"Мұнайлы ел, шырайлы ел - Атырау" көрмесі

"ЭКСПО - 2017" халықаралық мамандандырылған көрме аясында Атырау облысы Мәдениет күндерінің өткізілуіне орай 16-17 шілде күндері тарихи - өлкетану музейі қорынан  "Мұнайлы ел, шырайлы ел - Атырау" көрмесі Астана концерт залында (Конгресс-холл) ұйымдастырылып, қала тұрғындары мен қонақтарына насихатталды.        

Өңірлер арасындағы мәдени байланыстарды нығайту, Астана қаласының тұрғындары мен қонақтарына Атырау облысы тарихи-өлкетану музейінің қорында жинақталған қазақ халқының материалдық және рухани мәдениетінің баға жеткісіз жәдігерлерімен таныстыру мақсатында ұйымдастырылған көрме 16 шілде  сағат 11.00-де салтанатты түрде ашылды.

Көрменің ашылу салтанатына ел ағалары - жазушы-драматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әнес Сарай, қаламгер - журналист, Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Мереке Құлкенов, Қазақстанның еңбек сіңірген заңгері, "Құрмет" орденінің иегері Ирак Елекеев, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының екі мәрте лауреаты Марат Мажитов “ҚазМұнайГаз” Барлау Өндiру” АҚ-ның әлеуметтiк және әкiмшiлiк департаментiнiң басшысы Бақыт Иманғалиев және  белгілі ақын Маржан Ершу  қатысты.

Аталған көрмеге Атырау қаласының құрылу тарихы, табиғаты, негізгі байлығы болып табылатын мұнай және балық өнімдерінің түрлері; Ақкегершін, Ақтолағай үстірттерінен табылған белемниттер, аммониттер, сәулелі маржандар, губкалар мен акула тістері; Аралтөбе қорғанынан табылған алтын киімді сармат көсемінің фотосуреттері мен алтын әшекейлері, Ортағасырлық Сарайшық қалашығынан табылған қола айналар, тиындар, моншақтар, шырағдандар, құбырлар, шығырлар мен құмыралар т.б; Тарихи тұлғалар - Мысыр елін 17 жыл билеген Сұлтан Бейбарыс қабірінен алынған тас бөлігі мен күміспен әшекейленіп жасалған мамлюктер тапаншасы; Абылай, Әбілқайыр, Жәңгір хандардың және халық батырлары С.Датұлы, И.Тайманұлы, М.Өтемісұлының мөрлерінің көшірмелері; Ұлы Отан соғысында өшпес ерліктерімен танылған атыраулық батырлардың құжаттары мен тұтынған бұйымдары; Өлкеміздің мәдениеті, өнері мен әдебиетінің дамуына өлшеусіз үлес қосқан Қ.Сағырбайүы, Д.Нұрпейісова, Р.Ғабдиев, Қ.Ахмедияров, Ә.Сәрсенбаев, Х.Ерғалиев, Т.Амандосов, Ж.Нәжімеденов, Ф.Оңғарсынова ның жеке тұтынған бұйымдары; Музей қорындағы  сүйек, тері, ағаш, жез, зергерлік бұйымдар коллекциясы, ұлттық киім түрлері, көне  діни кітаптар; С.Құсайынов, М.Төрешов, Ә.Есқалиев, И.Жақанов, А.Үлкенбаева сынды мәдениет, өнер майталмандарының  және тарихи-өлкетану музейінің ұйымдастыруымен өткізілген домбыра аспабын жасаушы шеберлердің I - аймақтық  "Үкілі домбыра" сайысында жүлделі орын алған домбыралар, барлығы 780 дана жәдігер қойылды.

«Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейі» КМҚК

 

Атырау қаласы, Б. Момышұлы көшесі, 3

Тел. 8 (7122) 32-36-64, 8 (7122) 32-29-12

Email: atyrau-museum@mail.ru