«Азамат ердің баласы»

Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінде 21 маусым күні Махамбет Өтемісұлының туғанына 220 жыл толуына орай «Азамат ердің баласы» атты музей қорынан жасақталған уақытша көрме өткізілді.

Көрмеде қазақ халқының біртуар дара перзенті 1836 – 1838 жылдардағы халық көтерілісінің жалынды жыршысы, бас ұраншысы, тарихи қайраткер Махамбет Өтемісұлының өмірдерегі, Бөкей ордасындағы сауда-кәсіпшілігі қозғалысы жолдарының, ХІХ ғасырдағы Бөкей ордасының, 1836-1838 жылдардағы Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлы бастаған халық-азаттық көтеріліс карталары, ХІХ ғасырдағы Хан ордасының, Жәңгір Бөкейұлының, Хан ордасындағы қалалық училище, ХІХ ғасырдағы Хан ордасындағы 1-ші қыздар училищесі, 1912 жылғы Жәңгір училищесінің сыртқы және ішкі көріністері, 1962 жылы Ақтөбе облысы, Қобда ауданы, Шейітсай жеріне Исатай Тайманұлының бейітіне белгі қою сәті, 1958 жылы Махамбет батырдың бейітін іздеушілерге тауып беруші Құрақ Бектұрғановтың, 1967 жылы Махамбеттің бас мүсінін (бюст) жасаған Н.Шаяхметовтың фотосуреттері және белгілі суретшілер М.Калимовтың, И.И.Никельдің, Д.Қайрамбаевтың, Б.Телеубаевтың Махамбет Өтемісұлына арналған картиналары, Махамбеттің, Исатайдың және Жәңгір ханның мөрлерінің көшірмелері, М.Өтемісұлының домбырасының көшірмесі, батырдың киімдері, ер қаруы – бес қару түрлері орын алған.

Сонымен қатар ҚР Орталық мемлекеттік архивінде сақталған Махамбет Өтемісұлына қатысты архивтік хаттардың көшірмелері: Орынбор шекара комиссиясының Жайық беріш руының старшыны Өтеміс Құлманиязұлына Нарын құмын қыстау үшін Индер тауы және Гребенщик бекіністері аралығындағы Жайық өзені тұсынан өтуге берілген рұқсат қағазы (17 желтоқсан 1808 ж.), Ішкі орда ханы Жәңгір Бөкейұлының Орынбор шекара комиссиясына жолдаған хаты (17.09.1836 ж.), Орал казак әскерінің жазалаушы атаманы Василий Осипович Покатиловқа тергеу барысында тергеушілердің куәгерлерді қорқытып, жала жабуына байланысты Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлы және басқа да Ішкі Орда старшындарының тергеушілерді ауыстыру туралы шағымданған өтініші, (25 желтоқсан 1836 ж.), Старшын Исатай Тайманұлының Беріш руының қазағы Ащығұл Байғылов пен Исмухаммед Таншинге Жайық өзені арқылы өту құқығына берілген билеті, (2 қыркүйек 1836 ж.), Махамбет Өтемісұлын тұтқындау туралы Орынбор шекара комиссиясына Орынбор казактарының батыс бөлігінің билеушісі полковник, сұлтан Баймұхаммед Айшуақовтың баяндау хаты, (18 наурыз 1841 ж.), Махамбет Өтемісұлының Орынбор шекара комиссиясының төрағасы генерал - майор М.В.Ладыженскийге шекара комиссиясы жанынан ашылған қазақ балаларына арналған мектепке ұлы Нұрсұлтанды оқытуға жіберу туралы өтініші, (4 ақпан 1845 ж.), т.б барлығы 80–ге жуық жәдігерлер қойылды.

Шараға Махамбет тарихын зерттеуші тарихшы –ғалымдар мен ақын – жазушылар, Махамбет атындағы сыйлықтың иегерлері Ө.Әлімгереев, А.Шамғонов, Ә.Даулетбаева, Б.Телеубаев, Атырау облыстық Мәдениет, тілдерді дамыту және архивісі басқармасының басшысы Ә.Жоламанов және басқармаға қарасты мәдениет мекемелерінің қызметкерлері, бұқаралық ақпарат - құралдарының өкілдері, музей мамандары, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау Мемлекеттік университетінің студенттері қатынасты.

Шара соңында қатынасушы қонақтарға «Азамат ердің баласы» атты уақытша көрмені экскурсия жүргізушісі Н.Шалимова таныстырды.

«Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейі» КМҚК

 

Атырау қаласы, Б. Момышұлы көшесі, 3

Тел. 8 (7122) 32-36-64, 8 (7122) 32-29-12

Email: atyrau-museum@mail.ru