«Шебер-Фест»

Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінде 2023 жылдың 27 шілде күні сағат 11:00 ата-бабадан қалған қолөнерді жаңғыртушы шеберлердің арасында «Шебер –Фест» шеберлік сағаты өткізілді.

Шеберлік сағат қазақ халқының ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық мұрасының бір бөлігі – ұлттық қолөнерді жас ұрпаққа дәріптеу, тамырын тереңге жайып келе жатқан халық мұрасы-қолөнер шеберлерінің қолынан шыққан туындыларымен таныса отырып, халық өнерін қастерлеу, үлгі тұту және насихаттау мақсатында ұйымдастырылды.

Шеберлік сағатында ағаш пен теріден түйін тиген шебер Н.Қалиев тері мен металды қалай пайдалану керектігін көрсетіп, музей қорына тапсырған қолөнер туындыларын, көне музыкалық аспаптары-домбыра, асатаяқ, тұяқтас, дабыл, дауылпаз және сүйектелген сандықты, ағаштан жасалған қобыз бен тегене ыдысының жасалу жолдарына тоқталып өтті. Ал зергерші Е.Арыстанов зергерлік заттарды отқа қыздырып дәнекерлеу арқылы пішінін шығарылатынын, әр түрлі техникалық тәсілдерді пайдалана отырып, нақыштау, сіркелеу, ойып күмістеу, бедерлеу, өру,  тоқымалау арқылы жүзікке бедерлі өрнек түсіруге болатынын түсіндірді. Күш пен шыдамдылықты талап ететін жұмыстың бірі киіз басу. Киіз басудың шебері М.Мұратқызы мен Г.Ержанқызы киізді жасау барысында меринос жүннен салыс жүнді бір-бірімен ұйыса байланыстыра төсеп, талдырмадан ою өрнекті қиып алып бастырып, су сеуіп сабындап, қайтадан орап басып, одан кейін жылы сумен жуып кептіріп алатынын көрермендерге түсіндіріп берді.

Сонымен қатар тігінші А.Сүйесинова құрақ құрау-бұл нағыз өнер, мата қалдықтарын үнемдеп тігудің ерекше түрі. Анамыз балалардың басы құралсын, ұрпақ жалғастығы сақталсын деп ырым етіп, мал-жан көбейсін деп, әрбір қиыққа мән беретінін айтып, құрақ құраудың қыр-сырын, жасалу жолдарын айтып, бүгінгі шеберлік сағатының кейінгі ұрпаққа берер тағылымы мол екенін атап өтті.

Шеберлік сағатына ағаш және темірден түйін түйген қолөнер шебері Нұрсұлтан Молдағұлұлы, зергерші, ұста шебері Есім Нұрлығайынұлы, шебер тігінші  Ахраш Аяшқызы, киіз басу шеберлері Гүлзада Ержанқызы,  Майра Мұратқызымен Облыстық «Жастар ресурстық» орталығының жастары, Мақаш Бекмұхамбетов атындағы орта мектептің оқушылары және өзге де қала қонақтары қатынасты.

Шара соңында музей басшысының орынбасары С.Қалитқызы барша шара қонақтарына алғыстарын айтып, музей ұжымы атынан естелік сыйлықтар мен Алғыс хаттарын табыс етті.

«Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейі» КМҚК

 

Атырау қаласы, Б. Момышұлы көшесі, 3

Тел. 8 (7122) 32-36-64, 8 (7122) 32-29-12

Email: atyrau-museum@mail.ru