Нұрдәулет Ақназаров

акназаров1Ақназаров Нұрдәулет 1942 жылы Гурьев (Атырау) облысы, Ембі (Жылыой)  ауданы, Шоқпартоғай ауылында дүниеге келген. 1965-1975 жылдары Гурьев (Атырау) педагогикалық институтын және Алматы Жоғарғы партия мектебін бітірген. Мамандығы–филолог, тарихшы, журналист. 1965-1981 жылдары Жылыой аудандық «Кең Жылыой» газетінде бөлім меңгерушісі, редактордың орынбасары, аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы, аудандық мәдениет бөлімінде автоклуб меңгерушісі, аға инспектор, меңгеруші, Жылыой аудандық мұражайында директор, 1981-1985 жылдары Атырау облысы тарихи-өлкетану музейінің директор, 1985-1995 жылдары облыстық кәсіптік-техникалық білім басқармасында аға методист, Құлсары қаласындағы №9 училищеде директор, 1996 жылдан Құлсары автомектебінің меңгерушісі, Жылыой аудандық теледидарының бас редакторы, 1997 жылдан   Құлсары «Білім» авто оқу мектебінің директоры қызметін атқарып келеді.

Н.Ақназаров Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, Жылыой аудандық Журналистер тобының  жетекшісі, Жылыой ауданының Құрметті азаматы,  Жылыой аудандық әдеби – шығармашылық «Дарын» бірлестігінің төрағасы, Жылыой аудан әкімі жанындағы қоғамдық келісім кеңестің төрағасы, Мәдениет ардагері, Өлкетанушы.

Бүкілодақтық, республикалық жоғары орындарының диплом, грамоталарымен марапатталған, В.И.Лениннің туғанына 100–жыл толуына орай  «Үздік еңбегі үшін» (1970) медалімен марапатталған.

Құрметті оқырмандар!

Төмендегі мақаланы оқи отырып Сіздер музейдің 1981-1985 жылдардағы тынысымен таныса аласыздар. Мақала Атырау облсы тарихи-өлкетану музейінің 70 жылдық мерейтойына орай жарық көрген музей қорындағы «Киелі мұралар ордасы» кітабынан алынған.

Тарихта қалар бір тамшы

Өткен ғасырдың алпысыншы жылдарының басы. Алғаш Орджоникидзе (Әйтеке би) көшесінің басындағы облыстық тарихи-өлкетану мұражайына келіп, осындағы құмыраның тарихына таң қалып суретке түсіріп, сол кездегі облыстық «Коммунистік еңбек» газетіне суретін мақалама қосып бердім. Содан кейін-ақ, мұражай директоры Бекбергенов Махмут жиі-жиі шақыртып, жәдігерлерді фотоға түсіртетін болды. Институтта оқитынмын. Қыста жылыту қазанына от жағушы етіп жұмысқа алды.

1964 жылы мұражай директоры болып Саден Бисенов келді. Ол кезде студент болсам да, жарты жалақымен ғылыми қызметкер  етіп тұрақты жұмысқа алды. Сол жылдары мұражайда  директор, ғылыми қызметкер, есепші (Бітеуов), кассир, әрі билет сатушы Гололобова Светлана, зал қараушылар Саудабаева Алтыншаш, Құрмашева Бұлтан апайлар, еден жуушы, әрі күзетші Серікбаева Сыпайы апай (бір штатпен) жұмыс жасады.

1965 жылы инситиут бітіргеннен кейін ағаның ақылын, ұрысқанын тыңдамай елге кеттім. Атырауға қайта оралудың сәті 1981 жылы түсті. Ғылыми диссертация қорғау үшін тақырып алып, емтихандарын тапсырып, іздену жұмыстарын бастап кеткендіктен, Жылыой аудандық мәдениет бөлімінің меңгерушісінен осында сұрандым.

1981-1985 жылдары облыстық мұражайда директор қызметін атқардым. Жұмысты жәдігер жинау, тарихи деректер іздестіру мақсатында экспедициялар ұйымдастырудан бастадық. Фотосуретші Абыл Байжанов үнемі бірге болды. Қаражат бөліп, мұажай ғимарат кеңейту құжаттарын дайындауға кірістік.

Мұражай жанынан «Ән мұра»  фольклорлық ансамблін құрып, оған мұражай қызметкерлерін қанысастырып, Тамара Өтегенова, Қадіржан Түсіпқалиев, Ғалия Жұмамұратова сияқты өнер адамдарын тарттық. Ансамбліміз мұражай қонақтарына, мәдени-көпшілік шараларына үнемі концерт қойып тұрды. Әртүрлі саз аспаптарын алып, ұлттық киім тіктірдік.

Мәдени-тарихи ескерткіштерді құжаттау, тізімде, мемлекеттік есепке алу жұмыстарын бастадық, ол кезде онымен айналысатын арнайы мекеме жоқ болатын. Мұражайда жұмыс жасаған кездерімде Надя Тәжіғалиева, Ерсайын Өміров, Айтуған Батырашева, Зоя Жайлаубаева, Лида Мұқанова, Сара Жакупова, Ләззат Айтуғанова, Ұлдай Мейірманова, Тойған Басығариева тағы басқа қызметкерлердің ынта-жігерін, аянбай жұмыс жасағандарын атамай кету күнә болар еді.

Облыстық партия, кеңес орындары аудандарға жиі жұмсайтын. Мұражай жұмысын гүлдендіріп жібердік деп айта алмаймын, бірақ сол кездегі заманның талабына сай» біреуден ілгері, біреуден кейін»-дегендей біршама жұмыстар атқардық.

Нұрдәулет Ақназаров,

Мұражайдың бұрынғы директоры, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Жылыой ауданының Құрметті азаматы.

акназаров2

акназаров2  

 

«Атырау облысы тарихи-өлкетану музейі» КМҚК


Атырау қаласы, Б. Момышұлы көшесі, 3

Тел. 8 (7122) 32-36-64, 8 (7122) 32-29-12

Email: atyrau-museum@mail.ru