Ғылыми зерттеу
жұмыстары
Археологиялық
зерттеулер
Бірегей
жәдігерлер
Өлке
тарихы
Slider

Құрметті музей қонақтары!

Атырау облыстық тарих-өлкетану музейінің сайтына қош келдіңіз! Біздің веб-сайттан Сіз музей жұмысының негізгі бағыттары, өткізілетін және жоспарланған іс-шаралар мен көрмелер туралы біле аласыз, музей қорындағы коллекцияларды тамашалап және музейдің онлайн қызметтерін қолдана аласыз.

Жұмыс уақыты

Дүйсенбі Демалыс күні
Сейсенбі 09:00-18:00
Сәрсенбі 09:00-18:00 
Бейсенбі 09:00-18:00 
Жұма 09:00-18:00 
Сенбі 09:00-18:00 
Жексенбі 09:00-18:00
Түскі үзіліс 13:00-14:00

«Әр айдың соңғы жұмасы – тазалық күні»

Виртуалды тур
3D модельдер
Бейне роликтер
Оқушылар ертегі  айтудан сайысты

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылды «Балалар жылы» деп жариялауына орай Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейі 8-10 жас аралығындағы балаларға арналған «Ертегілер елінде» атты ертегі айту сайысын өткізді. Қазақтың халық ертегілерін нақышына келтіріп айту жарысына Атырау қаласындағы мектептердің және Махамбет ауданы Таңдай ауылдық мектебінің оқушылары қатысты.

Оқушыларды халық ауыз әдебиетіндегі ертегілермен сусындатып, осы арқылы олардың сөздік қоры мен қиялын дамытқан жарыс қорытындысында Махамбет ауданы Таңдай ауылындағы Қаршыға Ахмедияров атындағы орта мектептің оқушысы Ғибрат Есенғазы – «Ертегі әлемінің ханзадасы», Атырау қаласындағы №41 мектеп-гимназиясының оқушысы Әсел Махсот – «Ең сүйкімді ертекші», №36 мектеп оқушысы Іңкәр Елжан – «Ертегі әлемінің ханшайымы», №2 Жұмекен Нәжімеденов атындағы орта мектептің оқушысы Інжу Қуанышқызы – «Көркем сөйлеу шебері», №31 мектеп-гимназиясының оқушысы Нұрайна Темірбек – «Ең зерек ертекші», Мақаш Бекмұхамедов атындағы орта мектептің оқушылары Гүлнұр Борис – «Ертегі әлемінің көзайымы», Әсемай Борис – «Ең кішкентай ертекші» аталымдарының иелері атанды.

«Ертегілер елінде» сайысының ІІІ дәрежелі дипломы Жұмекен Нәжімеденов атындағы орта мектептің оқушысы Сабыр Нысанбайға бұйырса, ІІ дәрежелі диплом №22 Әлия Молдағұлова атындағы орта мектептің оқушысы Әдемі-ай Әлімге табысталды. Ал жарыстың негізгі І дәрежелі марапатын Махамбет ауданы Таңдай ауылындағы Қаршыға Ахмедияров атындағы орта мектептің 4 сынып оқушысы 9 жастағы Данагүл Мұхит жеңіп алды.
Сайысқа Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейі басшысының міндетін атқарушы Динара Бисембаева, облыстық балалар кітапханасы басшысының орынбасары Айтолқын Қабиева, музейдің ғылыми зерттеуді қамтамасыз ету бөлімінің маманы Светлана Нұрпейсовалар төрелік жасады.

«Күміс әшекейлі қыз» жәдігері оқушыларға таныстырылды

Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінде «Күміс әшекейлі қыз жасауы» атты танымдық сабақ өтті. Атырау қаласындағы № 3 мектеп-гимназиясының 11 сынып оқушылары қатысқан дәрісте 2020 жылы музей жанынан құрылған археологиялық экспедицияның қазба жұмыстарын жүргізу кезінде Қызылқоға ауданындағы Миялы(Жанкелді) қорғанынан табылған «Күміс әшекейлі қыз» жәдігері мен мүрдемен бірге жерленген жылқы басына салынған жүгеннің күміс әшекейлері туралы толымды мазмұнға ие таныстырылым болды.

Сабақ бес кезеңге бөлініп, «Мағұлұмат беру» бөлігінде оқушылар музейдің көрме залында жер қойнауынан табылған құнды жәдігердің ерекшеліктері мен зерттелу барысымен лед-экраннан көрсетілген слайдтар арқылы танысып, «Мен – саяхатшымын» бөлігінде «Археология» экспозициялық залында көрініске қойылған «Күміс қыз» жәдігеріне тиесілі әшекейлер мен жылқы жүгенінің күміс жапсырмаларын тікелей тамашалады. Осымен қоса жерленген адам қаңқасының қасынан табылған күміс сырға мен бойтұмар, темір қайшы мен пышақ сынығын көрді. Залды аралау барысында сабақ жүргізуші, музейдің ғылыми-зерттеуді қамтамасыз ету бөлімінің тарихшы-археолог маманы Эльмира Ибрагимова өзге де жәдігерлер жөнінде толыққанды мәліметтер беріп, «Мен-тарихшымын» кезеңінде көрген жәдігерлері туралы және аралау барысында айтылған мәліметтер турасында пысықтауға сұрақтары қойылып, жауаптар алынды. Ал, «Мен-реконструктормын» бөлігінде оқушылар екі топқа бөлініп, қиыққа бөлінген суреттерді құрастыруда «Кім жылдам?» екенін анықтаса, «Мен-археологпын» кезеңінде оқушылар топырақ астына көмілген құмыра сынықтарын қазып алу ойынын ойнады.
Дәріс соңында оқушылар музейдің өзге залдарын аралап, шәкірттердің жетекшісі, тарих пәнінің мұғалімі Шынар Баданова музей ұжымына алғыс білдірді.

"Археология" экспозициялық залы ашылды

Атырау облыстық  тарихи-өлкетану музейінде  Атырау өңірінде жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары барысында Аралтөбе, Миялы, Борсық, Қылыш, Сарықамыс, Иманқара, Құдайберген қорғандарынан табылған б.з.д. IV ғасыр мен б.з. XI ғасыр аралығын қамтыған жәдігерлердің тарихын, мәдениетін, көшпелі тайпалардың өркениеті мен жетістіктерін көпшілікке насихаттайтын «Археология» экспозициялық залы қайта жасақталып ашылды.

Залдың салтанатты ашылуына Сақ және Ғұн тайпалары жауынгерлерінің қалыпқа келтірілген тұлғалық мүсіндерінің авторы «Тархан» тарихи реконструкциалар орталығы» шығармашылық тобының менеджері Алау Ахметжанов, облыстық  Мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының орынбасары Әсия Қыстаубаева, экспозициялдық залды жасақтауға демеушілік білдірген «Ақ желкен» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы Нұрберген Даулетов, музей жанынан құрылған ғылыми-кеңес мүшелері, тарихшылар, өлкетанушылар, студенттер қатысты.

Жаңғыртылған  экспозициялық залда  Атырау облыстық  тарихи-өлкетану музейі жанынан құрылған экспедициялық топтың облыс аумағында әр жылдары жүргізген археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылған жәдігерлер қойылды. Көрермендер бұл жерден 1999 жылы Жылыой ауданындағы Аралтөбе қорғандар комплексінен табылған «Сармат көсемі» атауы берілген «Алтын адамды», 2017 жылы Қызылқоға ауданындағы Миялы қорғанынан табылған «Ұлы дала жауһары» аталатын  алтын киімді әйелдің реконструкциясын, Сақ және Ғұн тайпалары жауынгерлерінің қалыпқа келтірілген тұлғалық мүсіндерін, 2020 жылы  Миялы (Жангелді) қорғандарынан табылған күміс әшекейлі қыздың және жылқы жүгенінің әшекейлі күміс жапсырмаларын,  Аралтөбе қорғанының макетін тамашалады.

Ерте темір дәуірін көз алдыңа келтірер көріністер  мен жүргізілген қазба жұмыстарының кейбір сәттері арқылы әсем безендірілген залда сондай-ақ қазба жұмыстары кезінде Аралтөбе, Иманқара қорғандарынан табылған семсерлер мен ақинақтар, моншақтар мен қайрақтастар,  Миялы, Сарықамыс қорғандарынан табылған қыш құмыралар мен ыдыстар, сүйек қасық, алтын (көшірме) және күміс жапсырма әшекей бұйымдары, Борсық, Қылыш, Миялы қорғандарынан табылған қоладан құйылған төрт құлақты қазандар мен қола айналар, Қосшағыл маңындағы Қызыл-Үйіктен табылған IV-V ғасырларға жататын бал-бал тастар көпшілік назарына ұсынылады.

Сонымен қатар көрермендер бұл залдан қоладан жасалған арқар бейнеленген белдік басы, сүйек ине сауыт, қола айылбас, қорамсақты әшекейленген жапсырмалар, тостаған, қыш көзе, сүйек қасық, қайыңнан жасалған қалқан, аң, құс бейнелі және пирамида тәріздес алтын жапсырмаларды  (72% алтын), Сармат көсемі мен Сармат дәуіріндегі  әйел адамның қалпына келтірілген бет – бейнелерін тамашалады.

Жалпылай алғанда  «Археология» экспозициялық залында музей қорына тіркелген 505 жәдігер қойылды. Олардың 485-сі негізгі қордан, 20-ы қосымша қордан алынды.

 

Қылыш қорғаны туралы танымды сабақ өтті

Атырау облыстық  тарихи-өлкетану музейінде  өлкеміздің тарихи ескерткіші саналатын Қылыш қорғандарына музей тарапынан жүргізілген қазба жұмыстары  туралы танымдық сабақ өтті.

Индер ауданының Жарсуат ауылынан 22 км қашықтықта  орналасқан аталмыш қорғанның ерекшелігі, тарихи құндылығы түсіндіріліп, және қорғаннан табылған жәдігерлер туралы жан-жақты мағұлұмат берілген дәріске Атырау қаласындағы Ш. Уәлиханов атындағы № 9 орта мектептің жоғары сынып оқушылары қатынасты. Өңір тарихымен жақыннан танысуға қызығушылық танытқан жеткіншектерді  тарих ғылымдарының магистранты Нұрбақыт Жеңісов бастап келді.

Шараға қатысушыларға алдымен Атырау облыстық  тарихи-өлкетану музейі жүргізген қазба жұмыстары туралы бейнебаян көрсетіліп, зерттеу  жұмыстарының жүргізілу әдістемесі слайд-презентация арқылы түсіндірілді. Көрініске  Қылыш қорғандарынан табылған жәдігерлер – айдарлы сегіз аяқты айдаһар бейнесі бедерленген  қола айна, төрт құлақты қола қазан,  қыш ыдыстар қойылды.

Музейдің ғылыми-зерттеуді қамтамасыз ету бөлімінің кіші ғылыми қызметкері  Ерлан Тілекқабылов жүргізген танымдық сабақ барысында өлкедегі қорғандар, қазба жұмыстары, тарихи жәдігерлерге жүргізілген ғылыми зерттеулер туралы толымды түсінік берілді. Сабақ соңында оқушылар тақырыпқа қатысты қойған сұрақтарына жауап алды.

Қаламгер-ұстазға арналған кеш

Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінде ақын, филология ғылымдарының докторы, профессор Қадыр Жүсіптің 85 жасқа толуына орай «Атырау әдебиетінің абызы» атты кездесу кеші өтті.

Өмірі өнегеге толы қаламгер-ұстаздың өзі қатысқан мәдени шарада алдымен мерейгердің  өмір-деректерінен мағұлұмат беретін бейнефильм көрсетілді.  Осыдан соң Атырау қаласындағы Дарынды балаларға арналған ұлттық гимназияның 8 «а» сыныбы оқушылары ақынның өрнегі мол өлеңдерін жатқа оқып, аталмыш кешке өзіндік рең берді.

Одан әрі, белгілі қаламгер, Жазушылар Одағының мүшесі, өлкетанушы Төлеген Жаңабай сөз алып, 60 жылдан астам өмірін ұстаздыққа арнаған Қадыр Өтегенұлының еңбек жолындағы ерен жетістіктерін тізбектей келе, абыз тұлғаның шығармашылық қырларын, ғылым жолындағы жеткен толағай табыстарын айтты. Тілек соңында мерейлі жас иесіне арнаған жаңа жыр шумақтарын оқыды. Ал, Халел Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің профессоры, педагогика ғылымдарының кандидаты Шахман Нағымов ұлағатты ұстаздың адамгершілік қасиеттеріне тоқталды. Оның шәкірт тәрбиелеудегі өзіндік ұстанымын, азаматтық келбетін, қайраткерлік қадамдарын, ғылым жолындағы көл-көсір еңбегін  сөз етті.

Келесі кезекте Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінің басшысы Рашида Харипова өзінің Қадыр Өтегенұлына деген ақжарма тілегін айта келе, мерейгерге музей ұжымы атынан естелік сыйлық табыстады. Ал сексеннің сеңгіріне жеткен қаламгер-ұстаз музей қорына өзінің әр кезеңде жазылған кітаптар топтамасын сыйға берді.

Кеш соңында «Атырау облысының Құрметті азаматы», «Парасат» орденінің иегері болып табылатын қаламгер-ұстаз  өз өмірінің белестерін баяндай келе, оқушыларға  өмірлік азық болар өнегелі сөздерін арнап, музей ұжымына шынайы ризашылығын білдірді.

 

Ғылыми кеңестің мәжілісі өтті

Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінде мекеме жанынан құрылған ғылыми Кеңестің 2022 жылғы алғашқы мәжілісі болып өтті.
 
Ғылыми кеңес мүшелері, музей қызметкерлері және бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері қатысқан жиында Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінің басшысы Рашида Харипова ғылыми Кеңес мүшелерінің құрамын таныстырып, одан әрі күн тәртібіндегі мәселелер бойынша тақырыптық баяндамалар жасалды.
 
Алдымен Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінің бас қор сақтаушы Динара Бисембаева музейдің 2021 жылғы атқарылған жұмыстарының есебін беріп,
қазіргі уақытта облыстық музей қорының жәдігерлер саны 63 818 бірлік, бөлімшелерде 35 791 бірлік, барлығы 99 609 жәдігерді құрағандығын айтты. Жыл ішінде жасалған ауқымды шараларды тізбектей келе, музейдің және музей қызметкерлерінің жеткен жетістіктерін атап өтті.
Бұдан соң музейдің Палеонтология бөлімшесінің меңгерушісі Эльмира Мұқамбетқалиева Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінің ғимаратынан ашылатын «Палеонтология» экспозициялық залының ғылыми тұжырымдамасымен таныстырды. Ашылатын залда палеонтология ғылымының зерттелу тарихы, жердің даму тарихында тіршілік етіп, бүгінде жойылып кеткен ежелгі өсімдіктер мен жануарлар туралы деректер мен осы өңірден табылған сүйектерден жануарлардың жәдігерлік қаңқалары жасалып қойылатындығын жеткізді.
 
Ал музейдің ғылыми-зерттеуді қамтамасыз ету (жалпы тарих, археология және этнография) бөлімінің сектор жетекшісі Айдос Қалшабаев жаңадан жасақталып жатқан «Археология» экспозициялық залының тұжырымдамасын талдап берді. Өңірімізде жасалған қазба жұмыстары кезінде табылған жәдігерлердің тарихын, сипаттамаларын, құндылықтарын түсіндірді. Ашылатын залға қойылатын музей қорындағы жәдігерлердің орналасу тәртібін пысықтады.
 
Жиын отырысында Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінің басшысы Рашида Харипова ғылыми кеңес мүшелерін музейдің 2022 жылға арналған жұмыс жоспарымен таныстырып, Кеңес соңында ғылыми-кеңес мүшелері күн тәртібіне қойылған мәселелер турасында өздерінің ой-тұжырымдарын айтып, ұсыныс-пікірлерін білдірді.
 

«Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейі» КМҚК

 

Атырау қаласы, Б. Момышұлы көшесі, 3

Тел. 8 (7122) 32-36-64, 8 (7122) 32-29-12

Email: atyrau-museum@mail.ru