«ЭКСПО - 2017» халықаралық мамандандырылған көрмесі аясында Астана қаласында Атырау облысының Мәдениет күндері өткізілуіне орай өңірлер арасындағы мәдени байланыстарды нығайту, «ЭКСПО - 2017» көрмесіне келушілер және Астана қонақтары мен тұрғындарын Атырау облысы тарихи - өлкетану музейінің қорында жинақталған қазақ халқының этнографиялық және рухани мәдениетінің баға жеткісіз жәдігерлерімен таныстырумақсатында 17 - 20 шілде аралығында «Этноауыл» көрмесі ұйымдастырылды.
Көрмені Атырау облысының әкімі Н.Ноғаев, мемлекет және қоғам қайраткері Р.Шырдабаев, жазушы-драматург, ҚР Сенатының депутаты Қ.Ищанов, қаламгер –журналист, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі М.Құлкенов, ақын Ақұштап Бақтыгереева, Маржан Ершуова, Қазақстанның еңбек сіңірген заңгері И.Елекеев, мемелекет және қоғам қайраткерлері, сондай-ақ Гонконг институтының президенті TmiоtҺy W.Tоng, Пәкістан, Филиппин, Тайланд, Германия, Монғол, Ресейдің Челябинск, Әзірбайжан, Өзбекстан мемлекеттерінен және Астана, Алматы, Ақтөбе, Қостанай, Арқалық, Тараз, Шымкент, Түркістан, Семей, Павлодар, Қызылорда, Шығыс Қазақстан, Атырау қалаларынан келген қонақтар мен ҚР Ұлттық музейінің қызметкерлері, Маңғыстау облысының әр аудандарынан келген оқушылар тамашалап, оларға мазмұнды мәліметтер берілді.
Экскурсияны жалпы және қазіргі кезең тарихын ғылыми зерттеу бөлімінің меңгерушісі А.Бағытжанова жүргізді.
Шет елдік қонақтар этнографиялық жәдігерлер - сүйек, тері, ат әбзелдері, ағаш және зергерлік бұйымдарға, соның ішінде домбыра саз аспабына қызығушылық танытып, өз әсерлерімен бөлісті. Келген қонақтар естелік суреттеріне түсіп, пікір кітабына өз лебіздерін жазып қалдырды.
Көрме барысында Ұлттық академиялық кітапхана жанынан құрылған оқушылар клубының мүшелеріне ұлттық қанталапай ойыны ойнатылды.
КөрмегеАтырау облысының мұнайы және балық өнімдері, зергерлік (өңіржиек, шекелік, жүзіктер, білезіктер, бойтұмарлар, белдіктер, сырғалар т.б), сүйек (сүйектелген сандық, домбыра, секер шаққыш), тері (торсық, кесеқап, саба), ағаш (тостаған, ожау, көзелерімен, ағаш табақ) және жез бұйымдар түрлері (шәйнек, сүт құйғыш, құман, шелек т.б), қару-жарақ (қылыш, айбалта, садақ қорамсабымен), ат-әбзелдері (қамшы, ертоқым), ер адам мен әйел адамның ұлттық киімдері, барлығы 200 дана жәдігер қойылды.