«Ақтөбеліктер – ұлт мақтанышы»

24 сәуір күні Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінде Ақтөбе қаласындағы Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың облыстық мемориалды музейі жасақтаған «Ақтөбеліктер – ұлт мақтанышы» атты тарихи-танымдық көрменің салтанатты ашылуы өтті.

Шараға жиналғандар алдымен Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың өмір-деректерінен сыр шертетін деректі фильмді тамашалады. Одан әрі, Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінің басшысы Мұхамбетқали Кипиев алғашқы болып сөз алып, екі музей арасындағы ынтымақтастық меморандумына сәйкес өткізіліп отырған аталмыш жылжымалы көрменің маңыздылығын айта келе Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың облыстық мемориалды музейі ұжымына арналған Алғыс хат және естелік кітаптарды музейдің ғылыми қызметкері Назерке Жолдиеваға табыстады. Көрмеге жетекшілік етіп келген Назерке Жолдиева өз кезегінде 24-26 сәуір аралығында атыраулық көрермендер назарына ұсынылатын көрменің мақсатын, онда қойылатын жәдігерлер мен суреттердің қысқаша сипаттамасын айта келе, ақтөбелік музей ұжымының естелік сыйлықтары мен Алғыс хатын тапсырды.

Сөз арасында, көпшілікке Х.Доспанова атындағы орта мектебі оқушысы Дария Даниярқызы «Қазақ елі» әнін нақышына келтіре орындап, шараға өзіндік шырай кіргізді.

Келесі кезекте сөз қазақтан шыққан тұңғыш ұшқыш қыз, Халық Қаһарманы Хиуаз Доспанованың батыр тұлғасының кең көлемде насихатталуына мұрындық болып жүрген өңір белсендісі, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі Тұрсын Калимоваға берілді. Белгілі қаламгер батыстан шыққан үш батыр қыздың сұрапыл соғыс кезінде көрсеткен ерен ерліктеріне тоқтала отырып, жаужүрек бұрымдылардың бір-бірімен рухани байланысын айшықтап берді.

Жиын барысында Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың облыстық мемориалды музейінің ғылыми қызметкері Назерке Жолдиева көрмеге толымды таныстырылым жүргізді.

Ашылу салтанатына мәдениет саласының өкілдері, тарихшылар, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің студентері мен Хиуаз Доспанова атындағы №18 орта мектептің 5-ші сынып оқушылары қатысты.

«Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейі» КМҚК

 

Атырау қаласы, Б. Момышұлы көшесі, 3

Тел. 8 (7122) 32-36-64, 8 (7122) 32-29-12

Email: atyrau-museum@mail.ru