Атырау облысы тарихи-өлкетану мұражайы қорынан 2016 жылғы 17 қыркүйекте Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай Астана қаласындағы Бейбітшілік және келісім сарайында «Қуатты өңір-қуатты Қазақстан» атты өңірлердің күндерін өткізу барысында «Ғасырлардан сыр шерткен Атырау» атты көрме ұйымдастырылды.
Аталған көрмеге орта ғасырлық Сарайшық қалашығынан табылған археологиялық бұйымдар, тарихи тұлғалардың мұрағаттық құжаттары мен жеке заттай жәдігерлері шығарылды. Этнографиялық тұрмыстық бұйымдар, қолөнер шеберлерінің туындылары, ағаш ыдыстар, зергерлік әшекей бұйымдары жұртшылық назарына ұсынылды.
Атырау қазақ тарихына, мәдениеті мен әдебиетіне өшпестей із қалдырған, мұралары жүзжылдықтармен өлшенетін, еңбектері ел есінде мәңгі қалған тарихи тұлғаларды шығарған қасиетті мекен. Көрме барысында Еділ-Жайық перзенті, Мысыр елін 17 жыл билеген даңқты Бейбарыс сұлтаннан бастап кіші жүздің ханы Әбілхайыр, Ішкі Орданың негізін қалаушы Бөкей хан, Бөкей Ордасының соңғы билеушісі Жәңгір хан жайында мәліметтер алға тартылды. Сондай-ақ, Махамбет Өтемісұлы, Исатай Тайманұлы, Сырым Датұлы сынды жаужүрек батырлар мен Құрманғазы Сағырбайұлы, Дина Нұрпейісова сияқты исі қазаққа мәшһүр күйшілер жайлы мәліметтер, одан берірек ХХ ғасыр тарих сахнасына шығарған ақын-жазушылар мен ғалымдар, күйшілер мен әртістер Әбу Сәрсенбаев, Тауман Амандосов, Зейнолла Қабдолов, Жұмекен Нәжімеденов, Фариза Оңғарсынова, Нұрмұхан Жантөриндей тұлғалар туралы мәліметтер және бұрын соңды көрмеге шығарылмаған домбыралар коллекциясы да көрмеден орын алды. Олардың арасында биылғы жылы облыс көлемінде 70 жылдық мерейтойы тойланғалы отырған Қазақстанның Халық артисі, ҚР мемлекеттік сыйлығының лауреаты, сазгер-домбырашы Қ.Ахмедияровтың домбырасы, 100 жылдық мерейтойы тойланғалы отырған Қазақстанның Халық жазушысы, Ұлы Отан соғысының ардагері, ақиық ақын, күйші Х.Ерғалиевтің домбырасы және т.б өнер иелерінің домбыралары бар. Көрмеге барлығы 249 жәдігер қойылды.
Көрме барысында күмістен жасалған әшекейлер мен белбеулер, этнографиялық тұрмыстық бұйымдар және домбыралар коллекциясы ерекше көзге түсті.