«Қоғамдық музейлер қазынасы»

17-18 мамыр күндері Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінде мектеп жанынан құрылған мектеп музейлерінің «Қоғамдық музейлер қазынасы» атты облыстық көрме-байқауы өткізілді.

Білім беру мекемелеріндегі қоғамдық музейлердің өлкенің тарихи-мәдени мұрасын сақтау жөніндегі қызметін насихаттау мақсатында ұйымдастырылған бұл байқауға Атырау қаласынан, Құрманғазы ауданы, Исатай ауданы, Жылыой ауданы, Махамбет ауданынан барлығы қалалық, аудандық, ауылдық қоғамдық негіздегі 13 мектеп музейі қатынасты.

Көрме байқаудың алғы сөзін Атырау облыстық Мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Ә.Жоламанов ашып, мектеп музейлерінің қоғамдағы орны жоғары екенін айта келіп, қатысушыларға сәттілік тіледі. Көрме-байқауға – археолог, phD «Астана» халықаралық университетінің постдокторанты А.Қасеналин қазылар алқасының төрағасы болса, құрамында Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану  музейінің директоры М.Ерсаев, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің оқытушысы, тарих ғылымдарының кандидаты Қ.Мұхитов, Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінің басшы орынбасары С.Газимова, Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінің бас қор сақтаушысы Б.Хасанова төрелік етті. 

Екі кезеңнен тұратын байқаудың бірінші кезеңінде 13 қатынасушы музей портфолиясы арқылы өз музейлерінің шығармашылық жұмысын сапалы видео роликпен қорғап  баяндады.

Екінші кезең музей жетекшілерінің арнайы алып келген экспозициялық көрмесін таныстырылымымен жалғасты. Әр музей музейдің «Этнография» экспозициялық залына өз мектеп-музейлерінің үздік деген экспонаттарынан экспозициялық көрме жасақтап, оны таныстырды.

Байқау қорытындысы бойынша «Мектептің үздік музей қызметкері» номинацияларымен Жылыой ауданы № 10 Амангелді атындағы жалпы орта білім беретін мектеп музейінің жетекшісі А.Рамазанова мен Атырау қаласы Б.Нысанбаев атындағы жалпы білім беретін орта мектеп музейінің жетекшісі А.Енбаев марапатталды. «Үздік мектеп музей жәдігері» номинациясы бойынша  Исатай ауданы, Ғ.Мәсәлімов мектебі, Жылыой ауданы, Шоқпартоғай ауылы  № 3 орта мектеп музейі және Махамбет ауданы, Есбол орта мектебі музейі үздік деп танылды. «Үздік ауылдық мектеп музейі» номинациясымен Атырау облысы, Махамбет ауданы, Ақжайық ауылы, Қызылүй орта мектебінің музейі, «Үздік аудандық мектеп музейі» номинациясымен Құрманғазы ауданы З.Серікқалиұлы атындағы мектеп интернаты музейі,  «Үздік қалалық мектеп музейі» номинациясымен Атырау қаласы №33 Қ.Қайсенов атындағы орта мектеп музейі жеңіп алып, ақшалай және естелік сыйлықтармен марапатталды.

Үздік деп танылған жәдігерлер байқау қорытындысы бойынша Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми қорына тапсырылды.

«Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейі» КМҚК

 

Атырау қаласы, Б. Момышұлы көшесі, 3

Тел. 8 (7122) 32-36-64, 8 (7122) 32-29-12

Email: atyrau-museum@mail.ru