Ғылыми зерттеу
жұмыстары
Археологиялық
зерттеулер
Бірегей
жәдігерлер
Өлке
тарихы
Slider

Құрметті музей қонақтары!

Атырау облыстық тарих-өлкетану музейінің сайтына қош келдіңіз! Біздің веб-сайттан Сіз музей жұмысының негізгі бағыттары, өткізілетін және жоспарланған іс-шаралар мен көрмелер туралы біле аласыз, музей қорындағы коллекцияларды тамашалап және музейдің онлайн қызметтерін қолдана аласыз.

Жұмыс уақыты

Дүйсенбі Демалыс күні
Сейсенбі 09:00-18:00
Сәрсенбі 09:00-18:00 
Бейсенбі 09:00-18:00 
Жұма 09:00-18:00 
Сенбі 09:00-18:00 
Жексенбі 09:00-18:00
Түскі үзіліс 13:00-14:00

«Әр айдың соңғы жұмасы – тазалық күні»

Виртуалды тур
3D модельдер
Бейне роликтер
«Қызылқоға ауданындағы археологиялық ескерткіштер»

Ақпанның 16-сы күні Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінде «Қызылқоға ауданындағы археологиялық ескерткіштер» атты дәріс өтті.

Музейдің ғылыми зерттеуді қамтамасыз ету бөлімінің аға ғылыми қызметкері Ғаламат Базарбаев өткізген танымдық сабақта Қызылқоға ауданындағы Қарабау ғибатханасы, Тасқара қорғаны, Сазыз тұрақтары, Қорғанша қалашығы, Қарабау құмтөбелі қабірлері туралы толымды мәліметтер беріліп, Қызылқоға ауданында орналасқан археологиялық ескерткіштердің жәй күйі және қазіргі жағдайы, зерттелу тарихы сөз етілді. 

Х. Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің тарих мамандығында білім алатын студенттер  және университеттің оқытушысы,  тарих ғылымдарының докторы Лесқали  Бердіғожин,  докторант- археолог Амангелді Зайынов қатынасқан дәрісте 2022 жылы Қызылқоға ауданында жүргізілген археологиялық зерттеу жұмыстары негізінде анықталған жәдігерлер көпшілік назарына ұсынылды.

Жаңадан қабылданған жәдігерлер көрмесі

2023 жылдың 31 қаңтар күні  Атырау облыстық тарихи-өлкетану  музейінде  2022 жылы музей қорына қабылданған жәдігерлерден жасақталған уақытша көрме өтті.

Музей қорына жаңадан қосылған жәдігерлердің тарихи құндылығы арнайы таныстырылып, экспонаттардың құрылысы мен ерекшеліктері сипатталған шараға облыстық музей жанындағы ғылыми-кеңестің мүшелері, Х. Досмұхамедов атындағы Атырау  университетінің тарихшы-өлкетанушы оқытушылары мен тарих факультеті студенттері, облыстық тарихи-мәдени мұраны зерттеу орталығының қызметкерлері, соғыс ардагерлері Қауысбай Шортабаев, Төлеп Салықбаев, Қалым Шәлденов, Серікқали Пангереев, Құттығұл Мұсағалиевтердің ұрпақтары  мен тума-туыстары, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы Асан Раушановтар қатысты.

Шара барысында Атырау облыстық тарихи-өлкетану  музейі басшысының орынбасары Динара Бисембаева сөз алып, көрмеге қойылған жәдігерлердің тарихи құндылықтарын айтып, экспонаттарды музейге табыстаған барша атыраулықтарға шынайы ризашылығын білдірді. Келесі кезекте сөз соғыс ардагері Құттығұл Мұсағалиевтың қызы Светлана Құттығұлқызына, соғыс ардагері Төлеп Салықбаевтың қызы Алтын Салықбаеваға, соғыс ардагері Қауысбай Шортабаевтың келіні Жібек Таңатароваларға беріліп, олар жәдігерлердің музейге табысталу маңызын  түсіндірді.  Музей ұжымы   соғыс ардагерлерінің ұрпақтары мен туыстарына  Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінің жәдігерлері жинақталған каталогты естелік  ретінде табыстады.

Аталмыш көрмеде облыстық  тарихи-өлкетану музейінің  Атырау өңірінде жүргізілген қазба жұмыстары барысында Миялы-Жанкелдин, Қырықоба, Балқұдық, Тасқара  қорғандарынан табылған археологиялық жәдігерлері,  Жылыой ауданындағы Ақкиізтоғай  және Ақкерегешың борлы қыраттарына жасалған экспедициялар кезінде табылған палентологиялық жәдігерлер, 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысына қатысқан ардагерлер Қауысбай Шортабаев, Төлеп Салықбаев, Қалым Шәлденов, Серікқали Пангереев, Құттығұл Мұсағалиевтердің жеке құжаттары, өңір белгілері, қазақтан шыққан тұңғыш ұшқыш қыз, Халық Қаһарманы Хиуаз Доспанованың жеке құжаттары мен  фотосуреттері, қазақтың белгілі күйшілері  Секен Тұрысбековтың, Айгүл Үлкенбаеваның, Асылбек Еңсеповтың жеке домбыралары, қазақтың көрнекті жазушысы, драматург  Әнес Сарайдың жеке бұйымдары, қолжазбалары мен кітаптары,  Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері Абат Кенжеғалиевтың жеке құжаттары мен өңірлік белгілері, Токио-2020 Паралимпиадасының қола жүлдегерлері, жерлестеріміз Әнуар Сариев, Дәулет Теміржанов, Зарина Байбатиналардың Жапония астанасының татамиында күрескендегі кимонолары (спорттық киімдері) қойылды.

Көрмені облыстық музейдің «Жас экскурсоводтар» клубының мүшелері Отарбай Рахат және  Әділова Диана  таныстырды.

Қоржындар көрмесі

Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінде 13 қаңтар мен 22 қаңтар аралығында қазақтың ұлттық  құндылықтарын  дәріптеу мақсатында музей қоры негізінде «Ұлттық қолөнер тәрбие көзі» тақырыбында уақытша көрме қойылды.

Көрмеде қазақ халқының тоқыма бұйымдарының озық үлгісін көрсететін 20-ға жуық қоржындар мен кермелер ілінді. Осы экспозиция  арқылы халқымыздың дәстүрлі тоқу мәдениетінің алуан түрлілігі көрсетіліп, жәдігерлердің жасалу материалдары мен техникасы, олардың қолданыс аясы, шаруашылық, тұрмыстық функциялары туралы мәліметтер берілді.

 Көрмеде жүннен, киізден, түкті кілемнен жасалған қоржын түрлері мен әр пішіндегі кермелер ұсынылды. Солардың бірі 1999 жылы Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінің жаңа ғимаратқа көшу салтанатына орай бұрынғы Астана қаласының әкімі Тасмағамбетов Иманғали Нұрғалиұлының сыйға берген қоржыны да бар. Бұл қоржын жүннен жасалып, түксіз етіп тоқылған. Пішіні төртбұрышты формада жасалып, қызыл-қоңыр түсті, беті өрнектелген және етегі шашақталған.

Осындай түкті кілем тоқу әдісімен тоқылған қоржынды Атырау қаласы, Қосшағыл поселкесінің тұрғыны зейнеткер қолөнер шебері Тағанова Жаңылсын өз қолымен жасаған. Қоржынды 1978 жылы музей қорына тапсырған. Қоржынның беті түкті, иірілген жүннен тоқылған қызыл түсті және ромбик тәрізді өрнектері бар.

Көрмеге қойылған тағы бір қоржынның түрі бұл –құда қоржын. Бұл қоржынды қолөнер шебері Жамамбаева Әзима 1990 жылы жүз теру тәсілімен жасап,  бетіне қызыл, жасыл, көк, сары жіптерден жүз теру өрнегімен тоқыған. Екі қалталы, ортасынан байлайтын жібі бар. Қоржын 2007 жылы музей қорын этнографиялық жәдігерлерге толықтыру мақсатында алынған.

Тағы бір қоржын 1931 жылы ашаршылық кезінде Қарақалпақстанға жер аударылып кеткен қазақтың қолөнер шебері Балкүнше Құрманқызының туындысы. Бұл бұйымды күні бүгінге дейін немересі Құлмышев Сәндібай әжесінің тоқыған бұйымын ұзақ жылдар сақтап келген. Бұл көненің көзін 2017 жылы музей қорына тапсырды.

Аталмыш көрмеге бірер кермелер де қойылды. Оның бірін Атырау қаласының тұрғыны Нақов Ақылберді 1990 жылы Түркіменстан, Ауғанстан, Монғолия елдерінен көшіп келген қазақ халықтарының және Маңғыстаулықтардан коллекция ретінде жинақтап сақтап келген. Керме түкті  кілем тоқу тәсілімен және тықыр техникасын пайдалана отырып тоқылып, тігілген. Беті қызыл, қара қоңыр, сарғыш  түсті жіппен тоқылып, астары ақшыл жүн жіппен әсемдеген. Кермені 2019 жылы музей қорына тапсырған.

 

«Тектілік тұғырынан таймаған»

20 қаңтар күні Құрманғазы атындағы Мәдениет сарайында Атырау облысының Құрметті азаматы, Ұлы Отан соғысының  ардагері Орынғали Қарасаевтың  «Тектілік тұғырынан таймаған» естелік кітабының тұсау кесері және танымал тұлғаның өмір-деректерінен сыр шертетін кеш өтті. 

Кешке Орынғали Мұсаұлының жары Даметия Қарасаева, облыс әкімі Серік Шапкенов және өңірімізге белгілі зиялы қауым өкілдері қатысып, көрермендерге  ардагердің  азаматтық келбетін ашықтайтын деректі фильм ұсынылды. Осыдан соң, текті ұлдың жүріп өткен өмір жолы туралы жазылған кітаптың тұсауы кесіліп, арда азамат жайлы естеліктер айтылды.

Шара барысында кешке келушілер Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейі тарапынан жасақталған Орынғали Қарасаевқа арналған көшпелі көрмені тамашалады.

Аталмыш көрмеде Орынғали Мұсаұлының жастық шағы, алғашқы еңбек жолдары мен қызметі туралы деректер, ата-анасы,  отбасымен түскен  фотосуреттері, мемлекеттік наградалары мен қызметтік куәліктері, ордендері мен медальдері, кітаптары мен қолжазбалары,  мақалалар жинағы, өзі пайдаланған жеке  заттары (бас киімі мен галстугі, үстел жинағы, көзәйнегі, қаламсабы, блокноты, былғары папкасы) орналастырылды.

 

«Есімі аңызға айналған қазақтың батыр қызы»

Биыл – Халық Қаһарманы  Хиуаз Доспанованың туғанына 100 жыл. Осы атаулы датаға орай Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейі 2022 жылдың қазан-желтоқсан айлары аралығында  Атырау облысының Құрманғазы, Исатай, Махамбет, Индер, Қызылқоға, Мақат, Жылыой аудандарында  ұлтымыздан шыққан тұңғыш ұшқыш қаһарман  қызының қан майдандағы ерлігі мен  өмір деректерінен сыр шертетін «Есімі аңызға айналған қазақтың батыр қызы» атты көшпелі көрме өткізілді.

«Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейі» КМҚК

 

Атырау қаласы, Б. Момышұлы көшесі, 3

Тел. 8 (7122) 32-36-64, 8 (7122) 32-29-12

Email: atyrau-museum@mail.ru