4 - маусым ҚР Мемлекеттік рәміздері күніне орай ұйымдастырылған «Мақтанышым–мемлекеттік рәміздер» атты жылжымалы көрмесі

Атырау облысы тарихи - өлкетану музейі  4 - маусым  ҚР Мемлекеттік рәміздері күніне орай  2017 жылы 2 маусым сағ:16.00 – де М.Әуезов атындағы №7 орта мектептің жанынан құрылған «Күншуақ» жазғы сауықтыру лагеріне «Мақтанышым–мемлекеттік рәміздер» атты жылжымалы көрме ұйымдастырылды.

Көрме оқушыларды Отансүйгіштікке, адамгершілікке, Отанына, халқына адал қызмет етуге, елінің Туын, Елтаңбасын, Әнұранын қастерлеуге, халқының тегін, тарихын білуге тәрбиелеу және Қазақстан Республикасының рәміздері туралы кеңінен түсінік беру мақсатында өтті.

ҚР Туы. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы ұзындығы 2 метр, ені 1 метр көгілдір түсті мата. Ортасында шұғылалы күн, оның астында қалықтап ұшқан қыран құс, сол жақ сабының тұсынан ұлттық өнер нақышталған тік жолақ көктеп өтеді. Алтын күн молшылықтың, байлықтың белгісі болса, қыран құс халықтың арман – мақсатының биік екенін көрсетеді. Ою ұлттық нақыштарымызды білдіреді.

Авторы. Мемлекеттік Ту 1992 жылы 4 маусымда қабылданды. Тудың авторы Шәкен Оңласынұлы Ниязбеков.

Елтаңба.«Таңбасыз ел болмайды, найзасыз ер болмайды» дейді қазақ халқы. Кейбір мемлекеттер өзінің елтаңбасын өсімдіктер немесе жануарлар суретімен бейнелейді. Қазақстан Республикасының Елтаңбасында көгілдір түс аясында шаңырақ бейнеленген. Шаңырақты айнала күн сәулесіндей тарап уықтар шаншылған, оны аңыздардағы пырақтар қанаты көмкеріп тұр. Елтаңбаның жоғары жағында бесбұрышты жұлдыз, ал төменгі жағында «Қазақстан» деген жазу бар.

Елтаңба авторлары. Елтаңбаның авторлары Шот - Аман Уәлиханов және Жандарбек Мәлібеков. Шот - Аман Ыды­рысұлы Уәлиханов.

Әнұран. Отан Гимні – еліміздің ұлы ұраны, мемлекетіміздің дауылпаз дабылы, бүкіл мердианды тік көтерген даңқты дабысы елдіктің, ерліктің символы. Өткен жылдар өткелдерінің өлеңі, келер күндер керуенінің аршынды адымының арыны, мәңгілік сарқылмайтын, жарық пен шаттықтың шарқ ұрған сарыны.

Авторлары.Қазақстан Республикасының Гимні 2006 жылы 7 қаңтарда бекітілді. Гимннің сөзін жазғандар: Жұмекен Нәжімеденов, Нұрсұлтан Назарбаев. Әнін жазған Шәмші Қалдаяқов.

Мемлекеттік рәміздер фотосуреттері мен текстілер бойынша арнайы планшеттен құрастырылған көрмені №7 мектепте орналасқан  «Күншуақ» жазғы сауықтыру лагерінің «Достық», «Сұңқар» топтарының оқушыларына  Жалпы және қазіргі кезең тарихын ғылыми – зерттеу бөлімінің маманы Б.Аймуханова таныстырды.

Көрме барысында оқушылардың көкейлеріндегі сұрақтарына тұщымды жауаптар берілді.

«Күншуақ» жазғы сауықтыру лагерінің басшысы Майжан Қойшығұлова мектеп ұжымы атынан аталмыш көрмені ұйымдастырғаны үшін музейге ризашылығын білдірді.

Шара соңында Әнұран айтылып, естелік фотосуретке түсірілді.

«Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейі» КМҚК

 

Атырау қаласы, Б. Момышұлы көшесі, 3

Тел. 8 (7122) 32-36-64, 8 (7122) 32-29-12

Email: atyrau-museum@mail.ru