Музейде – ғылыми кеңес мәжілісі

29 наурыз күні  Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінде кезекті  музей жанындағы ғылыми кеңес мәжілісі өтті.

Жиында алғашқы болып сөз алған музей басшысы Мұхамбетқали Кипиев басқосудың мақсат-бағдарын айқындай келе, ғылыми кеңестің жаңа құрамын таныстырды. Бұл құрамға музейдің ғылыми қызметкерлерімен қоса Атырау облысы мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының бас маманы Ботагөз Ысқақова,  облыстық тарихи-мәдени мұраны зерттеу орталығының басшысы Толыбай Достыбаев, облыстық мемлекеттік архивінің басшысы Қайрат Қуанышев,  тарих ғылымдарының кандидаттары Қабибек Мұхитов пен Марат Қасеновтер қабылданды.

Одан соң күн тәртібі белгіленіп, музейдің ғылыми хатшысы Ерлан Тілекқабылов биыл Сұлтан Бейбарыстың 800 жылдығына  орай өткізілетін «Дешті қыпшақтың тарихи тұлғалары: Бейбарыс және оның кезеңі» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференциясының және күйші-сазгер Құрманғазы Сағырбаевқа арналған «ХІХ – ХХ ғасырлардағы Атырау тарихы мен мәдениеті» тақырыбындағы республикалық ғылыми-практикалық конференциясының ақпараттық хатын кеңес мүшелерінің талқысына салды.  Екінші кезекте музей басшысы орынбасарының міндетін атқарушы Динара Бисембаева осы жылы өңіріміздегі қоғамдық негіздегі музейлердің қорларынан ұйымдастырылатын «Қоғамдық музейлер қазынасы»  байқау-көрме ережесін жиын талқылауына ұсынды. Одан соң, музейдің қазіргі заман тарихы ғылыми зерттеу бөлімінің меңгерушісі Күміс Аймұханова «Тәуелсіз Қазақстан тарихы» экспозициялық залының жаңа концепциясын таныстырып, оны қайта жасақтау үлгісін таныстырды. Ал музейдің жалпы тарих, археология және этнография ғылыми зерттеуді қамтамасыз ету бөлімінің маманы Эльмира Мұхамбетқалиева музейдің  бірінші қабатында жасақталатын «Өлке табиғаты» экспозициясының ғылыми тұжырымдамасын таныстырып, концепциясын бекітуге ұсынды.

Басқосуда ғылыми кеңес талқысына ұсынылған мәселелер бойынша кеңес мүшелері тарапынан ой-пікірлер айтылып, қойылған мәселелер турасында толымды шешімдер қабылданды.

«Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейі» КМҚК

 

Атырау қаласы, Б. Момышұлы көшесі, 3

Тел. 8 (7122) 32-36-64, 8 (7122) 32-29-12

Email: atyrau-museum@mail.ru