар, Мысыр елін 17 жыл билеген Сұлтан Бейбарыс қабірінен алынған тас бөлігі мен алтын монета, күміспен әшекейленіп жасалған мамлюктер тапаншасы, өлкеміздің мәдениеті, өнері мен әдебиетінің дамуына өлшеусіз үлес қосқан қазақтың әйгілі күйші композиторы, Қазақстанның халық әртісі Д.Нұрпейісова; домбырашы, дирижер, Қазақстанның халық артисі Р.Ғабдиев; күйші-домбырашы, Қазақстанның халық әртісі Қ.Ахмедияров; ақын, жазушы, Қазақстанның халық жазушысы (1996), Ұлы Отан соғысының ардагері, Парасат орденінің иегері Ә.Сәрсенбаев; қазақ ақыны, Қазақстанның халық жазушысыХ.Ерғалиев; жазушы, әдебиет зерттеушісі, ұстаз, филология ғылымының докторы, профессор, Қазақстан Ұлттық Ғылым академиясының академигі, Қазақстанның Халық жазушысы, Қазақ және Қырғыз Республикаларының еңбек сіңірген ғылым қайраткері З.Қабдолов, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік әнұранының (мәтіні) авторы, көрнекті ақын, Қазақстан Жастар одағы сыйлығының иегері Ж.Нәжімеденов; ақын, халық жазушысы, журналист, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің I және II шақыруларының депутаты Ф.Оңғарсынованыңжеке тұтынған бұйымдары мен кітаптары, сүйек, тері, ағаш, жез, зергерлік бұйымдар коллекциясы, ұлттық киім түрлері, барлығы 353 дана жәдігер қойылды.
Көрменің ашылу салтанатына Маңғыстау облысы Мәдениет басқармасының бас маманы Расул Айтжанов, партия, кеңес қызметкері, «Ерен еңбегі үшін» медальінің иегері, жерлесіміз Есен Күмісқали, «Отпантау» тарихи-мәдени кешенінің басшысы Нұрлан Мұсаев, Серікбол Қондыбай атындағы мемориалдық музей басшысы Рима Бердиева,өнер және мәдениет қызметкерлері, Ақтау қаласындағы «Қайнар», «Келешек», М.Тынышбаев атындағы ҚАЗКК колледждерінің ұстаздары мен студенттері, № 9, 11 орта мектептердің ұстаздары мен оқушылары, БАҚ өкілдері барлығы 102 адам қатынасты. Аталған көрме 27 қазанға дейін облыс тұрғындары мен қонақтарына насихатталынатын болады.
Көрменің ашылу салтанатында сөз алған партия, кеңес қызметкері, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, жерлесіміз Есен Күмісқали аталған көрменің кейінгі ұрпақты рухани дамыту мақсатында атқаратын ролінің зор екендігіне тоқтала отырып, Атырау облысы тарихи-өлкетану музейінің көрмесімен былтырғы жылы Оңтүстік Қазақстан облысына барғанда Қожа Ахмет Яссауи кесенесіндегі көрмесін көріп риза болғандығын айта отырып, музей ұжымына ризашылығын білдіріп, еңбектеріне шығармашылық табыс тіледі.
Маңғыстау облыстық Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының міндетін атқарушы П.Сармурзинаның музей мамандарының ғасырлар қойнауынан жеткен құндылықтарды – рухани, тарихи, мәдени мұраларды жинақтап, есепке алудағы, зерттеп, зерделеудегі, сақтап, насихаттаудағы тынымсыз еңбектерінің өлшемі – ұлт болашағының рухани қазынасы екендігіне тоқтала келіп, музей ұжымына ризашылық сезімін білдірген Алғыс хатын музей басшысы Тамара Жұмалиева Атырау облысы тарихи-өлкетану музейінің басшысы Рашида Хариповаға және музей ұжымына алғыстарын білдіріп, арнайы алғыс хатпен марапаттады.