Этнография

Музейіміздің «Этнография» залы қазақ халқының сан ғасырлар бойы қалыптасқан тұрмысы мен дүниетанымдық көзқарастарынан, бай рухани және материалдық мәдениетінен сыр шертеді. Бұл залдың ең қомақты әрі негізгі жәдігері қазақ мәдениетінің бірегей символы - киіз үйі. Асқан шеберлікпен сәнделген ақшаңқан киіз үйдің іші барлық сән-салтанатымен жасақталған. Киіз үйдің сәнділігіне киіз үйдің ішкі жабдықтары ерекше ажар береді.
Залдың ортаңғы бөлігіне ұлтымыздың зергерлік өнерінің алуандығын паш етіп, зергерлеріміздің асқан шеберлік иесі болғандығын дәлелдейтін әшекей бұйымдарының коллекциясы қойылған. Мұнда үлкен сый-құрметтің белгісі ретінде апа-әжелеріміз таққан құдағай жүзіктер, қолаңшаш қыздарымыз сәнделген шашбаулар, өңіржиектер, топсалы білезіктер, сырғалар мен моншақ түрлері көрініске қойылған. Тағы бір бөлігінде күмістелген белбеулер, қапсырмалар, бойтұмарлар мен киімге тағатын әшекейлі түймелер орналастырылған.
Келушілердің назарын аударатын жәдігердің бірі – Нарын өңіріне кеңінен танымал Қалмұқан ұстаның көрігі. Екі ғасырлық тарихы бар бұл көріктің айтар сыры да мол. Осымен қоса кілем және алаша тоқу құралдары, тұрмыстық және халықтық қолданбалы өнері бұйымдары, қазақ халқының киім-кешектері көрініс береді. Ұлтымызда сүйек өңдеу өнерінің де жақсы дамығанын дәлелдейтін сүйекпен өрнектелген домбыра, сүйек сандық пен сүйектелген секершаққыштар үлгілері де қойылған. Сондай-ақ, шеберлеріміз ағаш өңдеудің алуан түрін жете білгенін көрсететін ағаш ыдыстар жиынтығы, бас табақ пен ми салғыштар, қыран құс, жолбарыс бейнеленген саптыаяқтар, барыс бейнелі ожау және ағаш табақтар жиынтығы көрініске жайғастырылған. Жезден жасалған сүт құйғыш, секер салғыш, самаурын, подностар көз жауын алады. Соның ішінде жез самаурындардың алуан түрлілігі көрермендерді өзгеше әсерге бөлейді.
Ал залдың негізгі қабырғасына Маңғыстау үстіртінен Нарын құмына қарай бет алған қазақ халқының көшінің суреті панарама ретінде бейнеленген. Көш тиелген - арба, ертеде әскери көлік ретінде қолданылса, кейін жол жүруге, жүк тасуға, уақытша жылжымалы тұрғын жай ретінде пайдаланылған. Маңғаз даланың мамыражай кезеңін көз алдыңа келтіретін бұл суреттің етегіне шөгіп жатқан түйе малы, одан берірек ұлтымызда ғашықтықтың символы саналатын Төлеген мен Қыз Жібектің ат жетектеген мүсіндері бейнеленген.
Бұл залда сондай-ақ Жәңгір ханның әйелі Фатима ханымның алтын жіппен зерленген камзолының үлгісі мен ХІХ ғасырдың үлгісінде панбарқыттан тігілген ер адамның шапаны да бар.

 

Залдан орын алған этнографиялық материалдар қазақ халқының сан ғасырлар бойы қалыптасқан тұрмысы мен дүниетанымдық көзқарастарынан, бай рухани және материалдық мәдениетінен сыр шертеді. Экспозициядан тұрмыстық және халықтық қолданбалы өнері бұйымдарын, сонымен қатар қазақ халқының киім-кешектері мен кілем тоқу өнерін, ұстаның көрігін, «Қазақ халқының көші» панорамасын көріп тамашалай аласыздар. Залдың орталық алаңына қазақ мәдениетінің бірегей символы - киіз үй орналастырылған.

 

 

Қазақ келіншектерінің қолына сән берген - топсалы білезіктер.

 

Темірден түйін түйген ұсталарымыз қолданбалы өнерімізде күміспен қатар сүйек өңдеу өнерін де тамаша меңгерген. Музей қорындағы мәдени мұрамыздың бірі - сүйекпен, күміспен өрнектелген домбыра.

 

Сүйектелген секершаққыш

 

Сүйектелген шәй сандық

 

                                    

«Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейі» КМҚК

 

Атырау қаласы, Б. Момышұлы көшесі, 3

Тел. 8 (7122) 32-36-64, 8 (7122) 32-29-12

Email: atyrau-museum@mail.ru