Атырауда Отырар көрмесі

4 тамыз күні Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінде «Отырар» мемлекеттік археологиялық музей-қорығы жасақтаған «Ұлы жібек жолы және Отырар алқабының ортағасырлық өркениеті» атты жылжымалы көрмесінің салтанатты ашылуы өтті.
Өңіріміздің зиялы қауымы мен танымал тарихшылары, музейдің ғылыми-кеңес мүшелері, мәдениет саласы мекемелерінің өкілдері қатысқан жиын барысында Атырау облысы Мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының уақытша міндетін атқарушы Асия Қыстаубаева алғашқы болып сөз алып, құнды жәдігерлерін Жайық бойына ала келген «Отырар» мемлекеттік археологиялық музей-қорығы қызметкерлеріне атыраулық тұрғындар атынан қошемет білдіріп, халқымыздың өткен тарихынан сыр шертіп, толымды әрі тың мәліметтер ұсынып отырған жылжымалы көрменің жұмыстарына сәттілік тіледі. Одан соң "Сарайшық'" мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының директоры Әбілсейіт Мұқтар ортағасырлық көне қаладан табылған жәдігерлер тарихы Сарайшық қаласымен де үндесіп жатқанын айтып, осындай көрмелер жергілікті тұрғындар көкірегіне рухани нәр құятынын жеткізді. Келесі кезекте Отырар» мемлекеттік археологиялық музей-қорығының директоры Жанкелді Махашов Отырар қаласының әлем өркениетінде алатын тарихи орнын пысықтай келе, жылжымалы көрмеге қойылатын жәдігерлердің ерекшеліктерін айтты. Ал Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейі басшысының міндетін атқарушы Динара Бисембаева өз кезегінде екі мәдени ұжымның шығармашылық бағыттағы байланысы одан әрі өркен жая беруін тілей отырып, «Отырар» мемлекеттік археологиялық музей-қорығы музейі ұжымына Атырау өңірінің құнды жәдігерлері туралы мәліметтер жинақталған 5 томдықты сыйға тартып, "Алғыс хат" табыстады.
Осыдан соң жылжымалы көрменің тұсаукесер лентасын қию құрметі Атырау облысы Мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының уақытша міндетін атқарушы Асия Қыстаубаева, Отырар» мемлекеттік археологиялық музей-қорығының директоры Жанкелді Махашов, Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейі басшысының міндетін атқарушы Динара Бисембаеваларға берілді. Шара барысында Құрманғазы мәдениет сарайының өнерпаздары өз өнерлерін көпшілікке ұсынды.
Атырау қаласы тұрғындары мен қонақтарына Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан ортағасырлық Отырар қаласы туралы мәлімет беріп, тарихи терең қалада жүргізілген қазба жұмыстары кезінде табылған құнды жәдігерлерді көпшілікке ұсынған көрме музейде 4-29 тамыз аралығында музейге келуші меймандарға қызмет көрсетті. Әйгілі ойшыл Әл-Фараби дүниеге келген Отырар шаһары туралы толымды мәліметтер ұсынған көрмеде ортағасырлық қаладан табылған X-XII ғасырға тиесілі тұғырлы майшам түрлері, сан алуан үлгіде жасалған тұтқалы қазандар мен құмыралар, су құбырының бөлшектері, сәнді саптыаяқтар, түрлі пішіндегі қақпақтар, тостаған мен табақ түрлері, сиясауыт пен кесе, моншақтар мен түймелер коллекциясы ұсынылды. Сонымен қатар мұнда көне қаладан табылған Ташкент, Яссы, Бұқара, Самарқанд, Шағатай, Қараханид, Қытай теңгелері мен дирхемдері жұртшылық назарына қойылды. Көрермендер көрмеден Аламбик шынысынан жасалған түрлі ыдыстар мен шыны вазаларды, көне қала ғимараттарын қаптаған жазулы қаптамалар мен өрнекті кірпіштерді, политра мен сфераконусты, селодан фарфорынан жасалған Қытай ыдыстарын тамашалай алды. Қала орнынан табылған «Диуани Хикмет» еңбегі мен сол дәуірдегі «Тартиби Зибо» грамматикалық еңбегі, «Мулла Қасым» діни кітаптары да көрменің ажырамас бөлігі болып көпшілік тамашалауына ұсынылды.
Жалпы есеппен 80-нен астам жәдігер хронологиялық тәртіппен жинақталған жылжымалы көрме екі бөлімнен тұрды. Алғашқы бөлімде ІХ-ХІІ ғғ. кезіндегі Отырардың тыныс-тіршілігін баяндайтын зерттеулер нәтижелері мен сол кезеңдерге тән түпнұсқа жәдігерлер жинақталса, екінші бөлімде – әйгілі сұлтан Әмір Темір дәуірі және Қазақ хандығы тұсындағы Отырардың даму кезеңдерінен хабар беретін заттай жәдігерлер жинақталған.

 

«Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейі» КМҚК

 

Атырау қаласы, Б. Момышұлы көшесі, 3

Тел. 8 (7122) 32-36-64, 8 (7122) 32-29-12

Email: atyrau-museum@mail.ru